Қазақтың ән өнерін ұлықтап, ұлттық руханиятты дәріптеу тек іс-шаралармен шектелмейді. Қаламның күшімен біршама тұлғаның еңбегі мен өмір, өнер және еңбек жолы да тиесінше дәріптеледі. Әріқарай кітап арқылы келер ұрпаққа құнды жәдігер ретінде ұсынылатыны тағы бар…
Осы орайда Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада тағылымды шара өтті. Өнер мен әдебиеттің құнын білетін тұлғалардың басын біріктірген бұл жиында қаламгер, ардагер ұстаз, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Темірбек Әубәкірұлы Есжановтың «Ән қанатындағы өмір» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды.
Темірбек Есжанов – саналы ғұмырын ұстаздыққа, әдеби шығармашылыққа арнаған Сыр өңіріне танымал қаламгер. Оның шығармаларында ел тарихы, адам тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтар кеңінен көрініс табады. Қоғамға тиесілі түйткілді түрлі тақырыптарға арқау болған «Жақсыларда жаттық жоқ», «Көз көрген», «Гауһартас», «Керуен», «Ақ толқын», «Бір нәзік сәуле», «Қызылқұмның қызы», «Ауылдан аттанғандар», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Беласқан» сынды кітаптары да бүгінге дейін оқырманға жол тартқан болатын.
Сөз мәйегін ғана емес, ән өнерінің қадірін де түсінетін қаламгер келесі туындысын өнер саласына бағыттады. Ән – халықтың рухани шежіресі, ұлттың болмысын танытатын баға жетпес мұра. Осы асыл құндылықты арқау еткен «Ән қанатындағы өмір» кітабында қазақтың ән өнері мен өнер адамдарының өмір жолы, шығармашылық мұрасы сөз болады. Автор ұлттық өнердің қадір-қасиетін танытып, әр шығарманың шығу тарихына басымдық беріп, ән әлемінде өзіндік із қалдырған тұлғалардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп, аталмыш туындысын жарыққа шығарған.
Шара барысында Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов қаламгерді кезекті еңбегімен құттықтап, кітаптың маңызына тоқталып, жазушының әдебиет пен руханият саласына қосқан үлесін атап өтті.

Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов:
-Әдебиет – ұлттың рухани байлығы, ал кітап – адамзаттың ақыл-ойы мен асыл мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін баға жетпес қазына. Сол қазынаны көркем сөзбен байытып, оқырманның жүрегіне жол табатын қаламгерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітап оқуды насихаттауға және өскелең ұрпақтың білімге құштарлығын арттыруға ерекше назар аударып келеді. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру -елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, рухани құндылықтарды дамытуға бағытталған ортақ міндет.
Темірбек Әубәкірұлы саналы ғұмырын ұстаздыққа, қоғамдық қызметке, әдебиет пен руханиятқа арнап, ел игілігі жолында абыройлы еңбек етіп келеді. Оның шығармаларында ел өмірі, адам тағдыры, туған жерге сүйіспеншілік пен ұлттық болмыс көрініс табады. Ал жаңа кітабы қазақтың ән өнерін дәріптеп, өнер адамдарының өмір жолы мен шығармашылық мұрасын танытуға бағытталған. Бұл еңбек рухани қазынамызды толықтырып, кейінгі ұрпаққа тағылым береді деп сенеміз.
Басқосу барысында қаламгердің қаламынан туындаған түрлі өлең жолдарын жас ұрпақ нақышына келтіріп оқыса, ақынның замандастары оның шығармашылығы турасында әңгіме қозғады. Сондай- ақ жаңадан жарыққа шыққан кітаптағы жазбалар жайлы сөз болды.
Айта кету керек, «Ән қанатындағы өмір» кітабы арқылы өмір жолының өнермен сабақтастығын, халыққа жол тартар әр әннің өзіндік тағылымды тарихын, өнер адамының өмір жолы, шығармашылық ізденісі бейнеленеді. Әлбетте, бұл туынды оқырманды өнерді құрметтеп, мәдени мұраны бағалауға ғана емес, кітап оқудың құндылығын да дәріптейді.

Осы орайда Темірбек Есжанов қазіргі таңда кітаптың құндылығы және оның оқылымы турасында сөз сөйлеп, жаңа еңбегінің жазылу тарихына тоқталып, жиналған қауымға алғысын білдірді.
– Кітап – адамды ойландырып, білімін толықтыратын, танымын кеңейтетін рухани құрал. Заман өзгеріп, ақпарат тарату тәсілдері жаңарғанымен, кітаптың құндылығы ешқашан жоғалмайды деп сенемін. Жаңа кітабым оқырманның жүрегіне жол тауып, қазақтың ән өнерін танып-білуге деген қызығушылығын арттырса, мен үшін сол үлкен жетістік болмақ.
Бүгін еңбегіме құрмет көрсетіп, жылы пікірлеріңізді білдіріп, жаңа кітабымның тұсаукесеріне жиналған баршаңызға шынайы алғысымды айтамын.
Бұл кітапты жазуыма өнерге деген жақындығым мен ән әлеміне қызығушылығым себеп болды деп ойлаймын. Әкемнің жыраулық өнерін көріп өстім. Отбасымызда домбыра үні мен ән-жырдың орны ерекше еді. Бала кезімнен ұлттық өнердің қадір-қасиетін бойыма сіңірдім. Осындай орта менің өнерге деген ықыласымды арттырып, осы тақырыпқа қалам тартуыма әсер етті.
«Ән қанатындағы өмір» кітабын жазу барысында көп ізденіп, қазақтың ән өнеріне қатысты мәліметтерді жинақтауға күш салдым. Негізгі мақсатым – ұлттық өнерімізді дәріптеп, оның қадірін кейінгі ұрпаққа жеткізу, – деді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Темірбек Әубәкірұлы.
Рухани басқосу барысында ұлттық өнерді насихаттаудың, әншілік дәстүрді сақтаудың және өнер адамдарының өмір жолын кейінгі ұрпаққа танытудың маңызы айқын көрінді. Ән – халықтың жадында сақталған тарих, жүректе тербелген сезім, ұрпаққа аманат болған асыл қазына.

Жиын арқылы қаламгер шығармашылығына құрмет көрсетіліп қана қоймай, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз дәріптелді. «Ән қанатындағы өмір» кітабы қазақтың ән өнерін тереңірек танып, оның рухани құндылығын бағалауға жол ашатын тағылымды еңбек болмақ.
Айта кетейік, қаламгер, журналист, ақын, жазушы ретінде танымал Темірбек Есжанов «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері» атанып, «Астанаға 10 жыл» және «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ «Қызылорда облысының құрметті ардагері» атағына ие болып, үш мәрте жергілікті кеңес депутаты болып сайланған.
Айдана ӘЛИАРЫСТАН