Арал ауданына қарасты Тоқабай ауылында апатты жағдайдағы білім ғимаратының орнына жаңа мектептің құрылысы басталады деп сүйіншілегеніне үш жылдан асты. Сол уақытта бұл ақжолтай жаңалық балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы күй кешіп отырған ауыл халқын зор қуанышқа бөлеген еді. Алайда, халықтың үміті әлі күнге дейін ақталмай тұр.

Негізінен Арал ауданындағы аталмыш білім ордасының жай-күйі көпті алаңдатып тұр. Алғашында тәп-тәуір басталған құрылыс нысаны жар ортаға жетпей тоқтап, бүгінде жас ұрпақтың жайлы білім алуына жағдай жасалар емес.

Жалпы бұл ауылға жаңа білім ордасы 2018 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. Алайда, құрылыс жұмысына деген салғырттықтан болар, «қу кетті, іс бітпеді» дегеннің кері келіп, аталмыш мектеп араға көп уақыт өтпей апатты деп танылды. Айдың-күннің аманында қабырғалары қақырап, білім алуға жарамсыз күйге түсті. Соның салдарынан жаңа білім ошағын қайта салуға шешім қабылданды. Сол кездері аудан әкімі болған Серік Сермағанбетов Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекеніндегі №248 мектеп ауласында ауыл ақсақалдарымен кездесіп, мектепке қатысты өзекті мәселені талқылағаны ел есінде.

Осыдан кейін көп ұзамай ауылда қызу тірліктің табы байқалды. Ауыл халқы армандары ақиқатқа айналғанына қуанды. Бірақ көп ұзамай құрылыс жұмыстары қайта тұралап, қуаныштары су сепкендей басылды.

«Ауылымыздағы мектеп құрылысы қалай басталды, солай тоқтады. Үш жылға жуық уақыт өтсе де бітер түрі көрінбейді. Ал балаларымыз ауыл әкімдігінің ғимаратында өлместің күйін кешіп, білім алып жұр. Бұл жайында талай мәрте айтып та, жазып та шағымдандық. Бірақ жұмыс жалғасатын түрі көрінбейді. Білуімізше, мектеп құрылысы жеке кәсіпкердің қаржысымен салынуда. Құрылыс аяқталғасын сатып алу жүйесі бойынша мемлекетке беріледі екен. Алайда, кәсіпкер білім ұясын жеделдете аяқтауға асықпайтын сияқты. Екі арада талапқа сай келмейтін тар кабинеттерде оқып жүрген балаларымызға обал болды», – деп ауыл тұрғыны Нағашыбай Сариев бізге мұңын шақты.

Тұрғылықты халықтың айтуынша, ауылда 153 бала екі ауысыммен оқиды. Оған әкімшілік ғимаратынан жеті бөлмесі сынып кабинеті ретінде жабдықталған.

Негізінен сақалды нысанға айналған білім ұясының құрылысы 2021 жылы бастау алады. Жеке кәсіпкердің ықпалымен қолға алынған құрылыс жұмыстарына ауыл халқы тартылыпты. Алайда құрылыстың аяқсыз қалуына байланысты, ауыл тұрғындары нәпақасынан бір қағылса, балғындардың жаңа білім ұясында білім аламыз деген арманы тағы да көзден бұл-бұл ұшқан.

– «Мектеп құрылысының қараусыз қалғанына үш жылға жуықтады. Әлі де жалғасады деген үміттеріміз күн өткен сайын өшіп барады. Төрт қабырғасы тұрғызылған нысан қар мен жаңбыр суынан мүжіліп, құрдымға кететін түрі бар. Ал оның жұмысын жандандыруға кәсіпкер де, жергілікті әкімдік те құлықсыз сияқты. Жаңа оқу жылына да санаулы ай қалды. Жағдай бұлай жалғаса берсе, ауыл балаларының алдағы оқу жылын тағы да әкімдікте жалғастыратын түрі бар. Халық осыған ашынып отыр», – деп ауыл тұрғыны ойын толықтырды.

Аталмыш мәселе бойынша жауапты деген мекемелерге хабарласып көрдік. Алдымен Арал аудандық білім бөліміне байланыс орнаттық. Бірақ бөлім тарапынан тоқабайлық жамағатты толғандырған мәселе төңірегінде ештеңе айтылмады. Облыстық білім басқармасына сілтеді. Ал Қызылорда облыстық білім басқармасы тарапынан: «Біз объектіні қабылдап қана аламыз. Құрылыс жұмыстарына құрылыс басқармасы жауапты» дегенді алға тартты. Келесі кезекте Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан сұрап көрдік. Басқарма тарапынан: «Ол мектеп бойынша біз тапсырыс беруші емеспіз. Нысан демеуші есебінен салынып жатыр. Құрылысқа Арал ауданы әкімдігі жауапты» – деп мәлімдеді.

Ақыр соңында Арал ауданы әкімдігінен сұрау салдық. Аудан әкімдігі тарапынан қажетті ақпаратты жинақтап жіберетінін мәлімдеді.

– «Тоқабай елді мекеніндегі 1 қабатты 100 орындық №248 орта мектеп құрылысы 2022 жылы маусым айында демеуші есебінен басталған. Құны 500 млн. теңгені құрайтын жобаға тапсырыс беруші Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болып табылады. Нысан құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде. Қажетті құрылыс заттары толық жеткізілген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін жұмыс аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Негізінен нақты уақытта мердігер Қазалы ауданында бір нысанның құрылысын жүргізіп жатыр. Сондықтан Тоқабайдағы мектеп құрылысы кішкене тұралап тұр», – деген аудан әкімдігі баспасөз қызметінен жауап алдық.

Бір қызығы құрылыс басқармасы мектеп құрылысына тапсырыс беруші емеспіз деп мәлімдегенімен, Арал ауданы әкімдігі берген ақпаратта тапсырыс беруші Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы деп тайға таңба басқандай көрсетіпті. Сонда мектеп құрылысына нақты жауапты кім? Жауапты мекемелер жауап беруге неге жалтарып отыр?

Бұған дейін аудан әкімдігі берген мәліметке сәйкес жырға айналған мектеп құрылысы өткен айдың ішінде қайта жанданып, жаңа оқу жылына дейін оқушыларға есігін айқара ашады деп сендірген болатын. Алайда, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде әлі тұр. Ал Тоқабай жұрты жаңа мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін бітіретініне күмәнмен қарайды.

Осы орайда айта кетейік бұған дейін Тоқабай ауылындағы 11 сынып оқушылары түгел мемлекеттік грант иегерлері атанып, айды аспанға шығарған болатын. Әкімшілік ғимаратында әупірімдеп білім алып жүрген балғындардың осы жетістігін қаперге алсақ, заманауи, әрі сапалы білім ордасы ауыл балаларының деңгейін бұдан да арттыра түсері сөзсіз.

ЕРБАҚЫТ ЖАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған