Бүгінде жасанды интеллект пен цифрландыру өміріміздің барлық саласына тың серпін беруде. Жаңа технологияның басты құндылығы оның күрделігінде емес, адам өмірін жеңілдетіп, қоғам игілігіне қызмет етуінде. Осы бағытта жыл сайын Қызылорда облысы әкімі қолдауымен өтетін ИННОФЕСТ фестивалі өз үлесін қосуда.

Бүгін сіздерге Қызылорда облысында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан INNOFEST QYZYLORDA инновациялық жобалар фестивалінің биылғы ерекшеліктері туралы ақпарат бергім келеді. Ең алдымен, INNOFEST – жай ғана жастар арасындағы байқау емес. Бұл – өңіріміздегі IT саласын дамытуға, жас таланттарды анықтауға, жаңа технологияларды меңгеруге және инновациялық идеяларды нақты жобаларға айналдыруға бағытталған маңызды алаң.

Фестивальдің тарихына тоқталсақ, бұл бастама бірнеше жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мәселен, ең алғашқы фестивальге 500-ге жуық жас қатысса, жыл сайын қатысушылар саны артып, осы күнге дейін 5 мыңға жуық жастар қатысқан. Бұл көрсеткіштер өңірімізде IT мен инновацияға қызығушылық танытатын жастардың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.

Биылғы INNOFEST QYZYLORDA 2026 фестивалі 4–5 желтоқсан күндері Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында өтеді. Биыл фестивальдің ауқымы кеңейіп, республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Ең басты ерекшелігі – жасанды интеллект технологияларына басымдық беріледі. Қатысушылар үш негізгі бағыт бойынша бақ сынайды.

Біріншісі – AI Software. Бұл бағытта жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалар, мобильді қосымшалар және цифрлық шешімдер әзірленеді.

Екіншісі – AI Hardware. Мұнда робототехника, ақылды құрылғылар, сенсорлар, IoT және басқа да аппараттық-технологиялық жобалар ұсынылады.

Үшіншісі – AI Media. Бұл бағытта жасанды интеллект көмегімен бейнеөнімдер, анимациялар және цифрлық контент әзірлеуге мүмкіндік беріледі.

Фестивальдің басты ерекшелігі – қатысушылар 24 сағат ішінде өз идеяларын дамытып, нақты прототип жасап, оны сарапшылар алдында қорғайды.

Биылғы фестивальдің жалпы жүлде қоры 6 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар жеңімпаздарға жоғары оқу орындарының білім гранттары мен серіктестердің арнайы сыйлықтары қарастырылған.

Біз үшін фестивальдің маңызы тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді.

Басты мақсатымыз – жастардың бойындағы шығармашылық және технологиялық қабілеттерді дамыту, олардың өз идеяларына сенуіне мүмкіндік беру және болашақ IT мамандарының қалыптасуына жағдай жасау.

Сонымен қатар, біз үшін ауыл жастарын инновациялық ортаға тарту да маңызды. Себебі таланттың мекенжайы болмайды. Қандай да бір жақсы идея тек үлкен қалаларда ғана пайда болады деген түсінік болмауы керек.

Біздің міндетіміз – жастарға мүмкіндік беру, олардың жобаларын қолдау және болашақта сол жобалардың нақты нәтижеге айналуына жағдай жасау.

Тағы бір маңызды бағыт – фестивальде ұсынылған үздік жобаларды іс-шара аяқталғаннан кейін де назардан тыс қалдырмау. Оларды дамыту, сарапшылармен жұмыс істеу, әлеуетті серіктестермен байланыстыру және өңірдің қажеттіліктеріне бейімдеу мәселелеріне көңіл бөлеміз.

Бүгінгі таңда жасанды интеллект әлемдік дамудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Сондықтан біз жастарды тек дайын технологияларды пайдалануға емес, өздері жаңа технологиялық өнімдер мен шешімдер жасай алатын деңгейге жеткізуді көздейміз.

INNOFEST QYZYLORDA – осы мақсатқа бағытталған нақты қадам.

Барша IT саласына қызығушылығы бар жастарды, студенттерді, жас кәсіпкерлерді, бағдарламашыларды, инженерлер мен креативті мамандарды фестивальге қатысуға шақырамыз.

Идеяларыңызды ұсыныңыздар, командаларыңызды жинаңыздар, мүмкіндікті пайдаланыңыздар!

Біздің өңірден де республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті IT өнімдер шығуы керек.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған