Banner

Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғам­дық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйым­­дары өкілдерінің басын бірік­тіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтеді. Осылайша, құры­лым форматы өзгергенімен, жалпы­ұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағы­ты ретінде сақталады.

Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару баста­масын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек халықтың үніне құлақ асу мемле­кеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады.

Елімізде жүргізілген реформа­лардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекет­тік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағды­рына әсер ететін маңызды мәселе­лер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті.

Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек. Қазір­дің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты теже­мелік және теңгерім жүйесін қалыптастырды, мемлекеттік бас­қару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз. Ал рефор­ма­лардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығару­шы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінен ықшамдалды

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған