Баскетбол – қызықты спорт түрі

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ акционерлік қоғамының жүлдесіне арналған баскетболдан республикалық турнир өтті. Спорттық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 230- ға жуық оқушы қатысып бақ сынасты. Басты мақсат салауатты өмір-салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамыту.

Биыл бұл турнир жасөспірімдер арасында 24-ші рет ұйымдастырылып отыр. Оған жалпы 20 команда қатысып, кіл жүйріктен кім жүйрікті анықтады. Олар баскетбол алаңында өз шеберліктерін көрсетіп, допты ұршықша иіріп, қарсылас себетіне алма-кезек доп салды. Баскетбол өте қызық спорт түрлерінің бірі. Бұл ойында шапшаңдық пен дене қуатының күштілігі, ептілік қажет. Өз кезегінде баскетболшылар тартысты ойында өз шеберліктерін көрсетіп, барын салып, жеңіске деген ынталарын алғашқы сәттерден-ақ байқатты. Нәтижесінде ұлдар арасында да, қыздар арасында да Қызылорда облысы жүлделі бір орынды қанжығаларына байласа, ұлдар арасында Жезқазған қаласы 3-орын, Ақтөбе 2-орын, қыздар арасында Маңғыстау 3-ші, Қарағанды 2-орынды иеленді.

Жарыс барысында үздік ойын өрнегімен көзге түсіп, мықтылардың арасынан суырылып шыққан ойыншылар арнайы номинациямен марапатталды. «Үздік ойыншы» номинациясын Қызылорда командасынан ұлдар арасында Диас Тұрғынбай мен қыздар арасында Жаннұр Шарипова иеленді. Сондай-ақ, спортшылардың ойын өрнегін келісті көрсетуіне үлескер болған барлық команданың жаттықтырушылары мен төрешілер де үздік деп танылып, арнайы Алғыс хат пен сый-сияпаттар ұсынылды. Жеңімпаз пен жүлдегер атанған командалар мен номинация иегерлері «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның кубок, естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Жалпы, жарыстың мақсаты мектеп оқушыларының мектептен тыс уақытын тиімді өткізу, саламатты өмір салтын ұстану, насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту болып табылады. Иә, бұл мақсаттың қарқынында өңіріміздегі спорттың бұқаралық сипаты дамып, жас өрендерді спортқа баулып, балалар спортымен айналысудың қолжетімділігі артады. Сондықтан, бұқаралық және балалар спортына деген қолдаудың көптігі аса маңызды.

Толық ақпарат «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған