Экономикалық-саяси, әлеуметтік-мәдени ерекшелігі әркелкі болғанымен, әлемнің әр түкпіріндегі адами қауымдар өздерін «ұлт» дәрежесінде көрсетуге ұмтылады. Яғни, ұлт болуға ұмтылу дегеннің өзі халықаралық теңдікке талпыну деген сөз. Бұл әлемдік деңгейде бір-бірімізге құрметпен қарауды талап етеді. Президент биылғы Ассамблея отырысында «біртұтас ұлт туралы», ал Құрылтайда біздің әлемдегі орнымыз ұлтымыздың жаңа сапасына байланысты екенін айтқан болатын. Мұндағы ой, ұлттың саяси ұлт ретіндегі орнын көздейді. Бұл жердегі тұжырым жаңа ұлт немесе ұлттың жаңаша сипатын қалыптастыру туралы емес. Ұлттың екі бағыттағы ғылыми түсінігі бар. Бірі-этникалық тұрғыдағы ұлт түсінігі, екіншісі саяси ұлт түсінігі. Біріншісі біздің шығу тегіміз. Екіншісі өзара азаматтық келісім арқылы ортақ иігілікке қол жеткізе алатын мүмкіндіктерге ие адамдар тобы.

Қазір біздің қоғам үлкен трансформацияның кезеңінде өмір сүріп жатыр. Халқымыз бірлік пен тыныштықтың қадірін қаншалықты маңызды екенін өз көзімен көрді. Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформалар бағдарламасы барлық этносты бір ұлтқа біріктірудің жаңа платформасына айналып келеді.

Ал енді осы тұрғыда Ассамблеяның орны қандай деген сұраққа келейік. Қандай қоғам болса да, ең алдымен татулық пен келісімнің қажеттігі бүкіл адамзат тарихынан белгілі. Және оған әрбір азамат атсалысуы керек. Осы мәселені кейбір үстірт түсінетін адамдар «Ассамблеяның қажеттігілігі қанша?» деп біржақты көзқарас білдіріп жатады. Бұл этноцентристік көзқарасты ұстанатындар деп ойлаймыз. Қазақстан халқы біздің жерімізді мекендейтін көптеген этностан құралатынын естен шығармағанымыз жөн болар. Ал, Ассамблея аз этностарға қазақ қоғамы мен мемлекетіне сіңісіп кетуі үшін қажет. Оларға саяси ұстанымын білдіру мүмкіндігін беру өте маңызды. Олармен бірге қоғамның бірегейлігін қалыптастырып, проблемаларды сараптап, болжам жасап отыруымыз алдымен бізге, қазақ ұлты үшін керек. Әйтпесе, еліміздегі этносаралық қатынасқа кері әсер ететін шетелдік, ішінара ішкі арандатушылық мәлімдемелерді байқап жүрміз. Қазір елдің ішінде бүлік тудыруға этникалық алауыздық, тілдік, діндік теке-тірестерді қолдану оп-оңай. Өйткені, біздің қоғамда тек қана көп этнос немесе көп конфессия ғана емес, әлемдік үрдіске қатысты, өзіндік «өркениеттік ұстанымдардың» да белгісі бар. 2016 жылғы жер мәселесі мен қаңтар оқиғасы т.б келеңсіз оқиғалар көрсеткендей, Қазақстанның ішінде көрінбейтін «өркениеттің меже сызығы» үнемі байқалуда.

Кейбір ірі елдер өзінің мүддесін басқалардың есебінен шешуге,оларды өз талаптарына икемдеуге тырысуда. Дамыған деп жүрген Еуропада басталған «арнайы операция» жаһандық проблемаға айналуда. Бұның барлығы жер бетіндегі адамдардың тіршілігін қамтамасыз ететін материалдық игіліктерінің әділетті бөлінбеуінен, әлеуметтік қарым-қатынастардағы әділетсіздіктің көріністері, бір-біріне билік жүргізуге ұмтылудан туындауда.

Қазіргі әлемдік жанжалдардың басым бөлігі өркениеттер арасындағы қақтығыс ретінде қалыптасып келеді. Қазақ қоғамының да сыртқы қысымдарға ұшырауы, ішкі қала-дала, шала-таза қазақ, ескі қазақ, жаңа қазақ, орыс немесе украиндарды қолдайтын, қолдамайтын, Ассамблеяны жақтайтын, жақтамайтын қазақ т.б бөлініс белгілері тура жолмен дамудың өз деңгейінде болмауына себеп болуы ықтимал. Ал қазақтардың болашағы ұлттық бірліктің дұрыс шешілуіне тікелей байланысты екеніне ешкімнің дауы жоқ қой деп ойлаймын.

Яғни, әрқайсымыз ұлттық мүдде дегенде, даңғаза жасамай, сабырлы да, ұстамды да, табанды үлес қоса беруге тиіспіз деп санаймын. Сондықтан да Ассамблея еліміздегі этностарды бір өркениетке тоғыстыру үшін құрылғандықтан оның орнын жоққа шығаруға болмайды. Ассамблея басқа этностар үшін емес, алдымен қазақ ұлтының тұрақты дамуы үшін қажет. Бұл тарапта өте қажетті жағдайдың бірі – қоғамдық этиканы күшейту.

Этика – ол өз-өзіңізді жақсы ұстай білу, сыпайылық сақтау, мәдениетті болу, басқаға құрметпен қарау. Ол әркімнің қоғамдағы орнын айқындап береді. Әдептілік адамның мінез-құлқына, тәрбиесіне байланысты. Отбасындағы берілген тәрбие мен өнеге, көркем мінез адам бойындағы әдеп мен мәдениеттің көрсеткіші.

Өркениеттік, этностық немесе адамдық бөлінуге апаратын меже сызықтардың басым көзін осы көрсеткіштер айқындайды. Этникалық саясаттың ерекшеліктерін терең түсінбестен таратылған даңғаза, шала сауатты пікірлер кейбір адамдардың эмоцияға берілуіне бастайды. Қазір қай этностың өкілісің дегеннен қандай адамсың деген сұрақ маңызды. Адамдар арасында кикілжіңді тудыратынына қарамастан жаңалықтарды көре сала, біреуден бірдеңе ести сала, желіден оқи сала, оның ақиқатына көз жеткізбей біреудің заңмен қорғалатын ар-ожданы, намысына шабуыл жасаудан рахат табуға ұрынатындарды байқап жүрміз. Бұл адамдар өздеріне шынайы қарай алмайды. Олардан жасампаз істер күту де күмәнді. Өйткені олардың іс-әрекеті жоққа шығаруға, сынау мен мінеуге, жалған ақпаратпен күйе жағуға жақын тұрады. Ол адамдар өз өмірінің емес біреудің өмірінде жүреді. Өзін дамыту жолын кесіп, өзін әлсіретіп, өмірге көңілі толмайтын қасиеттерін күшейтеді. Басқаның жетістігіне шыдай алмай күйгелетікке салынып, күңшілдігі арқылы зұлымдыққа да барып қалғанын байқамай да қалуы ықтимал. Ал демократия тек ойына келгенді айта беру емес, ол алдымен мүмкіндік. Елімізде адам еркіндігі заңдастырылған, бірақ еркіндік аясында әлеуметтік жіктелу, бір-бірімізден бөліну тәрізді жымысқы әрекеттер жыландай жасырын жылжып, өмірімізге кері әсері көп болмақ.

Келесі мәселе ашық қоғам деп көптеген азаматтар өз деңгейіндегі шындықты қоғамға бағыштауда. Ұлы Дала демократиясында халықтың билікке араласуы онымен жағаласу емес, жәрдемдесу дегенді білдіреді. Алайда, тарих көрсеткендей адамдар осыны танып-білуден, түсінуден гөрі оны бақылап, басқаруға күш жұмсайды екенбіз.

Билікпен халық арасында келіспеушіліктер туғанда билікке қызмет етеміз бе, әлде шындыққа қызмет етеміз бе деген заңды сұрақ әркез алдымызды орайды. Қай заманда да ойшылдар құрған ең ықпалды қоғамдық институттар елдің бүтіндігін, халық бірлігін, ауызбіршілікті бәрінен жоғары қойған. Сонымен қатар шындықтан гөрі билікке деген сенімді нығайту алдыңғы қатарда болған. Сайып келгенде биліктің мәні бүкпесіз шындықты көре біліп, оны дұрыс бағытта пайдаға асыруда.

Әрине, қоғам болған соң әртүрлі деңгейдегі пікірлер орны маңызды. Сонымен қатар халық үніне құлақ асатын мемлекеттің жауапкершілігі тек биліктің емес, бүкіл қоғам мүшелерінің мойнында. Ендеше бір-бірімізге кінә артып, ала өкпе болғанша, бір-бірімізге қолдау көрсетейік. Расында да, қоғамдағы қордаланған мәселені бізге сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Не істесек те, шын ниетімізбен, ақ адал көңілімізбен жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға басады.

Күнделікті кездесетін тіл факторы да өзге мәселелерге көлеңкесін түсірмеуі керек. Тіл мәселесіне қатысты пікірталастар этникалық емес, азаматтық, саяси сипатқа ие екенін де түсінуіміз маңызды. Қазақша неге сөйлемейсіңнен гөрі, қазақша жақсы түсінуді талап еткен дұрыс болар. Өзіміздің қазақша пікірімізді түсініп, өз тілінде жауап берген адам кейін қазақша да сөйлеп кететініне күмән жоқ.

Татулық пен келісім мәселесі тек саясатта ғана емес, әр отбасында, ортада, ұжымда, әркімнің санасында күнделікті ұстаным болуы тиіс. Осындайда «жанжалсыз қоғамға» ұмтылуда медиация институтының орны маңызды. Өйткені медиация мақсаттарының бірі тараптардың жан[1]жалдық деңгейін төмендету болып табылады. Ассамблея мен медиацияның байланысының маңызы туралы Мемлекет басшысы биылғы сессияда тағы да нақты айтты.

Еліміздің тыныштығын сақтаудағы өз ұлтымыздың жауапкершілігі бәрінен де өзекті. Әлемдік турбулентті геосаяси жағдайда демократиядан гөрі өзін-өзі аман сақтау – бірінші кезектегі мәселе. Қазақ елі де осы ұстанымға сүйеніп, береке-бірлігімізге абай болуымыз қажет.

Мемлекет құраушы ұлт ретінде біздің орнымыз ең алдымен ұлттық сапамызға байланысты. Түркістандағы құрылтайда Президентіміз «Біз болашағы қандай ел боламыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтарға тоқталды. Бұл сұрақтар бәрімізге ортақ. Басқа этносты талқыланғаннан гөрі оларға өзіміз үлгі болуға тиіспіз. Ол үшін ұлтымызды дамытуға кедергі нәрсенің бәрінен бас тартып, дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек.

Әрбіріміздің сана-сезіміміз, құндылықтарымыз, ойымыз дұрыс бағытта жаңғыруға бастағанда ғана ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Оны көзі ашық көкірегі ояу зиялы адамдар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Мына заманда, Әбіш Кекілбаев айтқандай, жағалассақ жағамыздың кетерін, жанжалдассақ бағамыздың кетерін, өш қуаласақ бастағы бағымыз бен дәулетке сор, кек қуаласақ арттағы ұрпақ пен әулетке сор екенін ұмытпауға шақырамыз.

Әр Қазақстан азаматы бір-біріне құрметпен қараса, ел аман, жұрт тыныш болып, қазақ ұлтының мәртебесі өсе бермек.

(Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінен)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған