Облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың бірқатары жүйелі жоспарларын орындап, түптеп келгенде бір мүддені негізге алып әртүрлі көрсеткіште жұмыс жасауда. Әрбіріне сипаттама да, айтылар сын мен сөз де әрқалай. Көпшілік көріп те, нәтижеге орай бағаларын беріп те жатыр. Айталық, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы тарапына айтылар көзқарас оң, пікір жақсы. Әсіресе, соңғы 10 айда атқарылған мардымды жұмыс пен нәтижелі жоспар мәдениет пен спорттың жанкүйерлері үшін қуантарлық деңгейде. Аталған басқармаға Мира Қазбекова келгелі жұмыс жүйеленді, жоспар күрделенді, нәтиже жақсарды.

Дәлел болсын. Биылдыққа мәдени бағытта 14 905 шара ұйымдастырылса, 1322 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілген. Сондай-ақ, тарихи бағыттағы біршама жұмыстар архив тарапынан орындалған. Одан бөлек, аймақтың өнерлі жастарының шығармашылықтарын шыңдауы мен тәжірибе алмасуына орай шет елге жіберілетін жолдамалар саны артты. Тіпті, өзге өңір көрермендері үшін Сыр елінің таланттарын танытуға да жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылып, басқа аймақтың сахнасына шығып өнер көрсетуге де қолайлы сәт туындады.

Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасына басшылыққа келген 10 айда атқарған жұмыстарын жүйелеген Мира Жомартқызы бүгінге дейінгі атқарылған шараларын айқындап, алға қойған жобалары мен жоспарларын пысықтады.

8-9 желтоқсан күндері Астана қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өткізіледі

– Басқармаға қарасты алдағы жаңалықтар мен жоспарлар жайында не дейсіз?

– Жоспар да, жүзеге асып жатқан жұмыстардың нәтижесіне сәйкес жағымды жаңалықтар легі де аз емес. Бірқатарына тоқталайын.

Биылғы жылы Сыр өңірінде бірнеше жылдар бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалды. Бұйыртса, жақын күндері көпшілікке арнайы таныстырылымын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Одан өзге алдағы уақытта «Сыр елі» энциклопедиясы, «Сыр елінің тарихы» кітабы «Қызылорда облысы: 1938- 2023» кітап-альбомы әзірленуде. Сәтін салса, жақында баспадан шығарылып, оқырман назарына ұсынылмақ.

Сондай-ақ, 8-9 желтоқсан күндері Астана қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өткізіледі. Осы орайда Астана қаласындағы жерлестерімізді қолдауға шақырамыз!

Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға тиесілі жаңалықтардың бұл бір тармағы ғана. Шыны керек, аудан, қала көлемінде мәдени бағыттағы шаралар да, спорттық сайыстар да тұрақты түрде жиі өткізіледі. Сала жанашырлары мен жанкүйерлері тиесілі ақпараттармен әркез хабардар деп айта аламыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда.Бүгінгі күні 1189 шығармашылық үйірмеге 19577 бала қамтылса, 190 спорттық секцияға 8486 бала қатысады.

10 айда өңірімізде 1322 бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 123 367 адам қатысты

– Спортта қандай серпіліс бар?

– Спортта серпіліс бар. Оған республикалық,облыстық жарыстарда ғана емес, халықаралық сайыстардан жүлдемен оралып жүрген жеңімпаздарымыз дәлел. Мәселен, спортшыларымыз ҚР чемпионаты мен кубоктарында 1100 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 232 медальға қол жеткіздік. Қуантарлығы, рекордтық көрсеткіш те жоқ емес. Қытай мемлекетінде өткен Азия ойындарына 25 спортшы 13 спорт түрінен қатысып, нәтижесінде дзюдодан 3 қола, стенд атудан 1 қола, каратэден 1 күміс және бокстан 1 күміс жүлде иеленді.

Көк туымызды көкке көтеріп, аймақ ғана емес ел абыройын асқақтатқан спортшыларымыздың атын атап өту біздің міндетіміз болар. Осы жылы Қытай мемлекетінде өткен Пара Азия ойындарына өңірімізден 8 спортшы қатысып,пара дзюдодан 1 алтын, отырып ойнау волейболынан 2 күміс медальге ие болды. Сонымен бірге,Албания мемлекетінде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Ерасыл Сәулебеков екі мәрте әлем чемпионы болса, парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында Олжас Оразалыұлы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, парапауэрлифтингтен Бойка Снежанка әлем чемпионатының алтын медаль иегері болды. Мажарстан мемлекетінде каратэден өткен Әлем чемпионатында облыс спортшысы Мөлдір Жаңбырбай Қазақстан тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатуы келесі жетістік болды.

Спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан барлығы 611спортшы енгізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жақсы көрсеткішті көрсетуде. 2022 жылы 382 спортшы бақ сынаса, биыл екі есе болуының өзі спорт саласына деген қолдаудың көрінісі.

«Қайсар» футбол клубы биылғы жылы Премьер-Лига командалары арасындағы ҚР чемпионатына қатысып, нәтижесінде турнирлік кестеде 6-шы орынға тұрақтағанының өзі үлкен жетістік.

Бұйыртса, келер жылы өткізілетін Жазғы Олимпиада ойындарына бокстан және Паралимпиада ойындарына волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері жолдама алған болатын. Сәттілік серік болса, жергілікті спортшыларымыз бағындырар белес те алда екендігіне сенім басым және басқарма тарапынан қолдау болатынын айта өтейін.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған