Адам өмірінде дұрыс жол көрсе­тіп, бағыт- бағдар беріп, білім мен ізгі­лікке жетелейтін ұстаз­дар­дың орны ерекше. Ұстаз – шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп қана қоймай, оның тұлға болып қалып­тасуына ықпал ететін, өмір жолында жөн сілтейтін қадірлі жан. Әр адам­ның жүріп өткен жолында өз ізін қалдырған, ақыл- кеңесімен, өнеге­сімен өмірлік бағдар берген ұстазы болады. Менің де кәсіби және ғылыми жолымда ерекше орны бар сондай азаматтың бірі – су ресурстары мен ирригация сала­сының көрнекті өкілі, техника ғылым­­дарының док­торы, профессор, Ауыл шаруашылығы ғылымдары акаде­мия­сының академигі Серікбай Ыдырысұлы Өмірзақов.

Серікбай ағаймен алғаш танысуым 2014 жылдың қазан айында болды. Бізді таныстырған – алғадай азамат, ағалық қамқорлығын аямаған Жанұзақ Байманов ағам еді. Ол кезде Серікбай ағай Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми- зерттеу институтының бас директоры болатын. Ал мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасын тәмамдап, еңбек жолын енді бастағалы тұрған  жас маман едім. Тәжірибесі мол, ғылым мен өндірісті қатар алып жүрген осындай азаматпен танысуым менің өмірімдегі үлкен бетбұрыстардың бірі болды. Алғашқы кездесуден- ақ ағайдың байыпты мінезі, кәсіби білімі, адамға деген қарапайым қарым-қатынасы мен шешендігі ерекше әсер қалдырды. Жанұзақ ағайдың ұсынысы мен Серікбай ағайдың қолдауының арқасында 2014 жылдың қараша айынан бастап Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми- зерттеу институтына лаборант болып жұмысқа қабылдандым. Бұл менің кәсіби жолымдағы аса маңызды кезең еді. Себебі дәл сол уақыттан бастап ғылым саласына біржола қадам басып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тәжірибе жүзінде меңгере бастадым. Институттағы алғашқы күндерім әлі күнге дейін есімде: жаңа орта, жаңа ұжым, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өзіндік тәртібі мен талаптары өзім үшін үлкен мектеп болды. Ал сол ортаға бейімделіп, өзіме сенімді қадам басуыма Серікбай ағайдың қолдауы мен сенімі айрықша әсер етті. Ол кісі жас маманға мүмкіндік беріп қана қоймай, жауапкершілік жүктеп, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасай білетін.

Еңбек жолымда аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, Білім тарату орталығының менеджері сияқты қызметтерді атқардым. Әрбір қызмет мен үшін өзіндік тәжірибе мектебіне айналды. Зертханалық жұмыстардан бастап ғылыми жобаларға, далалық тәжірибелерге, алынған нәтижелерді талдауға және ғылыми ақпараттарды таратуға дейінгі сан алуан бағытта еңбек етуге мүмкіндік алдым.

Ғылымға бастар жол!

2015 жылдан бастап Серікбай ағайдың баста­ма­сымен көптеген жергілікті, отандық және халық­аралық ғылыми жобалар қолға алынып, ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайда­лану, су үнемдеу технологияларын енгізу және егін­шіліктің өнімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады. Сол жылдары Серікбай ағайдың жанында жүріп, ғылыми жобаның қалай ұйымдастырылатынын, тәжірибелік жұмыстардың қалай жүргі­зілетінін, алынған нәтижені өндіріске енгізудің қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіндім. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суару және топырақішілік суару технологияларын зерттеу мен тәжірибеге енгізу бағытында бірқатар жұмыстар атқардық. Сыр өңірі үшін бұл мәселелердің маңызы ерекше. Қызылорда облысының табиғи- климаттық жағдайы күрделі, су ресурстары шектеулі, ал топырақтың тұздану қаупі жоғары. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарын дәстүрлі тәсілмен суару көп мөлшерде суды қажет етеді. Осындай жағдайда суды аз жұмсап, өсімдікке қажетті ылғалды тиімді жеткізудің жаңа жолдарын іздеу аса өзекті. Серікбай ағай ғылыми жобаларға әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Ол кісі үшін ғылыми жоба тек есеп үшін, немесе мақала жариялау үшін жасалатын жұмыс емес еді. Ең бастысы – нақты өндірістік мәселенің шешімін табу, оның нәтижесін шаруашылыққа енгізу. Осы ұстанымын маған да үнемі айтып, түсіндіріп отыратын. Әлі күнге дейін есімде: 2016 жылы күрішті тамшылатып суару бойынша тәжірибе жүргізіп жатқан кезіміз. Далалық жерде тәжірибе танаптарын дайындап, қазық қағып, жіп тартып, танаптарды бөліп, дақылдарды орналастыру жұмыстарымен айналысып жүргенбіз. Менің ойым – тәжірибені дұрыс ұйымдастырып, белгіленген тәр­тіп­пен жүргізу, өсімдіктің жағдайын бақылау және нәтижесін алу. Сол кезде Серікбай ағай маған қарап: «Айналайын, балам, тәжірибе деген тек қазық қағып, жіп байлап, танаптарға бөліп, дақылдарды егу емес. Осы жұмыстардың негізгі нәтижелерін ғылыми тұрғы­дан талдап, басылымдарға мақала етіп жариялау керек», – деді. Бір қарағанда, қарапайым ғана айтылған ақыл сияқты. Бірақ мен үшін бұл сөздің мәні өте терең болды. Сол сәтте ғылыми зерттеудің мәнін бұрынғыдан мүлде басқаша түсіне бастадым. Тәжірибенің нәтижесі тек танаптағы көрсеткіштермен шектелмейтінін, алын­­ған деректерді ғылыми тұрғыдан саралап, жаңа тұжы­рым жасап, оны ғылыми қауымдастыққа ұсыну­дың маңызын ұқтым. Шын мәнінде, ағайдың сол бір ауыз сөзі менің ғылымға деген көзқарасыма үлкен өзгеріс әкелді.

«Біліміңді тереңдетуің керек»

Серікбай ағайдың тағы бір ұстанымы: «Ғылыммен айналысамын десең, біліміңді тереңдетуің керек». Осы кісінің ұсынысы мен ақыл-кеңесінің арқасында 2017–2019 жылдар аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» мамандығы бойынша магистратурада білім алып, оқуымды үздік нәтижемен аяқтадым. Магистратурада оқу мен үшін жай ғана білімнің келесі сатысын алу емес, институтта жинақтаған практикалық тәжірибемді ғылыми тұрғыдан жүйелеуге мүмкіндік берген маңызды кезең болды. Университет қабырғасында жерді мелиорациялау, суару жүйелері, топырақтың мелиоративтік жағдайы, су ресурстарын және жер асты суларын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану мәселелері бойынша білімімді тереңдеттім. Осы кезеңнен бастап ғылыммен бұрынғыдан да тереңірек айналысып, ғылыми- зерттеу жұмыстарына белсенді араласа бастадым.

Ғылым – ізденіс пен жауапкершілік!

Магистратурада алған теориялық білімім мен институтта жинақтаған практикалық тәжірибемді ұштастыра отырып, түрлі ғылыми жобаларды әзірлеуге, жүзеге асыруға және олардың нәтижелерін ғылыми ортаға ұсынуға мүмкіндік туды. Жергілікті деңгейдегі жобалардан бастап гранттық және бағдарламалық- нысаналы қаржыландыру аясындағы ірі ғылыми-зерттеу жобаларына дейін белсенді қатыстым. Әрбір жоба біз үшін жаңа міндет, жаңа ізденіс және жаңа тәжірибе болды. Жобаларды дайындау барысында ғылыми тақырыпты дұрыс қалыптастыруды, зерттеудің мақсаты мен міндеттерін айқындауды, әдістемесін әзірлеуді, тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыруды, алынған нәтижелерді талдауды және ғылыми жарияланымдар дайындауды үйрендім. Серікбай ағайдан алған ең басты сабақтардың бірі – ғылымның нақты нәтижеге бағытталуы. Ғылыми жобаның табысты болуы идеядан бастап нақты нәтижеге дейінгі барлық кезеңнің жүйелі ұйымдастырылуына байланысты. Жоба құжаттарын дайындау, ғылыми жаңалығын негіздеу, күтілетін нәтижелерді айқындау, орындаушылардың жұмысын үйлестіру және белгіленген нәтижелерге қол жеткізу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ағайдың үнемі айтатын ұстанымы да осыған саяды: ғылыми зерттеудің басты нәтижесі – нақты дерек, ғылыми жаңалық және оны өндіріске енгізуге болатын нәтиже. Бұл қағида бүгінде менің де кәсіби ұстанымымның бір бөлігіне айналды.

Ғылым шекара талғамайды

Серікбай Ыдырысұлының ғылыми еңбегі еліміздің шеңберімен ғана шектелмей, халықаралық ғылыми ынтымақтастық бағытында да кеңінен танылды. Ғалым Өзбекстан, Қытай, Филиппин, Ресей, Украина, Германия және тағы басқа да көптеген елдерде өткен халықаралық ғылыми конференцияларға, семинарлар мен симпозиумдарға, ғылыми тағылымдамаларға белсенді қатысты. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, заманауи технологиялар мен ғылыми зерттеу әдістерін зерделей отырып, оларды Қазақстанның, әсіресе Сыр өңірінің табиғи- климаттық және өндірістік жағдайларына бейімдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бұл – Серікбай ағайдың ғалым ретіндегі тағы бір ерекшелігі. Ол шетелдік тәжірибені сол күйінде қабылдаумен шектелмей, оны еліміздің нақты жағдайымен ұштастыруға тырысады.

Ғалымның ғылыми мұрасы

Серікбай Ыдырысұлының ғылыми мұрасы да аса ауқымды. Көп жылғы ғылыми- зерттеу еңбегінің нәтижесінде 250- ден астам ғылыми мақала, оның ішінде халықаралық Scopus деректер базына енген 10 ғылыми мақала, 3 монография, 4 оқу құралы, 12 ғылыми-әдістемелік ұсынымжәне 9 әдістемелік нұсқау жарық көрген. Сонымен қатар ғалымның авторлығымен 9 патент және 10 авторлық куәлік алынған. Бұл көрсеткіштер – бір адамның ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің, ізденісінің және ғылымға деген адалдығының айқын көрінісі. Алайда Серікбай ағайдың ғылыми мұрасын тек осы сандармен бағалау жеткіліксіз деп ойлаймын. Ғалымның шынайы еңбегі артынан ерген шәкірттерінен, ғылыми мектебінен, өндірісте жүзеге асқан идеяларынан және кейінгі буынға қалдырған өнегесінен көрінеді.

Ұстаздың ең үлкен байлығы – шәкірті

Серікбай ағайдың бойындағы ерекше қасиеттердің бірі – адамға сенім арта білуі. Ол кісі жас маманға мүмкіндік береді, бірақ сонымен бірге жауапкершілік жүктейді. Сенім білдіре отырып, ізденуге, қателесуге, қайта үйренуге және өзіңді дамытуға жол ашады. Сондықтан оның жанында жүрген әрбір жас маман өзін жай ғана қызметкер емес, болашақ ғалым ретінде сезінеді. Бүгінде өзім де жас мамандармен бірге еңбек етіп, олардың кәсіби қалыптасуына атсалысып жүрген кезде ұстаздан алған сол тәлімнің мәнін бұрынғыдан да терең түсінемін. Ұстаздың шәкіртіне беретін ең үлкен сыйы – дайын жол емес, өз жолын табуға мүмкіндік беретін бағыт екен. Серікбай ағай маған дәл сондай бағыт көрсетті.

Ұстазға тағзым!

Өзім үшін Серікбай ағай – белгілі ғалым ғана емес, ғылымға жол көрсеткен ұстаз, кәсіби бағыт берген тәлімгер және адамдық, азаматтық қасиетімен үлгі болған дарабоз тұлға. Бүгінде 70 жылдық мерейтойына орай ғалымның өткен жылдарға көз жүгірте отырып, бір нәрсеге анық көз жеткіземін: адамның ғалым ретіндегі жетістігі оның жариялаған еңбектерімен, алған марапаттарымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы биіктігі – артынан ерген шәкірттерімен, берген тәлімімен және кейінгі буынның жүрегінде қалдырған ізінен көрінеді. Серікбай ағайдың бір ауыз сөзі талай ойға қозғау салды. Бір ұсынысы талай мүмкіндікке жол ашты. Ал сенімі талай жас маманның өзіне деген сенімін арттырды. Мен бүгін ғылым жолында келе жатқанымды, ғылыми жобаларға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүргенімді сол жылдардағы ұстазымның қолдауы мен берген бағытымен тікелей байланыстырамын. Шәкірттің әрбір жетістігінің артында оған жол көрсеткен ұстаздың еңбегі тұратыны анық. Сондықтан өзіңіздің шәкіртіңіз болғанымды әрдайым мақтан тұтамын, Серікбай ағай!

70 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын!

Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт және ғылыми ізденіс­теріңізге толағай табыс тілеймін. Ел игілігі жолындағы еселі еңбегіңіздің жемісін көріп, шәкіртте­ріңіздің құрметіне бөленіп, абыройыңыз асқақтай берсін!

Ізгі ниетпен, Ө.С.Баймаханов,
шәкірті , «Қазгидрогеология» ҰГҚ» КЕАҚ
Қызылорда филиалы директорының орынбасары

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған