Banner

Сонымен қатар жаңғырту жұмыс­тары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетік­терін де қарастырады. Құрыл­тайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді.

Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін.

Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отыры­сында мен толыққанды e-Parlament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет.

Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешім­нің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек. Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құрал­дарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді.

Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты норма­тивтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.

***

Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және инс­титуционалдық дәстүрді сақ­тап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс. Еліміз­дің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың негізгі мақсаты – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу. Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін.

***

Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрыл­тайдың қызметіне қарап бағалайды. Осындай маңызды сәтте мен тағы бір мәрте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіре­мін. Себебі сіздер мемлекетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер.

Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінен ықшамдалды

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған