Қазақ халқы ертеден-ақ дауларды бітіммен шешуге ынталы болған. Тарихымызды қарап отырсақ, абыз ақсақалдарымыз, би-шешендеріміз халық арасында дау-жанжалдарды болдырмауға, болған күннің өзінде екі жаққа да қолайлы келісіммен шешуге ұмтылған. Мұның өзі ежелден татулық деген асыл қасиетті әрдайым абзал тұтқанымызды көрсетеді.

Бойымыздағы осы қасиет бүгінде көптеген дауды бітіммен шешуге өз септігін тигізіп отыр. Сондай істердің бірі Қызылорда облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында қаралды.

Істің мән-жайына келсек, Жалағаш кенті әкімінің шешімімен жеке кәсіпкер әйел А.-ға «Тамақ тауарларын шығару цехы» құрылысы үшін жер учаскесі уақытша жер пайдалану құқығымен белгілі мерзімге дейін табысталған.

Осының негізінде жеке кәсіпкер мен жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесін белгілі мерзімге дейін жалға беру шарты жасалған.

Дегенмен, шарттың мерзімі аяқталуына байланысты А.-ға уақытша пайдалануға берілген жерді пайдалану құқығы тоқтатылған. Жеке кәсіпкер өзіне табысталған жер учаскесін жаңа мерзімге табыстау туралы өтініш келтірген. Алайда, кенті әкімі жер учаскесін жалға алу шартының мерзімі аяқталуына байланысты жер учаскесін жаңа мерзімге табыстаудан бас тартылғанын хабарлаған.

Жеке кәсіпкер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Ол өзінің талап қоюында жер учаскесіне құрылыс салып қойғанын, бірақ денсаулығына байланысты оны аяқтай алмағанын, қазіргі күні оны бітіруге мүмкіндігі бар екенін көрсетіп, кент әкімінің жерді жалға алу мерзімін ұзартудан бас тарту әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.

Бірінші саты соты А.-ның талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

Алайда А. бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағыммен жүгінген.

Дегенмен, тараптар сотқа дауласып келіп, әкімшілік сот алқасының отырысында дауды бітіммен аяқтау туралы келісімге келгендерін көрсетіп, араларындағы медиациялық келісімді бекітуді сұраған.

Осыған байланысты, апелляциялық сот отырысында тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі бекітілген. Келісімге сәйкес, кенті әкімдігі мен жер қатынастары бөлімі жеке кәсіпкерге жер учаскесін жалға беру үшін жаңа мерзімге шарт жасасуға міндеттенсе, жеке кәсіпкер жер учаскесіндегі құрылысты көрсетілген мерзімге дейін аяқтауға міндеттенген.

Осылайша, жеке кәсіпкер мен мемлекеттік мекемелер арасындағы жер дауы бітімгершілік рәсімімен аяқталды.

Шолпан Маликова, Қызылорда облыстық сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған