Бізде, мемлекеттік қызметте бірқатар проблемалар бар. Ең алдымен бұл мемлекеттік қызметтердегі сапаның төмендігі. Бір күнде 450 бұзушылық орын алады. Құжат айналымы деңгейін бюрократия деуге де болады, 1 қызметкерге келетін құжаттар саны 500-ге жетіп жығылады,- деді Елбасы.

Мәселен, өткен жылы қазақстандықтар мемлекеттік органдардың талаптары бойынша 22 млн. анықтама тапсырғандығын баса айтқан Мемлекет басшысы: Қазақстанның барлық халқынан да көп. Бұл қалай болғаны? Бұл тіпті, біз электронды құжат айналымы жүйесі мен ХҚКО-ларды белсенді дамытып отырғанның өзінде-ақ орын алуда. Мен өзімнің аппаратыма сауал қоямын: ХҚКО-лардың, электронды үкіметтің жұмысы қайда? Бюрократизм бұл мемлекеттік басқару жүйесіндегі жұмыстың нормадан тыс болу проблемаларының бірі,- деді. Бұл ретте ҚР Президенті өз тапсырмасымен Мемлекеттік қызметтер туралы заңның қабылданғанын атап өтіп, бұл заң әрбір мемлекеттік қызметшінің үстел кітабына айналуы тиістігін баса айтты.

Президент «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттары форма мәнінің басымдығын, бастапқы қалпы бойынша цифрландыруды, басқарушылық жауапкершілікті, үздіксіз жетілдіруді, регламенттеудің оңтайлылығын айқындайды.

Жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылған. Бұл шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады. Атап айтқанда, жүктелген міндеттерді жылдам жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді өздерінің функцияларын заңнамалық деңгейде нақтылап жатпай-ақ қабылдауға құқық беріледі.

Кешенді реинжиниринг негізінде норма шығару және бюджет үдерістерінің мерзімдері мен кезеңдері екі есе қысқарады. Сонымен қатар ведомстволық есеп беру ісін жүйелеу және автоматтандыру; ақпараттық жүйелерде бар мәліметтерді мемлекеттік органдардың сұратуына тыйым салынады; қағаз түріндегі құжаттарға бұрыштама соғу және олардың парақтарына алдын ала қол қою жойылады; өкілеттіктерді орта деңгейдегі басқару буынына беру; қашықтан жұмыс істеу үшін мемлекеттік органдардың басшыларын құралдармен қамтамасыз етіп, жағдай жасау және басқа да мәселелер қарастырылады.

Бюрократиядан арылту ісінде мемлекеттік басқарудың барлық саласын цифрлық трансформациялау және жүйелік реинжинирингтеу маңызды саналады. Бұл жұмыстардың негізгі бенефициарлары азаматтар болады. Бұдан бөлек Жарлықта қамтылған шаралар түпкілікті нәтижеге әсер етпейтін, бірақ мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын мемлекеттік аппараттың тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.

Ақжан Бахытбек

Қорқыт ата Университетінің 3 курс студенті

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған