Сыр елінде жол мәселесі өзге өңірлерге қарағанда бәсең. Дегенмен, жолға наразылық жоқ емес, бар. Біраз уақыттан бері бірі ескірген, кейбірі тесік жолдар көлік жүргізушілерінің жүйкесіне тиетіні шындық. Бүгінде халықтың бұл қажеттілігі аяқасты қалмай, қала бюджетінен қаржы бөлініп, қаладағы кей көшелерге жаңа жол салынды. Әлі де салынып, жөнделіп жатқаны бар. Қалада атқарылып жатқан жұмыс барысының оңды-солын жіті назарда ұстаған қала әкімі Нұржан Ахатов өткен аптада БАҚ өкілдерімен бірге жол инфрақұрылымының тыныс-тіршілігін бақылады.
Айта кеткен жөн, Нұржан Ахатовтың әкім болып тағайындалғанына екі айдан асты. Шаһар басшысы ретінде алғашқы рет БАҚ өкілдерімен баспасөз турына шығып тұр. Бұған дейін де таңның атысы кештің батысы шаршамай журналистерсіз тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдап, құрылыс алаңына барып, тиісті мамандарға тапсырмалар беріп жүр. Бір сөзбен айтқанда Нұржан Ахатов қала аралаудан шаршамайтын әкім.
Жалпы жол көлік инфрақұрылымы қоғам арасында жиі талқыланып жүргені бесенеден белгілі. Бұл мәселеден Қасым-Жомарт Тоқаев та жергілікті билікке қатаң тапсырма берді.
– Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды, – деген еді ел президенті.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты қолдауы негізінде, аймақ басшысының үйлестіруімен қаланың жол-көлік инфрақұрылымы тұрақты түрде дамуда. Биылдың өзінде жолды жақсартуға 36 млрд. теңге қаражат қаралған. Өткен жылы жолға 12 млрд. теңге екенін ескерсек, биылғы бөлінген қаржының үш есеге артқанын, сәйкесінше, талап пен жауапкершіліктің көбірек жүктелгенін аңғардық. Бөлінген қаражатқа қала және оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 99 көше орташа жол жөнделіп, қайта жаңғырып, сонымен қатар жол және көпір құрылыстары салынуда.
Бөлінген бюджеттің мақсатты игерілуіне кей тұрғындар күдіктенуі мүмкін. Қай көшеге қанша қаржы бөлінетінін нақтылап, анықтағанда бұл күдіктің бекер екенін аңғарамыз.. Қала бойынша бөлінген 36 млдр. теңгенің 34,5 млрд. теңгесі 59 көшенің орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту, жол және көпір құрылыстарын салу жұмысы жүргізілуде. Қалған 1,5. млрд. теңгеге Кент және ауылдық округтерге 40 көшенің жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 33 көшеге жол жөндеу жұмыстарына 942,8 млн. теңге бөлінген.
Әуежай жолы және Шиелі ауданынан қалаға кіреберіс айналма көпірден аспалы көпірге дейінгі аралықтың кеңейтіліп жатқанынан қалалықтар хабардар. Сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи көшесі мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшесі қайта жаңғыртылуда.
Айта кету қажет, қаладағы ең ұзын көшелердің бірі есептелетін Е.Көшербаев көшесі де 434 млн. теңгеге қайта жаңғыртылып пайдалануға берілді. Көлік қозғалысы көп көшелерді жарамдылық мерзімінен өткізіп алмай, тыңғылықты жөндеп отыру басты міндет.
Құны 350 млн. теңгеге М.Шоқай және Қорқыт ата көшесінің 5.5 шақырымы 4 жолақтыға ауыстырылып, жүріс бөлігінің ені 14 метрге кеңейтілді.
Қала көшелеріндегі жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары кесірінен оқушылардың сабаққа уақытылы баруы қиынға соғып жатқаны анық. Сонымен қатар автобустардың да бағыты өзгеріп, жол ұзарып жатқаны мәлім. Десе де, мұның бәрі – уақытша қиыншылық. Сәл күтсек, жаңарған байырғы жолдармен діттеген жерімізге уақытылы жету қиындық тудырмайды. Есесіне, сапалы жолмен межелі жерге тез жетуге мүмкіндік жасалмақ.
Көпшіліктің сұрауымен ұзындығы 9,6 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жезқазған» бағытының қалаішілік автомобиль жолын да жөндеу күн тәртібіне енгізілген. Аталған бастамаға «ҚазАвтоЖол» 2,7 млрд. теңге бөлгелі отыр. Бүгінде мемлекеттің сатып алу конкурсы жарияланды.
Жол мәселесінен туындаған өзгерістер мұнымен тоқтап қалмайды. Көптен бері тұрғындар Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі жолды сынға алып, талап-тілегін айтқан – тұғын. Бұл жолдар да алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтіп, халықтың мұң-мұқтажы жауапсыз қалмайды.
Жақында ғана магистралды көшелердің бірі – Жаппасбай батыр көшесі қайта жаңғыртылып, 4 жолақтыға ауыстырылды. Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы дейінгі аралыққа су жаңа жол салынып, көлік ағыны ретке келіп қалды.
Баспасөз туры барысында қала әкімі Нұржан Ахатов та қала көшелеріндегі жолдардың бағытын пысықтап, жол инфрақұрылымының маңызын алға тартты.
– Мемлекет басшысының, үкіметтің қолдауы мен аймақ басшысының үйлестіруімен биыл қаламызда жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта 36 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қала ішіндегі, кент-ауылдардағы 99 көше орташа жөндеу мен қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Енді халық көбірек шоғырланған жерлердің жолына екпін қойып отырмыз, – дейді қала басшысы.
Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз-барлауда жол инфрақұрылымының Сыр өңірінде дамып, жаңа технологиялардың іске қосылғанын байқадық. Құрылыс мамандары күн-түн демей, ел игілігі үшін тер төгіп жатыр. Жалпы Қызылордада жол мәселесі өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда алда екенін қаладан қалаға қатынайтын жүргізушілер ұдайы айтып отырады. Біршама уақыт жемқорлықтың карикатурасы, басты прототипі саналған жол мәселесінің аяққа тұрып, оң өзгеріске ұшырағаны шынымен көңіл қуантады. Іс аяқсыз қалмаса дейміз.