Арал ауданында 3 аурухана, 1 аудандық көп бейінді орталық аурухана, 3 ауылдық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 36 медициналық бекет, 1 фельдшерлік амбулатория жұмыс жасайды. Тастүбек пен Жалғызағым елді мекендерінде жаңа медициналық бекет бой көтеріп, пайдалануға беріліп, тағы екі медициналық нысанға көбейді.
Мергенсай ауылдық округіне қарасты Тастүбек елді мекенінде 200-ге жуық тұрғын бар. Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылда бұған дейін медициналық қызмет көрсету орталығы болмаған. Жаңадан бой көтерген бекетке тұрғындар риза. Нысанның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов сөз алып, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Мұнан соң дәл осындай ғимарат Сексеуіл кентіне қарасты Жалғызағым ауылында да халық игілігіне берілді. Заман талабына сай жабдықталған мекеменің ашылғанына жергілікті жұртшылық алғаусыз алғысын айтып, іргелі істерге ұйытқы болып жүрген ел азаматтарына ізгі лебіздерін білдірді. Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары жиналған қауымды құттықтап, медициналық бекеттің лентасын қиды.
Айдынды өлкеде денсаулық саласында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биылғы жылы Бөген, Қызылжар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның және Көктем елдімекенінде медициналық бекет құрылысы басталатын болса, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысы қайта жандануда.