Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан діндер көшбасшыларының ҮІІ съезінің «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» атты пленарлық отырысын Президент Қ.Тоқаев ашты. Ол Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті. Өз шақыруын қабыл алып съезге қатысуға келген Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке, ең көне Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайебке, Орыс православ шіркеуінің өкілдеріне, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лауға, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифке және форумның барлық қатысушыларына ризашылығын білдірді.

– Біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бұл басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз, әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез-келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында.

Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді.

Рим-Католик архиепархиясының Архиепископ-митрополиті Томаш Пэта:

– Съезд өткізудің қажеті қаншалықты дейтіндер де бар. Бұл – көп ақша, еңбек дейді. Алайда съездің ақша, еңбек тұратыны рас, бірақ екі ел арасындағы екі минут болған соғыстың өзі бұдан да көп залал келтіреді, адам шығынын айтпағанда, материалдық тұрғыдан есептегенде, бейбітшілікті сақтау керек. Әлемде бейбітшілік пен келісімді сақтап, осындай іс-шара өткізу үшін қаржы құю керек. Қазақстан дұрыс істеп отыр, өзі үшін ғана емес, әлем үшін бейбіт өмірге ұмтылуда.

Рим Папасы Франциск: – Мен бейбітшілік елшісі болып келдім, мен әлем бойынша келісім болғанын, бірлік болғанын қалаймын. Біздің ғалам бүгінде бір-бірімен үйлесімді болуға мұқтаж. Қазақстанға қатысты айтар болсам, үйлесімділік – бұл қазақтың музыкалық аспабы, бұл – домбыра. Домбыра – қазақ халқының мәдени белгісі. Содан да ойымды домбыраның айналасында өрбітсем деймін.

Орта ғасырдың өзінде де домбырада әуенді әңгімелер, жүрекжарды туындылар орындалғанын білемін. Домбыра – бұл сабақтастықтың, ұрпақтар жалғастығының белгісі. Бұл дәстүрді жалғастыруға мүмкіндік береді, бірақ тек өткенмен өмір сүру емес, болашақ үшін де пайдалы. Екі шегін тартып ойнағанда, екі бөлек шектен үйлесімді бір әуен шығады. Сол сияқты жаздың ыстығы мен қыстың төмен температурасы арасынан да үйлесім табуға болады. Бұл елде қазіргі мен ежелгі заман үйлесім тапқан. Бұл ел – Батыс пен Шығыс арасындағы көпір. Бұл ел – азиялық және еуропалық көңіл. Домбыра жер бетіндегі барлық басқа да ішекті аспаптармен үйлесім тауып, жүрек қозғай алады. Біздің қоғам да домбыра сияқты болуы керек.

Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз.

Біздің жаңа экономикалық саясатымыз жалпыұлттық табысты әділ бөлуге және барлық азаматтың әл-ауқатын теңдей арттыруға бағытталған. Біз халықаралық сауда мен инвестициялық серіктестікті тереңдетуді қолдаймыз. Энергетика және өндіруші салаларда экологиялық талаптарды дәйекті түрде күшейтіп, балама қуат көздерін пайдалану ісін кеңейтіп келеміз.

Біз мәдениетке, экономика мен қоғамға қатысты теориялық тұжырымдар мен практикалық әдістерді түбегейлі жаңғыруымыз керек. Өркениеттің шынайы болмысы мен мәнін сақтау үшін қоғамның барлық саласына ауқымды реформалар қажет.

Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын.

Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу.

Съезд күнделігінен

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған