Қызылорда қаласының тұрғыны түнде сырқаттануына байланысты үйіне жедел жәрдем шақырған.

Шақыру бойынша қалалық емхананың медициналық жедел жәрдем тобы келіп, мейірбике ауырсынуды басатын «кетотоп» дәрісін әйелдің сол жақ жамбасының бұлшық етіне салған.

Жедел жәрдем тобы кеткеннен кейін, әйел орнынан тұра алмай, аяғы жансызданып қалған. Ауруы асқынып, жүре алмай қалған соң, емханаға қаралған. Дәрігерлер әйелге «иньекциядан кейінгі жүйке нейропатиясы» диагнозын қойып, емдеу шараларын жүргізу керектігін ұсынған. 

Мұны естіген әйел Медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаментіне арызбен жүгінген. Осыған байланысты, емхана қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, тексеру қорытындысы бойынша жедел жәрдем тобы науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету барысында «кетотоп» препаратын негізсіз енгізгенін көрсеткен.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша қазіргі таңда әйелде «сол жақ аяқ төменгі нейропатиясы, дистальды монопарез» бар екендігі анықталған.

Әйел 4 баланың анасы, кішкентайы 11 айлық нәресте, күйеуінің айлығына қарап отырған отбасы. Негізсіз салынған дәрінің салдарынан жүре алмай, бес ай көлемінде ем алуға мәжбүр болған.  

Балаларына және үй жұмыстарына қарауға шамасы жоқ екенін, ем шаралары әлі де нәтиже бермей жатқанын көрсетіп, Қызылорда қалалық сотына моральдық зиян өндіру туралы талап қоюмен жүгінген.

Өзінің талап қоюында ол қоғамдық көлікпен жүру мүмкін еместігін, ем алуға таксимен баратынын, қазіргі таңда медициналық қызметкерлердің әрекеттерінен жан және тән азабын тартып жүргенін, бір аяғы екінші аяғынан 2 см қысқа болып, жүріп-тұру мен аяқ киім киюде қиындық көретінін, аяғын әлі күнге дейін сылтып басатынын көрсеткен.

Осы жағдай бойынша емхана басшылығы жедел жәрдем тобында болған фельдшер мен мейірбикеге медициналық көмекті талапқа сай көрсетпегені үшін тәртіптік шара қолданған.

Сот шешімімен қалалық емханадан әйелдің пайдасына 1 500 000 теңге моральдық зиян өндірілді.

Дегенмен, емхана соттың бұл шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шағымды қанағаттандырусыз, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған