Банкроттық туралы талапты сотта қарау тәртібі

Банкроттық — кәсіпорындармен дара кәсіпкерлердің төлем қабілетсіздігі салдарынан өз жұмысын мәжбүрлі тоқтатуы. Әдетте, фирманың банкроттығы, көбінесе, олардың шығыны кірісінен асып кетуі салдарынан туындайды. Мұндай жағдайда борышкер тек соттың шешімі бойынша ғана банкрот деп танылады. Борышкерді банкрот деп танудың негіздері, тәртібі мен рәсімі ҚР “Азаматтық кодексінің” 52-57-баптарында, “Оңалту және банкроттық туралы” Заңда көзделген. Осы актілерге сәйкес банкроттық ерікті не ықтиярсыз түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Егер борышкер өзінің төлем қабілетсіздігі жайында сотқа арыз берсе, онда ол ерікті банкрот болып табылады. Ал, ықтиярсыз банкроттық туралы іс қозғауға несие берушінің, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда өзге де тұлғалардың сотқа өтiнiш беруi негіз болады. «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес сот банкроттық бойынша істі бастау үшін борышкердің төлеуге қауқарсыз екені туралы арызы жеткілікті. Борышкердің өтініші сотқа жазбаша нысанда, борышкер басшысы не құрылтай құжаттарына сәйкес оны алмастыратын тұлғаның қолымен беріледі. Банкроттық туралы іс қозғалған соң дара кәсіпкерге, заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне, құрылтайшысына, барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады; борышкердің мүлкіне қатысты бұрын қабылданған соттардың шешімдерін, төреліктің шешімдерін, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер меншiк иелерiнiң, олар уәкілеттік берген органдардың немесе органдарының шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайдың моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды есепке алмағанда, адамның өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдерге қатысы жоқ. Борышкер берешегінің барлық түрі бойынша тұрақсыздық айыбын есепке жазу тоқтатыла тұрады; кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген оңалту немесе банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда, кепіл тұрғысында өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн. Сонымен қатар кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi; борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынады.Сотпен iс қозғау туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдардың хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушы тағайындалады.Бұл кезеңде уақытша басқарушының басты міндеті ақпарат жинау болып табылады, сондай-ақ уақытша басқарушы бекітілген сату жоспарына сәйкес мүлікті өткізуге міндетті. Борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді оның төлем қабілетсіздігі белгілерінің бар не жоқ екендігін растау мақсатында бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік құжаттарының негізінде сот шешімі шығарылғанға дейін жинауды жүзеге асыруға міндеттеледі.Сот Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң тұрған жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртiппен заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында, оның ішінде соттың интернет-ресурсында да оңалту туралы iс бойынша iс жүргізуді қозғау туралы хабарландыруды қазақ және орыс тiлдерiнде бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жариялауға мiндеттi. Хабарландыруды жариялау оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiш берген борышкердің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалған күнінен бастап екі айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс. Борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берген кредитор сот отырысына келмеген жағдайда, сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Егер борышкер сот отырысына келмеген жағдайда, сот оны мәжбүрлеп келтіру туралы ұйғарым шығарады.Сот аталған талап бойынша азаматтық істі қарауды толық аяқтаған соң борышкердi банкрот деп танудан, оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы; оңалту рәсімін қолдану туралы; банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы немесе бекітуден бас тарту туралы шешім;борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешiмнің күшін жою туралы немесе іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы, сондай-ақ бітімгершілік келісімін бекіту және банкроттық рәсімін тоқтату туралы ұйғарым қабылдауы мүмкін. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі сот шешімімен айқындалады және ол тоғыз айдан аспауға тиіс. Бұл мерзімді кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша сот үш айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады. Шешім қабылдағаннан кейін жұмыстарды басқару уақытша басқарушыға жүктеледі. Уақытша басқарушы банкроттың мүліктік массасын түгендеуді жүргізеді және кредиторлардың алғашқы жиналысына түгендеу туралы есепті ұсынады. Кей жағдайда қаражат пен мүлкін жасырып қалу мақсатымен “жалған банкроттыққа” ұшырау деректері де кездеседі. Бұл теріс әрекет ретінде танылып, заңмен қудаланатындығын ескерген жөн.

Қызлорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

А.Сансызбаева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған