Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Марал Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа өндірістік кешені іске қосылды.

Салтанатты шарада аймақ басшысы елімізде машина жасау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес, тұрақты әрі болжамды инвестициялық орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Кейінгі жылдары өңірде машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 7,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,7 пайыз болған.

Өңірдің географиялық жағынан тиімді орналасуы да көлік-логистикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысы халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында орналасқан. Облыс аумағынан 1 мың шақырымнан асатын магистральдық теміржол желісі өтеді. Жыл басынан бері 400 мыңнан астам жолаушы және 6 млн тоннадан астам жүк тасымалданған.

Жаңа кешен жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсетеді, 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі шетелдік серіктестерге, соның ішінде Қытай Халық Республикасынан келген инвесторларға көрсетілген сенім мен ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.

Жиында жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Марал Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұрсайытов сөз сөйлеп, ел ағасы Айтбай Көшербаев ақ батасын берді.

Айта кетейік, өңір экономикасын әртараптандыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында алдағы үш жылға 1,9 трлн теңгенің 48 инвестициялық жобасы жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгеге 21 инвестициялық жобаны іске қосу көзделсе, алдағы уақытта құны 1 трлн теңгеден асатын 14 ірі жобаның құрылысы қолға алынады.
Жақын күндері испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар зауыты мен «Seven Rivers» компаниясының неміс технологиясы негізінде шыны ыдыстар шығаратын зауытының құрылысы басталады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған