Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жергілікті әскери басқару органдарында қызмет атқарған Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлерін қонақ ретінде шақырып «Тәуелсіздік – тірегім» атты іс-шара ұйымдастырылды.Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен басқармасының әскери қызметшілері және азаматтық персоналдары қатысқан іс-шараны Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Ғалымжан Тасжанов ашып, жергілікті әскери басқару органдарының ардагерлерін, жеке құрам мен олардың отбасыларын Тәуелсіздігіміздің отыз бір жылдық мерейтойымен құттықтады. Қызмет атқару барысындағы үздіктерді марапаттап, жергілікті әскери басқару органдары әскери қызметшілерінің «Мінсіз қызметі үшін» арнайы медальдарын табыстады.– Құрметті ардагерлер, Сіздердің Қарулы күштеріміз үшін еткен еңбектеріңіз мәңгі өшпейді. Бар өмірін әскери іске арнап, өз қызметін мінсіз атқарып, кейінгі толқынға үлгі көрсетіп және Отаны мен отбасына деген махаббатты қатар ұстаған ардагерлерімізге әрқашан құрметіміз жоғары. Біз әскерилер үшін осы Тәуелсіздігімізді сақтап қалу ел алдындағы үлкен міндет. Біз осындай тұғырлы елде тұрып жатқанымызды мақтан тұтуымыз керек, – деді полковник Ғалымжан Тасжанов.Сөз алған «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Қарулы күштердің құрметті ардагері запастағы подполковник Мыңділда Ршауов қастерлі Тәуелсіздік – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес екенін айта келе, ардагер Асқар Байсопақовқа «Қарулы күштерінің құрметті ардагері» төсбелгісін тапсырды.Салтанатты іс-шара Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжі студенттерінің Тәуелсіздік мерекесіне орай дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,

лейтенант Мұхит Қонаров

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған