Сырдария ауданының барлық сайлау учаскелерінде «Бауырсақ пати» атты көңілді іс-шара ұйымдастырылды. Мереке тұрғындарға сайлау науқаны барысында демалыс, жақсы көңіл-күй сыйлап, бірлікті нығайтуға бағытталған.
Іс-шара барысында әр учаскеде қатысушыларға дәстүрлі қазақ тағамы – бауырсақ ұсынылды. Сонымен қатар, жастар мен қарттар үшін шағын ойындар, байқаулар мен викториналар ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенділігі арттырылды.
– Мұндай шаралар тұрғындарды сайлау учаскелеріне тартуға, олардың белсенділігін арттыруға және қоғамдық өмірге қызығушылығын оятуға үлкен септігін тигізеді. Біз әрбір қатысушыны көңілділікпен қарсы алып, бірлік пен достық атмосферасын қалыптастыруға тырысамыз, – дейді ұйымдастырушылар.
«Бауырсақ пати» іс-шарасы тұрғындар арасында жақсы қабылданып, барлық жастағы адамдардың қызығушылығын тудырды. Бұл бастама Сырдария ауданының қоғамдық өміріндегі жағымды дәстүрге айналып, болашақта да жалғасын табатыны сөзсіз.