Шахмат әлемдегі кең таралған ойындардың бірі. Бұл ойын түрі адамды тез ойлануға, жылдам шешім қабылдауға көмектеседі. Осы орайда шілде айының 21-і күні қоғам белсендісі Ерлан Мусаевтің бастамасымен «Сыр спорты», «Syr Jastary» орталықтары мен «Чемпион» шахмат клубының қолдауымен, облыстық мәслихат депутаты, «Қазақстан Халық» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қайрат Ерназаровтың ұйымдастыруымен Жастар орталығында 21-22 шілде күндері жасөспірімдер арасында жылдам шахматтан облыстық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында «Қазақстан Халық» партиясы атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гаухар Танашева және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Сейілов Жанмұрат сөз сөйледі.

– Кішкентай ботақандар, сіздерге тек қана сәттілік тілеймін. Бұл сіздердің болашаққа деген қадамдарыңыздың бастамасы. Еліміздің атын шығарып, чемпион болуларыңызға тілектеспін,- деді Гаухар Танашева.

– Құрметті жас достар, құрметті ата-аналар турнирдің ашылу салтанатымен барлықтарыңызды құттықтаймын. Әрине шахмат ойыны ойлау қабілетін жақсартатын спорт ойыны екенін білесіздер. Біздің балаларымыз кішкентай кезінен бастап осындай турнирге қатысып жатқаны қуантады. Болашақта Сыр елінен шыққан, өзіміздің жерлесіміз «гроссмейстер» Әсел Серікбай апаларыңызға ұқсап чемпион атануларыңызға тілектеспін,- деп жылы лебізін білдірді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Сейілов Жанмұрат.

«Халық партиясы-2023» кубогінде 8 жасқа дейінгі және 10 жасқа дейінгі балалар бақ сынады. Аталған турнирге 100-ге жуық жасөспірім қатысты. Турнир Швейцария жүйесі бойынша ФИДЕ ережелеріне сәйкес 9 турдан тұрды. Әр қатысушыға бүкіл партияға партияға 25 минут берілді. Уақыт аяқталғаннан кейін төрешілер алқасы әр жастағы топтың ер және қыз балалар арасында жекелей есепте жеңізпаздарын анықтап отырды.

Турнирге баласын алып келген көпбалалы анамен тілдесіп көрдік.

 – Осындай турнир ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларға ата-аналардың атынан алғысымды айтамын. Балалардың ойлау қабілетін дамыту үшін осындай турнирлер ұйымдастырылып тұрса екен деймін. Баламның турнирге алғашқы мәрте қатысуы. Бағы жанып жүлделі орын алып жатса, біз қуанамыз,-деді қала тұрғыны Гүлзада Серікқызы.

Екі күнге жалғасқан турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Қазақстан Халық» партиясының Қызылорда облыстық филиалы тағайындаған жүлде қорына сәйкес, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған