Қызылорда облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту және «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тұжырымдамасы аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазақ халқы ежелден заңға құрмет пен әділдікті жоғары бағалап, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Бүгінде құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу – құқық қорғау органдарының, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Осы бағытта білім беру ұйымдарына бекітілген полиция қызметкерлері мектеп әкімшіліктерімен, педагогтермен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналарға құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізуде. Кездесулер барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг, топтық төбелестердің жолын кесу, интернет қауіпсіздігі, ата-аналардың жауапкершілігі және заң талаптарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілуде.
2026 жылдың алғашқы алты айында облыстың мектептері, лицейлері, гимназиялары және жоғары оқу орындарында полиция қызметкерлері мен өзге де құқық қорғау органдарының қатысуымен алкоголизмнің, есірткі және уытқұмарлықтың зияны, кәмелетке толмағандардың заң алдындағы жауапкершілігі, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардың алдын алу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі және өзге де өзекті тақырыптар бойынша 5534 дәріс, кездесу, сұхбат және түсіндіру іс-шаралары өткізілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Жасөспірім», «Жасөспірім-2», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары, сондай-ақ «Түнгі қала» және «Квадрат» әдістері бойынша рейдтік жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алты айында 6957 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 155 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.
Заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жүрген 4635 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 791 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделді.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 174 кәсіпкер, сондай-ақ жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатқан 29 тұлға заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарап, ата-аналық міндеттерін дәлелсіз себептермен орындамаған 4 ата-ана сот шешімімен ата-аналық құқығынан айырылып, тағы 4 ата-ананың ата-аналық құқығы шектелді.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне 75 жасөспірім мен 89 қолайсыз отбасы алынып, олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесі қоғам қауіпсіздігінің маңызды бағыты екенін атап өтті.
«Заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның басты қағидаты. Жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыру тек полицияның емес, ата-ананың, мектептің және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біз құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден бұрын оның алдын алуға басымдық береміз. Әрбір бала қауіпсіз ортада өсіп, заңды сыйлайтын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып қалыптасуы тиіс. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов.
Қызылорда облысы Полиция департаменті кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы кешенді жұмыстарды алдағы уақытта да жергілікті атқарушы органдармен, білім беру ұйымдарымен және жұртшылықпен бірлесіп жалғастырады.