Ұлағатты ұстаздар қауымына жақсы жаңалық. 3 айға жуық басшысыз болған білім басқармасына жаңа басшы келді. Облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысы білім басқармасы басшысы лауазымына Асқарбек Есжанов тағайындалды. Актив отырысында жаңа басшыны облыс әкімі таныстырып өтті.

– Асқарбек Темірбекұлы барлығыңызға жақсы таныс. Мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, білім-білігі жоғары, әлеуеті зор кадр. Түрлі салаларда жинаған мол тәжірибесімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ел дамуы жолында аянбай еңбек ететін мықты маман, тегеурінді басшы ретінде өзін көрсете білді. Бұған дейін де осы салада еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған маман ретінде күрделі де, жауапты жұмыста жоғары нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізеді деп сенім білдіреміз», – деді аймақ басшысы.

«Ат айналып қазығын табады» демекші Асқарбек Темірбекұлы білім саласында да абыройлы қызмет атқарғанын айта кету керек. Бұған дейін біраз лауазымды қызметтерді атқарған Асқарбек Есжанов бұл саладан алыс емес деген сөз. 1999-і жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «тарих және құқық пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Өз қызметін Қызылорда экология және құқық колледжінің оқытушысы болып бастаған. Әр жылдары облыстық мәдениет басқармасында, облыстық білім департаменті мен соттар әкімшісінде түрлі жауапты лауазымдарда қызмет атқарған. 2007-2010 жылдары Қызылорда қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары болғанын, 2015-2020 жылдары Қызылорда қалалық білім бөлімін басқарғанын айта кеткен жөн болар. А. Есжановтың өмір тарихында: қала әкімінің орынбасары, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы секілді басқа да қызметтерді атқарғаны белгілі. Соңғы атқарған лауазымды қызметі Жалағаш ауданының әкімі. Жалпы 1,5 жыл Жалағаш ауданын әкім болып жақсы басқарды. Тіпті аудан көрсеткіштерін облыста көшбасшы деңгейіне жеткізді. Әкім лауазымын абыроймен атқарып, елдің батасын алып кетті десек артық болмайды. Жалағаш ауданына қарасты барлық ауылдардың әл-ауқатымен танысып, мәселелерді жіті бақылауында ұстады.

Білім басшысы болғанына 1 аптадай уақыт өтті. Асқарбек Есжанов өз жұмысына тыңғылықты кірісіп кеткенін байқадық. Облыстық білім басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасына қарасақ, білім басшысы Жаңақорған ауданында болып, аудан бойынша білім бөлімі басшысының міндетін атқарушыны тағайындап кетті. Сонымен қатар аудан әкімінің қатысуымен және білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті. Тіпті жаңа қызметтегі өзінің орынбасарын тағайындап та үлгерді. Мемлекет басшысы «Міндет- жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу» деген болатын. Ендеше оның ұрпақ тәрбиелеу жолындағы бастамаларына тек қана сәттілік тілейміз!

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған