Қазақ күресінен спорт шебері, спорт саласының ардагері Берікқазы Әуесбаев Жалағаш кентіндегі №132 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады.
Ұлттық спортты дамытуға және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ардагер де маңызды қоғамдық-саяси науқанға белсенді қатысты. Спорт саласында талай жыл еңбек етіп, жас буынға бағыт-бағдар берген Берікқазы Әуесбаев үшін елдің болашағы мен ұрпақ тәрбиесі қашанда маңызды. Оның пайымынша, мемлекеттің ертеңі бүгінгі қоғамның бірлігіне, азаматтардың белсенділігіне және ел тағдырына деген жауапкершілігіне тікелей байланысты. «Елдің ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында. Әсіресе жастардың білімді, тәрбиелі, отансүйгіш болып қалыптасуы мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды. Біз спортта шәкірттерімізге жеңіске жетудің жолын ғана емес, тәртіп пен жауапкершілікті, ел намысын биік қоюды үйреттік. Осы құндылықтар қоғамның барлық саласында орнығуы қажет», – дейді спорт ардагері.
Берікқазы Әуесбаевтың азаматтық белсенділігі елдік іске бейжай қарамайтын, қоғамның дамуына өз үлесін қосуды маңызды санайтын азаматтардың ұстанымын айқындайды.