Мемлекет басшысы Қ.ТОҚАЕВ: – Ұлттық банк пен Үкіметтің алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Бұл – инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен тұрғындарға оның қатты тиетіні анық. Осы мәселені шешпесек, экономиканы өркендету мүмкін емес. Халықтың әл-ауқатын арттыру және елге инвестиция тарту қиынға соғады.
Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша былтыр желтоқсанда айлық инфляция 1,2%-ке дейін баяулағанына қарамастан, соңғы бес жылдағы орташа айлық көрсеткіш 0,7%-дан асып түскен.
Пірматов Үкімет отырысында – «Жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады», – деді.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өскен. Импорттың жоғары үлесі бар тауарлар, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарлар, жуатын және тазалайтын заттар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек бағасы едәуір өскен.
Әкімшілік реттеу себебінен жанар-жағармай мен 2021 жылғы жоғары база есебінен автокөлік бағасының өсу қарқыны баяулады.
– «Желтоқсан айында ақылы қызметтердің инфляциясы 14,1% деңгейінде сақталды. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтердің құны өсу тұрғысынан баяулады», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Премьер-министр Әлихан Смайылов:
– Жыл соңына дейін инфляция 9,5 пайызға төмендейді. «Халықаралық сарапшылар биыл жалпы дүние жүзінде инфляция қарқыны баяулайды деп болжап отыр. Ол бізге де әсерін тигізеді. Бірінші тоқсан шеңберінде жылдық инфляция өзінің шегіне жетеді деп ойлаймыз. Ары қарай наурыз айынан бастап инфляция деңгейі едәуір төмендейді деп күтеміз. Жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияны 9,5 пайыз шеңберінде сақтаймыз деген мақсат қойып отырмыз».
«Индустрия саласында жалпы көлемі 1,1 трлн теңгеге 150 инвестициялық жобаны іске асырамыз. Ауыл шаруашылығы аясында 265 инвестициялық жобаны 540 млрд теңгеге іске асырамыз. Жалпы 400 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрамыз және 1 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастырамыз. Тікелей шетелдік инвестицияның көлемі кем дегенде 24,4 млрд долларды құрайды деп күтудеміз».
P.S. Халықтың әл-ауқатының, тұрмысының төмендеуінің негізгі себептерінің бірі бағаның өсуі, ақшаның құнсыздануы. Жыл басынан бастап Үкімет басшысы инфляцияны ауыздықтау керек деген Президенттің былтырғы жыл соңындағы тапсырмасына орай биыл инфляцияны 9,5%-ға дейін төмендетеміз деп отыр. Расында да осылай болып жатса онда Смайылов үкіметінің ерлегені.