Қызылорданың бүгінгі тынысы мен болашаққа бағытталған жоспар­лары ең алдымен қалада жүзеге асырылып жатқан құрылыс және инфра­құрылым­дық жобалардан көрінеді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы аясында өңірге инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және әлеуметтік нысандарды көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Биылдың өзінде қала тұрғындары үшін бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Инклюзивті спорт орталығы, «Достық үйі», «Құзыреттілік орталығы», «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы және Ботаникалық бақ бар. Бұл нысандар білім беру, спорт, әлеуметтік қолдау және қоғамдық демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар шаһардың мәдени және медициналық инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілуде. Қазіргі уақытта Президенттік кітапхана, драма театрдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ашылған Президент саябағы қала тұрғындары мен қонақтарының тынығуына арналған қолайлы демалыс орны болуда.

Көлік қатынасын жақсарту және қаланың екі бөлігін байланыстыру мақсатында сол жағалауға апаратын жаңа автожол көпірі мен ерекше сәулеттік үлгідегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жалғасуда. Бұған қоса Президент саябағы маңында заманауи аквапарк салу жұмыс­тары басталды. Тағы қуантарлық жоспар­лардың бірі ретінде жыл соңына дейін «Қызылорда Арена» спорт кешенінің пайдалануға берілетінін де атап өтуге болады.

Қызылорданың екі ғасырлық белесі – бүгінін бағалап қана қоймай,  келешегіне де көз жүгіртетін маңызды кезең. Тарихи сабақтастықты сақтай отырып, жаңа өндіріс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру шаһардың алдағы өркендеуіне негіз болады. Айта кетейік, жүзеге асырылып жатқан жобалар Қызылорда заманауи, әрі өмір сүруге қолайлы қала ретінде қалыптасуға бағытталса, қала күніне орай ұйымдастырылған әр шара мен мерекелік концерт пен құттықтаулар Сыр жұртшылығына деген құрметтің бір белгісі болса керек.

Расында берекелі, ырысты, әрі күрішті өлкеміздегі кезекті және жоспарлы той дүркіреп атап өтілді. Бір ғана гала концерт емес, бір­неше апта бойына қаланың әр бұрышын­да мерекелік шаралар, спорттық байқаулар және түрлі бағыттағы жиындар мен басқосулар да ұйымдас­ты­рылды. Әр жылы әртүрлі деңгей мен форматта өткізілетін қала мерекесі бұл жолы ауқымдылығымен ерекшеленді. Қаламыздың сол жағалауындағы «Қайсар арена» стадионындағы гала-концертке әуелі оң жағалаудың тұрғындары бастап төбе көрсетті.

Салтанатты жиынға облыс басшысы Мұрат Ергешбаевтың бастауымен қаланың өркендеуіне үлес қосқан және әлі де осы негізде жұмыс жасап жүрген бір топ жағалылар мен Құрылтай депутаттары да қатысып, тұрғындарды ортақ мерекемен құттықтады.

 «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» гала концертінде Сыр елінен шыққан өнер адамдары мен елімізге танымал әншілер өнер көрсетіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мәселен «KESH YOU» тобы, ALEM, Қазыбек Құрайыш, Үкітай Ерниязов, Балжан Бидаш ән шырқаса, кеш тізгініне Сырдан шыққан танымал жүргізушілер жауапты болды. Қаланың құрылу тарихымен бүгінін бейнелеген гала-концерт мерекелік отшашумен қорытындыланды.

Концерт жүргізушісі Ғалымжан Кеңшілік:

-Қызылордалықтар жыл сайын Қала күнін ерекше ықыласпен атап өтеді. Бүгін біз де осы мерекеге өз үлесімізді қосып, туған жеріміздің тұрғындарын құттықтауға арнайы келдік. Шақыртуларыңызға рақмет!

Сыр жұртын, барша қызылордалық­тарды айтулы мерекемен шын жүрек­тен құттықтаймын! Біз туған жерден жырақта жүрсек те, қызылордалық екенімізді әрдайым мақтанышпен айтамыз. Қаламыздың күннен-күнге өсіп, өркендеп, көркейіп келе жатқанына шын жүректен қуанамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызға амандық тілеймін!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ:

ҚЫЗЫЛОРДА – БАРША СЫРБОЙЫЛЫҚТАРДЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Құрметті қызылордалықтар!

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ежелгі Қамысқаладан басталған, Ақмешіт пен Перовск дәуірін бастан өткеріп, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Қызылорда атанған қаламыз – барша сырбойылықтардың мақтанышы.

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен жыл басында Қызылордада Ұлттық Құрылтайдың бесінші қорытынды отырысы өтіп, онда еліміздің саяси жаңғыруына қатысты маңызды шешімдер қабылданды.

Бүгінгі күні Қызылорда Президен­тіміздің ерекше қолдауымен сәулетті де әсем қалаға айналуда. Кейінгі жыл­дары аймақ экономикасына тартылған инвестицияның ауқымды бөлігі облыс орталығының үлесінде. Қала аумағы бірнеше есе өсіп, инфрақұры­лымы жаңаруда.

Көркі көз тартатын ғимарат­тар бой түзеді, ескі тұрғын үйлер жаңғыртылды, кең көшелер көбейді. Сырттан келген қонақтар «Еліміздегі ең таза қала» деген жоғары баға берді. Қызылорда өмір сүруге жайлы, тұрмыс сапасы жоғары шаһарлардың біріне айналып келеді.

Тарихқа тереңдесек, бір ғасыр бұрын алғашқы астана болған Қызыл­ордада ұлттық өнер мен ғылымның, білім мен баспасөздің алтын қазығы қағылған. Ұлтымызға қазақ атауы қайтарылып, азат ел болуды аңсаған асқақ арман орындалды. Өткені өнегеге, бүгіні берекеге толы, болашағы жарқын бастамалармен айқындалған қаламыздың даму қарқыны көз қуантарлық.

Бүгінгі мерейлі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Баршамызды бақытқа бөлеген Қызылорда өркендей берсін!

Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ: ЖАҢА ҮЙЛЕР – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Мереке қарсаңында қаланың сол жақ жағалауында бой көтерген тұрғын үйлердің кілті табысталып,  168 отбасы үшін жаңа өмір кезеңі басталмақ. Қуантарлығы, бүгінде сол жағалауда 25 мыңнан астам тұрғын тұрады. Әзірге 136 көпқабатты тұрғын үй болса, 20 әлеуметтік нысан және 13 ірі бизнес нысаны жұмыс істейді. Бұған қоса, тағы 48 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Айта кету керек, соңғы төрт жылда облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7625 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам тұрғын баспаналы болды. Биыл жыл соңына дейін тағы 1950 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жалғасып жатқанын аңғартады.

Тұрғын үйлердің кілтін табыстауға арналған салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов пен Нұркен Бақытбекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жалпы ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын пәтерлердің кілттерін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табыс­тап, Қызылорданың тарихи маңызына тоқталып, шаһардың бүгінгі өркендеуі өткеннің өнегесімен сабақтас екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи нысандар салу және инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің экономи­калық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

– «Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Әлеумет­тік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысан­дар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыра­тын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаймыз.

Меншікті үй – бұл тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын! Әрбір отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! Қоныстарыңыз құтты, ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Шара барысында тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер ұйымның бірқатар қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Құрылтай депутаттары мен қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа қоныс иелеріне ізгі тілектерін арнады.

Қала құрылысына өзіндік үлес қосып, біршама тұрғын үйлердің бой көтеруіне мұрындық болып, бүгінде Құрылтайда ел үмітін арқалаған Нұркен Бақытбекұлы да қуанышы сәттің куәгері болып, жергілікті жұртшылықты құттықтады.

– Қала күні қарсаңында Сыр жұртшылығының қуанышты сәтіне ортақтасып, облыс орталығының сол жағалауында бой көтерген 168 пәтерлі екі тұрғын үйдің пайда­лануға берілу рәсіміне қатыстық. Ең бастысы – көптен күткен баспана­ларына қол жеткізіп, жаңа өмірге қадам басқан отбасылардың қуаны­шын көрдік.

Баспана – бақ-берекенің бастауы, отбасының тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімінің тірегі. Әрбір отбасының өз шаңырағына ие болуы – ел дамуының, халыққа жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Жаңа қоныс иелерінің қуанышы баршамызға ортақ!

Бүгінде Қызылорданың сол жағалауы қарқынды дамып, заманауи тұрғын үйлермен, әлеу­меттік нысандармен толығып келеді. Қаланың ажары артып, тұрғын­дар үшін қолайлы орта қалып­тасып жатқаны қуантады. Бұл – туған жеріміздің өсіп-өркендеуінің айқын белгісі.

Сыр елінің мерейі үстем, Қызыл­ордамыз көркейе берсін! Жаңа қоныс иелеріне құтты қоныс, шаңырақтарына шаттық пен береке тілеймін! Қоныс құтты болсын, ағайын!, – деді Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы.

Сондай-ақ, пәтер кілтін табыстау­шы­лардың қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы да бар. Шараға қатысқан ол да өз әсерімен бөлісті.

ОБЛЫС ӘКІМІ МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ:

Бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – тарихи сабақтастықтың жалғасы

-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қызыл­орда – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. Осы өлкеде Шірік Рабат, Жан­кент, Сығанақ қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерін­де дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызыл­орда – сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы», – деді.

Бұл – бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған, ұлт тағдырына қатысты маңызды шешім­дер қабылданған қасиетті мекен. Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда топырағында ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары тағдыршешті қадамдарға барып, болашаққа бағдар жасағаны тарихтан белгілі.

Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Кейінгі жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Бүгінгі мерейлі мереке Өздеріңізге арналады. Сүйікті қаламыз көркейе берсін! Қызылордамыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын! Арман-мақсаттарымыз орындалсын! Халқымыз аман, бірлігіміз бекем болсын! Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы :

Шын жүректен қуанамын…

– Қаланың көркеюі халықтың қуанышынан көрінеді. Қаламыздың әрбір жақсы өзгерісіне қарап, Қасиетті Сыр өңірінің перзенті ретінде шын жүректен қуанамын. Әсіресе, сол жағалаудың бүгінгі келбеті көңіл қуантады. Бір кез­дері бос жатқан аумақта бүгінде жаңа тұрғын үйлер, білім беру және әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тыныс-тіршілігі жанданған қаламыздың көрікті бөлігіне айнал­ды. Қала деген тек ғимараттар мен көшелер емес. Оның ең үлкен байлығы – адамдары. Сондықтан әрбір жаңа нысанның, жүзеге асқан игі бастаманың халықтың тұрмысына оң әсер еткені маңызды. Бүгін Қала күніне орай жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасқанда осыны тағы бір сезіндік. Қаланың көркеюі бір бөлек, ал сол өзгерістердің адамдарға қуаныш сыйлап, өміріне жақсылық әкелуі – тіпті бөлек бақыт. Әрине, алда атқарылар жұмыстар әлі де көп. Ең бастысы, қаламыздың дамуы жалғасын тауып, әрбір игі істің нәтижесін халық көре берсін.

Қаламыздың бүгінгі келбеті­не үлес қосып жүрген барша азамат­тарға алғыс! Қызылордамыз­дың мерейі артып, әр шаңырағында береке, әр тұрғынының жүрегінде ертеңге деген сенім болсын!

Қала күнің құтты болсын, сүйікті Қызылордам!

А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған