Осы аптаның сейсенбісі күні қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Мәжіліске облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қатысты.

Пленум басталғаннан кеңес төрағасы Сұлтан Тәуіпбаев былтырғы қалалық ардагерлер кеңесінің атқарған ауқымды жұмыстарын тізіп, баяндама жасады. Кеңес төрағасы өзінің баяндамасында ардагерлердің әлеуметтік, материалдық қамтылуын, рухани жаңғыру, бастауыш ұйымдардың жұмысын барынша жандандыру, белсенділігін арттыру, ұрпақтар сабақтастығы, жастар тәрбиесі, отбасы беріктігін сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, тәрбие саласында кеңестің атқарған жұмыстарын атап көрсетті.

Баяндама аяқталғаннан кейін ақсақалдар ардагерлер кеңесінің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Алғашқы сөзді білім саласында біршама жыл қызмет еткен Мылтықбай Бәйімбетов бастады.

– Білім саласында 2 мыңға жуық ардагер бар. Олардың саны жылдан жылға көбейіп жатыр. Қазіргі таңда бізде 74 бастауыш ұйым бар. Әр ұйым апта сайын тәрбие сағатын өткізіп жатыр. Бүгінде адамгершілік, кітап оқуға деген құштарлық, еліміздің салт-дәстүрлерін дәріптеу мақсатында мектептерге барып, жас жеткіншектермен кездесу ұйымдастырып жатырмыз. Бұрынғы біз білім берген кей шәкірттеріміз белді компанияларда басшылық қызмет етіп жүр. Кейбірі жеке кәсіппен айналысуда. Солардың қаржылық көмегінің арқасында Темірбек Жүргенов, Ахмет Байтұрсынұлы секілді қайраткерлеріміздің құрметіне іс-шаралар жасап, ұлттық идеологияны жаңғырту жұмыстарын атқарып жүрміз, – деді ардагер ұстаз.

Ардагерлер басқосуында қатысушылар кеңес басшылығына наразылықтарын да жеткізді. Айтуларынша Алматы, Астана қалаларында ардагерлерге көп жеңілдік қарастырылған. Кей қалаларда сәуір айынан бастап ардагерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі берілмек. «Мұнайға бай өңірде қарттарға жәрдем берілмеуі – ұят» дейді, қала ардагерлері.

Пленумда қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Сағындыққызы ұсыныс жасады.

– Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаевтың 2023 жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндамасын тыңдап, талқылап, баяндамада айтылған пікірлер мен ұсыныстар мақұлдансын және қалалық ардагерлер кеңесінің жұмысы қанағаттанарлық деп бағалансын. Қалалық бастауыш ұйымдардың төрағаларына жергілікті органдар мен мемлекеттік ұйымдармен тығыз байланыста болып, бірлесіп, іс-шаралар жасау,соның нәтижесінде еш ардагерді қамқорлықтан тыс қалдырмау міндеттелсін,-деді ол.

Пленум соңында бұған дейін төраға қызметін атқарып келген Сұлтанбек Тәуіпбаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты кеңес төрағасы міндетінен босатылды. Оның орнына қоғам қайраткері Шакизат Төребаевтың кандидатурасы ұсынылып, пленум мүшелері бірауыздан қолдады.

Пленум отырысына қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ұйымның жаңадан сайланған төрағасы Шакизат Хамитұлына сәттілік тілеп, Сұлтанбек Тәуіпбаевтың осы кезге дейін атқарған қызметіне ризашылықтарын білдірді.

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған