Биылғы жылдың қарашасының бас жағында Астанада Қ.Тоқаевтың төрағалығымен түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті өтті. Саммитте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сөз сөйлеп, арнайы келген мемлекеттер басшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ өз сөзінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы “Түркі дәуірі!” ұранымен өтетінін мәлімдеді. Бұл ретте басымдық болып табылатын 8 ұстанымға жеке-жеке тоқталды.

Сондай-ақ саммитте ұйымның қазіргі төрағасы – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.

Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.

«Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау.

Ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз.

Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды. Бұл Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеу керек. Осыған байланысты модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырамын. Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Қазір елдеріміздің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтады. Биыл ұйым мүшелері арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайтуға болады.

Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерімізді тағайындау мәселесін тезірек шешуге шақырамын. Сондай-ақ хатшылық қызметкерлерінің санын көбейту туралы ұсынысты қолдаймыз. Түркі мемлекеттерінің сайлау саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруға болады. Соңғы кезде біздің ұйымға халықаралық және аймақтық құрылымдардың қызығушылығы арта түсті.

Қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Осы орайда мен келесі жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды.

Аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беру керек. Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет. Қазақстан «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынғанын білесіздер. Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болды.

Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз.

Қазақстан жаңа қуат көздерін дамытуға, жаңғыртуға және оны тасымалдау жолын әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Біз геологиялық барлау, қуат өндіру істеріне озық тәжірибені және технологияны енгізуге айрықша көңіл бөлеміз. Мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істегіміз келеді.

(Қ.Тоқаевтың сөзінен ықшамдалды)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған