Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруімен Қызылорда қаласы жаңарып келеді. Қарқынды құрылыс алаңына айналған шаһар еліміздегі ең таза қаланың бірі атанды. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы арқылы ауқымды жұмыстар атқарылып, алдағы уақытқа да мол міндеттер жүктелді.
Қала әкімі Серік Қожаниязов өткен жексенбі күні қаладағы сквер-аллеялар мен саябақтарды аралап, абаттандыру және көгалдандыру барысында атқарылған істің нәтижелерін, әлі де жасалуы тиіс жұмыстардың жайын саралады.
Қала әкімі Серік Салауатұлы Б.Шөкенов атындағы саябақтағы жұмыстарды көрді. Қала тұрғындары үшін табиғат аясында тынығуға мол мүмкіндік сыйлаған саябақтың эстетикалық күйі де қалыпқа келтірілуде.
– «Саябақтағы санитарлық тазалық шаралары жыл бойы жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстарды босаңсытуға болмайды,» – деді Серік Салауатұлы сала басшыларына. Мұндағы жасыл-желекті күтіп, балақтау, уақытылы аяқ су беру күнделікті атқарылуы қажет. Ашығын айту керек, аталған парктегі жерасты су ұңғымасында уақытша орын алған ақауға байланысты аяқ су кеш берілді, салдарынан талдарға күтім жасалмады. Мәселеге орай, «Жасыл-Қызылорда» мекемесіне «Сарқырама» каналы арқылы судың бағытын бұрып, биік жерлерге мотопомпаларды пайдалану тапсырылды.
«Қорқыт ата» мемориалы аллеясы қаладағы демалыс орындарының бірі болса да, мақсатты пайдаланылмай келеді. Яғни, көпшілік мұнда тыныға бермейді. Саябақтың бүгінгі күйі халықты келтіретіндей жағдайда болмай тұр. Осыған орай сәулетшілердің ұсынған заманауи дизайнымен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл игі бастаманы жақын күндері бастау жоспарға енгізілген.
– «Аймақ басшысының тегеурінді талабымен, кәсіпкердің демеушілігімен жақында Орталық алаң қайта жаңғырып, ел игілігіне берілді. Қандай керемет, халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам деп атасақ жарасымды. Бұл жердегі бір әттеген айы, демалыс орындарын тиімді, сапалы, мәдениетті пайдалана алмауымыздан болып тұр. Қарасаңыз, бас-аяғы базар ошар секілді бей-берекет дүние қаптап кетті. Біз мұндай берекесіздікке жол бермейміз. Демалыс аймағында халық еркін демалуы керек. Өз кезегінде «Қорқыт ата» мемориалы аллеясын да орталық алаң секілді қала халқының сүйікті орнына айналдыратын боламыз,» – деді Серік Салауатұлы.
ҚР Тұңғыш Президент саябағы қазір халықтың қарасы үзілмейтін, отбасылық демалыс орны. Жасыл желекке оранған саябақта тынығушылар саны күн санап артып келеді. Шағын мерейтойларды атап өтудің де мүмкіндігі мол. Бір өкініштісі, қоршаған ортаға саналы көзқарасты қалыптастыруда және туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғауда әлі де бейқамдық бар. Осы жайларды ескерген қала әкімі саябақ көлемін кеңейту, ішкі тәртіп пен тазалықты сақтау мәселелерін жолға қоюды алға тартты.
– «Елге деп салынған әрбір нысан өз мақсатында жұмыс істеуі керек. Саябақты заманауи саябақ келбетінде көргенге не жетсін!? Сол үшін ешқандай қажеттілік пен мұқтаждық туындауы тиіс емес. Әрлеу керек пе, әрлейміз, абаттандыру десеңіз, оны да жасаймыз. Сонда ғана халық сұранысындағы демалыс мүмкіндігін сыйлай аламыз. Бұл жұмыстардың атқарылуына аймақ басшысы жан-жақты қолдау жасап отыр»– деді қала басшысы.
Президент паркінен Денсаулық саябағына дейінгі аралық толық қамтылған, жан-жағында автокөліктер тұрағы бар, гүлзарлармен көмкерілген көркем келбет қалыптастырамыз. Оған мүмкіндік жеткілікті. Алдағы уақытта әрбір нысан зерттеле отырып, халықтың сұранасына сай тиісті үдеден шығуға жұмыс жасалады деп, қала әкімі демалыс күнгі аралаудың қорытындысын жасады.