Қызылорда қаласындағы Президент саябағындағы Ботаникалық білім беру орталығының құрылысына 4 млрд. 948 млн. теңге бөлінген, 2,41 гектар аумақта орналасқан. Орталық табиғат пен ғылымды ұштастыратын, білім беру, ғылыми-зерттеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған көпфункционалды кешен болады. Мұнда әлемнің әртүрлі өңірлерінің флорасына арналған тақырыптық бақтар, дәріс залдары, демалыс және әкімшілік аймақтар қарастырылған. Нысан ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі.

Көпқабатты тұрғын үй кешені – 22 млрд. теңгенің жобасы, яғни 8,2 гектар аумақта 15 тұрғын үй салынып, 945 пәтер пайдалануға беріледі. Құрылысты тамыз айында аяқтау жоспарланған.

«Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешені халықаралық талаптарға сәйкес салынуда.Бас мердігер «ASPAN HOLDING» серіктестігі құрылысына 20 млрд. 61 млн. теңге қарастырылған нысанды 2,1 гектар аумаққа, 25 540 шаршы метр етіп, 3 және 4 қабатты блоктардан тұрғызуда.

Кешенде бір мезетте 2 552 келушіні қабылдауға болады. Олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бассейн, 2500 орындық әмбебап спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу алаңдары қарастырылған.

Құрылыс былтыр шілде айында басталды, алдағы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Мұнда халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге, бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалады.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласының әкімі Н.Ахатовпен бірге құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысты.

Сол жағалауда салынып жатқан, құрылысына 14 млрд. 780 млн. теңге бөлінген, тәулігіне 500 келушіні қабылдауға арналған емханаға да барды. Көпсалалы медициналық мекеме 50 төсектік күндізгі стационар, амбулаториялық және диагностикалық бөлімшелер, сондай-ақ тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсетуге арналған орындардан тұрады. Одан бөлек, нысанда 50 орындық аудитория мен 200 орындық конференция залы қарастырылған.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылыс алаңында болды. 4,6 млрд. теңгенің жобасы жүзеге асқанда көлік пен жаяу жүргінші қозғалысының тиімділігі артады.

Қазір мұнда айналма теміржол салынып, инженерлік желілерді көшіру, бетондау, свай және тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Аймақ басшысы қала құрылысына жауапты сала өкілдеріне құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған