«Тілді қастерлей білу- әр қазақтың міндеті»

Қазақтың түннен тұнық, күннен жарық, айдан анық ана тілі қашанда өз биігінде қала бермек. Сөздің құнын білетін, сөзге тоқтаған қазақ әлі бар. «Тіл-ұлттың жаны» деген аксиомаға айналған тіркестің мағынасы терең. Әрбір адам тілді кеудесіндегі шыбын жанындай санаса, оның мәңгілік өмір сүруі үшін қолдан келгенінің бәрін де жасауы тиіс. Мәңгілік ел атану үшін де қазақ тілінің рухы асқақ та биік болғаны жөн. Мәңгілік елдің тілі – қазақ тілі ана тіліміз болуы шарт екенін қаперде ұстайық. Қазақ тілінің байлығы ұшан-теңіз, соны жас ұрпақ санасына сіңіре білу қажет. Оны әлемдегі ешбір тілмен салыстыруға болмайды. Орыс тілінің С.И.Ожегов құрастырған бір ғана томдық түсіндірме сөздігі бар. Онда орыстың 53 мың сөзі берілген. Ал, бізде бүгінгі таңда қазақ әдеби тілінің 15 томдық жаңа сөздігі шығарылып, оған 150 мыңнан астам сөз енгізілді. Мына құдіретке қараңыз, орыстың «свежий» деген сөзін қазақша аударғанда оның 43 баламасы бар екен. Бұл нені көрсетеді? Қазақ тілінің аса байлығын және әлеуетін аңғартады.Қазақтың 100 томдық «Бабалар сөзі» шықты. Бұл – өткен тарихымыз ғана емес, тілдік, шешендік бай мұрамыз. Мұны әрбір қазақ жастанып оқуы қажет. Интернет, компьютер, телерадио, кино өмірімізге дендеп енгенімен, мұның бәрі де көркем әдебиетті, кітапты ығыстырып шығара алмайды. Сөйлеу мәдениетін дамытуда бұлардың бәрінің де әсері бар. Бүгінгі күні тіл мәселесі тек рухани құбылыс емес, геосаяси маңызы бар факторға айналды. Бұл тұрғыда, біздің мемлекетіміз, үкімет бұл мәселеге салмақпен қарап, байыпты саясат жүргізіп отырғанын атап өту қажет-ақ. Себебі, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, дұрыс қолдануы үшін түрлі шешімдер қабылданып, шаралар өтіп жатыр. Расымен де, тіліп түсер қылышпен теңдес тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл- ең керемет қатынас құралы. Әлемдегі ең көп таралған тіл- ағылшын тілі. Себебі оның таралу және қолдану аймағы кең. Ал, ең сұлу тіл деп француз тілін атайды. Осы қатарға өзіміздің қазақ тілін де қосуға болады. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше екені даусыз. Ең ауыр дүние тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге, оны құрметтеуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер, кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөл ойнауы мүмкін. Мәселен, кезіндегі орхон, руна жазулары бүгінгі көптеген түркі халықтарына тән тарихи деректердің көзін ашып беріп отыр. Ендеше тіл өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары ақиқат.Сонымен қатар, өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз. Тілсіз тірліктің тасы өрге домалайды десе қателесесіз. Сол үшін де «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» деп ата-бабаларымыз болашақ қамын ойлап, бекер айтпаса керек. Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де, «батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртына қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл- бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазынаң»,- деп сөз зергері Ғабит атамыз айтқандай, көнеден келе жатқан тілімізді одан әрі өрісін кеңейту, өркендету жастардың еншісіндегі ең үлкен міндет әрі аманат.

Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы К.Еспенбетова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған