Қызылорданың бүгінгі тынысы мен болашаққа бағытталған жоспарлары ең алдымен қалада жүзеге асырылып жатқан құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардан көрінеді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы аясында өңірге инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және әлеуметтік нысандарды көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Биылдың өзінде қала тұрғындары үшін бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Инклюзивті спорт орталығы, «Достық үйі», «Құзыреттілік орталығы», «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы және Ботаникалық бақ бар. Бұл нысандар білім беру, спорт, әлеуметтік қолдау және қоғамдық демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Сонымен қатар шаһардың мәдени және медициналық инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілуде. Қазіргі уақытта Президенттік кітапхана, драма театрдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ашылған Президент саябағы қала тұрғындары мен қонақтарының тынығуына арналған қолайлы демалыс орны болуда.
Көлік қатынасын жақсарту және қаланың екі бөлігін байланыстыру мақсатында сол жағалауға апаратын жаңа автожол көпірі мен ерекше сәулеттік үлгідегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жалғасуда. Бұған қоса Президент саябағы маңында заманауи аквапарк салу жұмыстары басталды. Тағы қуантарлық жоспарлардың бірі ретінде жыл соңына дейін «Қызылорда Арена» спорт кешенінің пайдалануға берілетінін де атап өтуге болады.
Қызылорданың екі ғасырлық белесі – бүгінін бағалап қана қоймай, келешегіне де көз жүгіртетін маңызды кезең. Тарихи сабақтастықты сақтай отырып, жаңа өндіріс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру шаһардың алдағы өркендеуіне негіз болады. Айта кетейік, жүзеге асырылып жатқан жобалар Қызылорда заманауи, әрі өмір сүруге қолайлы қала ретінде қалыптасуға бағытталса, қала күніне орай ұйымдастырылған әр шара мен мерекелік концерт пен құттықтаулар Сыр жұртшылығына деген құрметтің бір белгісі болса керек.
Расында берекелі, ырысты, әрі күрішті өлкеміздегі кезекті және жоспарлы той дүркіреп атап өтілді. Бір ғана гала концерт емес, бірнеше апта бойына қаланың әр бұрышында мерекелік шаралар, спорттық байқаулар және түрлі бағыттағы жиындар мен басқосулар да ұйымдастырылды. Әр жылы әртүрлі деңгей мен форматта өткізілетін қала мерекесі бұл жолы ауқымдылығымен ерекшеленді. Қаламыздың сол жағалауындағы «Қайсар арена» стадионындағы гала-концертке әуелі оң жағалаудың тұрғындары бастап төбе көрсетті.
Салтанатты жиынға облыс басшысы Мұрат Ергешбаевтың бастауымен қаланың өркендеуіне үлес қосқан және әлі де осы негізде жұмыс жасап жүрген бір топ жағалылар мен Құрылтай депутаттары да қатысып, тұрғындарды ортақ мерекемен құттықтады.
«Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» гала концертінде Сыр елінен шыққан өнер адамдары мен елімізге танымал әншілер өнер көрсетіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мәселен «KESH YOU» тобы, ALEM, Қазыбек Құрайыш, Үкітай Ерниязов, Балжан Бидаш ән шырқаса, кеш тізгініне Сырдан шыққан танымал жүргізушілер жауапты болды. Қаланың құрылу тарихымен бүгінін бейнелеген гала-концерт мерекелік отшашумен қорытындыланды.
Концерт жүргізушісі Ғалымжан Кеңшілік:
-Қызылордалықтар жыл сайын Қала күнін ерекше ықыласпен атап өтеді. Бүгін біз де осы мерекеге өз үлесімізді қосып, туған жеріміздің тұрғындарын құттықтауға арнайы келдік. Шақыртуларыңызға рақмет!
Сыр жұртын, барша қызылордалықтарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Біз туған жерден жырақта жүрсек те, қызылордалық екенімізді әрдайым мақтанышпен айтамыз. Қаламыздың күннен-күнге өсіп, өркендеп, көркейіп келе жатқанына шын жүректен қуанамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызға амандық тілеймін!
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ:
ҚЫЗЫЛОРДА – БАРША СЫРБОЙЫЛЫҚТАРДЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Құрметті қызылордалықтар!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ежелгі Қамысқаладан басталған, Ақмешіт пен Перовск дәуірін бастан өткеріп, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Қызылорда атанған қаламыз – барша сырбойылықтардың мақтанышы.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен жыл басында Қызылордада Ұлттық Құрылтайдың бесінші қорытынды отырысы өтіп, онда еліміздің саяси жаңғыруына қатысты маңызды шешімдер қабылданды.
Бүгінгі күні Қызылорда Президентіміздің ерекше қолдауымен сәулетті де әсем қалаға айналуда. Кейінгі жылдары аймақ экономикасына тартылған инвестицияның ауқымды бөлігі облыс орталығының үлесінде. Қала аумағы бірнеше есе өсіп, инфрақұрылымы жаңаруда.
Көркі көз тартатын ғимараттар бой түзеді, ескі тұрғын үйлер жаңғыртылды, кең көшелер көбейді. Сырттан келген қонақтар «Еліміздегі ең таза қала» деген жоғары баға берді. Қызылорда өмір сүруге жайлы, тұрмыс сапасы жоғары шаһарлардың біріне айналып келеді.
Тарихқа тереңдесек, бір ғасыр бұрын алғашқы астана болған Қызылордада ұлттық өнер мен ғылымның, білім мен баспасөздің алтын қазығы қағылған. Ұлтымызға қазақ атауы қайтарылып, азат ел болуды аңсаған асқақ арман орындалды. Өткені өнегеге, бүгіні берекеге толы, болашағы жарқын бастамалармен айқындалған қаламыздың даму қарқыны көз қуантарлық.
Бүгінгі мерейлі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Баршамызды бақытқа бөлеген Қызылорда өркендей берсін!
Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!
ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ: ЖАҢА ҮЙЛЕР – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Мереке қарсаңында қаланың сол жақ жағалауында бой көтерген тұрғын үйлердің кілті табысталып, 168 отбасы үшін жаңа өмір кезеңі басталмақ. Қуантарлығы, бүгінде сол жағалауда 25 мыңнан астам тұрғын тұрады. Әзірге 136 көпқабатты тұрғын үй болса, 20 әлеуметтік нысан және 13 ірі бизнес нысаны жұмыс істейді. Бұған қоса, тағы 48 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Айта кету керек, соңғы төрт жылда облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7625 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам тұрғын баспаналы болды. Биыл жыл соңына дейін тағы 1950 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жалғасып жатқанын аңғартады.
Тұрғын үйлердің кілтін табыстауға арналған салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов пен Нұркен Бақытбекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жалпы ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын пәтерлердің кілттерін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табыстап, Қызылорданың тарихи маңызына тоқталып, шаһардың бүгінгі өркендеуі өткеннің өнегесімен сабақтас екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи нысандар салу және инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
– «Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаймыз.
Меншікті үй – бұл тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын! Әрбір отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! Қоныстарыңыз құтты, ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шара барысында тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер ұйымның бірқатар қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Құрылтай депутаттары мен қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа қоныс иелеріне ізгі тілектерін арнады.
Қала құрылысына өзіндік үлес қосып, біршама тұрғын үйлердің бой көтеруіне мұрындық болып, бүгінде Құрылтайда ел үмітін арқалаған Нұркен Бақытбекұлы да қуанышы сәттің куәгері болып, жергілікті жұртшылықты құттықтады.
– Қала күні қарсаңында Сыр жұртшылығының қуанышты сәтіне ортақтасып, облыс орталығының сол жағалауында бой көтерген 168 пәтерлі екі тұрғын үйдің пайдалануға берілу рәсіміне қатыстық. Ең бастысы – көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, жаңа өмірге қадам басқан отбасылардың қуанышын көрдік.
Баспана – бақ-берекенің бастауы, отбасының тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімінің тірегі. Әрбір отбасының өз шаңырағына ие болуы – ел дамуының, халыққа жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Жаңа қоныс иелерінің қуанышы баршамызға ортақ!
Бүгінде Қызылорданың сол жағалауы қарқынды дамып, заманауи тұрғын үйлермен, әлеуметтік нысандармен толығып келеді. Қаланың ажары артып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасып жатқаны қуантады. Бұл – туған жеріміздің өсіп-өркендеуінің айқын белгісі.
Сыр елінің мерейі үстем, Қызылордамыз көркейе берсін! Жаңа қоныс иелеріне құтты қоныс, шаңырақтарына шаттық пен береке тілеймін! Қоныс құтты болсын, ағайын!, – деді Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы.
Сондай-ақ, пәтер кілтін табыстаушылардың қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы да бар. Шараға қатысқан ол да өз әсерімен бөлісті.
ОБЛЫС ӘКІМІ МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ:
Бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – тарихи сабақтастықтың жалғасы

-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қызылорда – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. Осы өлкеде Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорда – сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы», – деді.
Бұл – бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған, ұлт тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданған қасиетті мекен. Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда топырағында ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары тағдыршешті қадамдарға барып, болашаққа бағдар жасағаны тарихтан белгілі.
Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Кейінгі жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Бүгінгі мерейлі мереке Өздеріңізге арналады. Сүйікті қаламыз көркейе берсін! Қызылордамыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын! Арман-мақсаттарымыз орындалсын! Халқымыз аман, бірлігіміз бекем болсын! Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы :
Шын жүректен қуанамын…
– Қаланың көркеюі халықтың қуанышынан көрінеді. Қаламыздың әрбір жақсы өзгерісіне қарап, Қасиетті Сыр өңірінің перзенті ретінде шын жүректен қуанамын. Әсіресе, сол жағалаудың бүгінгі келбеті көңіл қуантады. Бір кездері бос жатқан аумақта бүгінде жаңа тұрғын үйлер, білім беру және әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тыныс-тіршілігі жанданған қаламыздың көрікті бөлігіне айналды. Қала деген тек ғимараттар мен көшелер емес. Оның ең үлкен байлығы – адамдары. Сондықтан әрбір жаңа нысанның, жүзеге асқан игі бастаманың халықтың тұрмысына оң әсер еткені маңызды. Бүгін Қала күніне орай жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасқанда осыны тағы бір сезіндік. Қаланың көркеюі бір бөлек, ал сол өзгерістердің адамдарға қуаныш сыйлап, өміріне жақсылық әкелуі – тіпті бөлек бақыт. Әрине, алда атқарылар жұмыстар әлі де көп. Ең бастысы, қаламыздың дамуы жалғасын тауып, әрбір игі істің нәтижесін халық көре берсін.
Қаламыздың бүгінгі келбетіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс! Қызылордамыздың мерейі артып, әр шаңырағында береке, әр тұрғынының жүрегінде ертеңге деген сенім болсын!
Қала күнің құтты болсын, сүйікті Қызылордам!
А.Әлиарыстан