Сыр халқы «Қорқыт ата» әуежайынан Қытай елінің Ханчжоу қаласында бокстан өткен «Азия ойындарының» күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевты күтіп алды. Жас айтыскер ақын Бексұлтан Орынбасар чемпионымызды арнайы арнаумен қарсы алды.

Батырымызды күтіп алу салтанатына облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, облыстық бокс федерациясының вице президенті Көмекбай Қизатов, басқарма қызметкерлері, басқармаға қарасты мекеме басшылары, қызметкерлері, бокс бөлімшесінің спортшылары мен жаттықтырушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жігер Айекешов өз құттықтау сөзінде Азия ойындарындағы Сыр спортшыларының жетістіктеріне тоқталып, Сыр жұртшылығы үшін Қамшыбектің жүлдесі алтынмен пара-пар екендігін айтты. Қамшыбек өзіне қолдау білдірген барша жанға алғысын білдіріп, толассыз келіп жатқан құттықтаулар ел абыройын арттыру жолында үлкен септігін тигізетінін және келер жылғы Париж-2024 Олимпиадасында қазақ еліне «Алтын» әкелу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Батырымыздың бапкері Жамиль Жүсіп те өз ретінде барша Сыр бойылықтарға алғысын білдіре отырып, алдағы байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындықпен барып, ел намысын қорғауға барынша атсалысатынын жеткізді.

Қамшыбектің Азия ойындарындағы жетістігі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Міне, бүгін де барша бокс бөлімшесінің балалары чемпионмен сұхбаттасып, кеудесіндегі медальға үлкен қызығушылық танытып, суретке түсуге асықты. Қамшыбек өз ретінде барша жас спортшыларға тынбай еңбек етіп, әрқашан туған елдің көк туын биік ұстауды басты қағидаттарына айналдыру керектігін айтты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған