2021 жылы таза байлығы 590 миллион долларға бағаланған Қайрат Боранбаев 2022 жылы 15 наурызда ұсталып, қамауға алынды. Олигарх пен оның іскер серіктесі Роман Наханов, сондай-ақ «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңгені ұрлады және қылмыстық жолмен табылған қаражатты жымқырды деген айып тағылды.

2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада оларға қатысты сот процесі басталды. 2023-ші жылдың наурыз айының соңында сот оларды кінәлі деп тауып, қазақстандық кәсіпкер мен оның сыбайластарын 8 жылға бас бостандығынан айырды.

2023 жылдың қыркүйек айының ортасында Боранбаев өз кінәсін мойындап, активтерін мемлекетке беріп, тергеумен белсенді түрде жұмыс істей бастады. Содан кейін оның жазасы 6 жылға дейін қысқартылды.

Тағы бір айдан кейін мемлекет қазынасы олигархтың миллиардтаған теңгесімен толықты да, сот түрме жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Қызы Әлима Дариға Назарбаеваның 2020 жылдың тамыз айында қайтыс болған ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.
Ол 2016 жылдан бастап ең бай 15 қазақстандықтың қатарына кірді. 2023 жылдың басында жабылып қалған McDonald’s франшизасын иеленген еді. Оның активтерінің қатарында сауда орталықтары, жылжымайтын мүлік саласындағы және мұнай-газ секторындағы компаниялар бар. Ол ресейлік «Спутник V» вакцинасы шығарылған Қарағанды фармацевтикалық кешенінің де акционері.

Ол енді пробациялық бақылауда болады. Соттың баспасөз қызметі Боранбаев қамауда отырған кезінде өзін оң қырынан көрсетіп, мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтегенін, тергеуге белсенді түрде көмектескенін және жасаған әрекетіне өкінетінін хабарлады.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Қайрат Боранбаев мемлекетке өз еркімен Алматыдағы «Алмалы» сауда ойын-сауық орталығының ғимаратын, мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС-ін, бұл нысандар 33,75 миллиард теңгеге бағаланған, Алматы, Астана және Қарағанды қалаларындағы Fitnation фитнес-клуб желісін, құны 1,4 миллиард теңге болатын Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін, 2,6 миллион тонна мұнай және 13,2 миллион текше метр газ қорына ие құны 35,4 миллиард теңге «Қаражанбас Северный» кен орнын, құны 14 миллиард теңге «Азия Газ Чунджа» газ тарату компаниясын, құны 9 миллиард теңгеден астам «ҚазҚұбырЖөндеу Сервистік Орталығы» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауытын өткізген.

Боранбаевтың жалпы мемлекетке қайтарылған мүлкі 123,5 миллиардтан астам теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн доллардан астам, яғни 30 миллиард теңгеден астам қаражат аударды.

2023 жылдың наурыз айында сот шешімімен кәсіпкерден мемлекет пайдасына құны 686 миллион теңге болатын Алматы қаласындағы Әл-Фараби, 77/7-1 мекенжайындағы коммерциялық үй-жай жер телімімен қоса алғанда; «Халық банк» шотындағы 1,27 миллиард теңге қаражат; «Халық банктегі» түрлі шоттардағы 7 миллион доллардан астам қаражат тәркіленген.

Сонымен қатар 2022 жылдың сәуірінде ол қамауға алынғаннан кейін бір айдан соң оның бақылауындағы ақылы автотұрақтар Алматы әкімдігіне қайтарылды. Бұл «Алматы СпецТехПаркинг сервис» ЖШС-ның 70%-ін және «Alan Parking» ЖШС-ның 100%-ін құрайды.

Қаржы мониторингі агенттігі ақпаратынша қайтарылған дүние-мүлік мемлекеттік органдар мен компаниялардың теңгеріміне беріледі, ал қаражат білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған