Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы аймақ дамуында аудандардың макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша рейтингісі

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан әкімдері облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыға түсті. Үлкені де, жасы да, озаты да, ел соңында қалғаны да.

Жалпы әр тоқсан сайын макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша, жалпақ тілмен айтқанда экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны бойынша аудан әкімдерінің рейтингі бұрыннан да жасалып келеді. Алайда, көбіне ашық айтыла бермейтін, билік қабырғасынан сыртқа шықпайтын. Бұл жолы қай әкімнің деңгейі қандай екені, жарты жылда өзіне сеніп тапсырған аумақта Президент, Үкімет, облыс әкімінің тапсырмасын қалай орындап жатқаны ашық айтылды.

Ашық айтылып қана қоймай, арнайы жиында аудандарда әлгі айтқан көрсеткіштер деңгейі, жоғарыдан жеткен тапсырмаларды орындау міндеттілігі, кадр әлеуеттілігі, қоғамдық саяси ахуал туралы кеңінен талқыланды. Жалпы бұл талқылау аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың ел басқарудағы жаңа бір өзіндік қадамы болды десек қателеспейміз.

Айта кету керек аудан әкімдерінің жауаптылығын арттыру бағытындағы бұл жиындардың төрағасы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың өзі болды. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің іскерлігі, қабілеттілігі сынға түскен осы жиында аймақ басшысы олардың жетістігіне орай қорғаған қорғаушы да, осал тұсына орай айыптаған айыптаушы да, алдағы уақытта міндетіне салғырт қарағандарға тәртіптік шара көріледі деп үкім шығарған сот та болды.

Жиынға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері, сала мамандары тағы басқалар қатысты деген аты болмаса олар негізінен тыңдарман, көрермен болып отырды.

Өзіне бағынышты әкімдерді бір қатайтып алайын деген шығар аймақ басшысы аудан әкімдерін бір-бірінен қалыс қалдырмай, кешегі биліктен жеткен, немесе өзі тағайындағандардың ара-жігін ашып алалап жатпай, бәріне бірдей талап қойды.

Аймақ басшысы талқылау жиынында макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты әр аудан әкіміне сол аудан ерекшелігіне орай бөлек-бөлек тапсырмалар бергеніменен, кадр әлеуетіне байланысты аудандарда бір орыннан тапжылмай, қызмет ауыстырмастан әсіресе мектеп, балабақшада 10-15 жылдан бері басшы болып келе жатқандардың қызметіне талдау жүргізіп, жарамдысын заңнама аясында ротациялауды ортақ тапсырды. Сондай-ақ қызмет барысында заңбұзушылықтарға жол берген қызметкерлер жауапкершілікке тартылатынын да ескертті. Қоғамдық саяси ахуалға да қатысты елдегі жағдайды зерделеп, бақылауда ұстауды, соңғы кездері аудандарда кейбір қылмыс түрлерінің көбейіп отырғанына орай құқық қорғау органдарына жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, жаппай рейд ұйымдастыру, әрі тұрғындарға сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын барынша жүргізу қажеттігін атап өтті. Арнайы жиын барысында облыс әкімі Н.Нәлібаев аудан әкімдерінің осал-мықты тұстарын зерделеп, оларға ашық сын айтып, мінін көрсетіп, осы кемшіліктерін күзге дейін жөндеуді міндеттеді. Әйтпесе 9 ай қорытындысы бойынша даму көрсеткіштері жөнге келмеген, бүгінгі сыннан қорытынды шығарып, мінін түземегендер күзде қызметімен қош айтысуы мүмкін. Әкім ескертеді, халық қолдайды…

1-ші орын Жаңақорған ауданы. Аудан әкімі Н.Тілеуімбетов

Осал тұсы: Өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші салада өсім болғанымен, өндіріс түрлері көп емес, жаңа өндірістік жобалар тым аз. Табиғи ресурстарға бай аудан бола тұра өнім өндіру бағытында ізденіс жоқ.

2-ші орын Жалағаш ауданы. Аудан әкімі А.Есжанов

Осал тұсы: Жобалар аз қамтылған. Өнім өндіру баяу. Төртінші деңгейдегі бюджет төмен бекітілген.

3-шi орын Арал ауданы. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов

Осал тұсы: Ауданның бюджеттік кірісінің жылдық жоспары тек 57,7 пайызға орындалған. Бүгінгі күнге қалыптасқан берешек көлемі 12 млн.теңгені құрап отыр. Ауданда жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жобалар жоқ. Бірқатар ауылдарда шағын кәсіпті дамытуда нақты нәтижелер аз. Жоспарланған жұмыс орындарының бүгінде тек 36,6 пайызы ғана ашылған, яғни 3011 жаңа жұмыс орнының бар болғаны, 1101 ашылса, оның ішінде тұрақтысы 256, немесе 23,3 пайызы ғана.

4- орын Сырдария ауданы. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев

Осал тұсы: Биылғы жылдың 6 ай қорытындысымен құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуіне жол берген жалғыз аудан.

5- орын Шиелі ауданы. Аудан әкімі Нұржан Ахатов

Осал тұсы: Өткен жылы үздіктер қатарында болғанымен биыл даму динамикасы едәуір төмен. Ауданда инвестиция тарту бағытында жұмыстар да баяу жүргізілуде. Биыл 23 млрд. теңге инвестиция тарту межеленген болса, бүгінде тек 7 млрд. теңге инвестиция нақты тартылған. Арнайы жиында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі шет қалмады. Аудандағы кәсіпкерлер санының өсу динамикасы өте баяу. Соңғы 3 жылда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны небары 215 бірлікке ғана өскен. Ал, жұмыс жасап тұрған субъектілерінің саны бар болғаны 264 бірлікке ұлғайған.

6-ші орын Қармақшы ауданы. Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов

Осал тұсы: Өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемі бойынша нәтиже төмен.

7- орын Қазалы ауданы. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев

Осал тұсы: Өткен жылмен салыстырғанда ауданда макроэкономикалық көрсеткіш біршама төмендеген. Айталық, ет өндіру 23,9 пайызға, балық өңдеу 19,9 пайызға, құрылыс конструкциялары 22,4 пайызға төмендеген. Ауданда салынған тұрғын үйлерді сату жұмыстары баяу жүргізілуде. Пәтер сатудан түсетін түсім бойынша 382,1 млн. теңге жоспарланғанымен, бүгінгі күнге бірде-бір үй сатылмаған. Аудан әкімі тарапынан жергілікті өндіріске тиісті талдау жасалмағандықтан, корпоративтік табыс салығы өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға азайған.

P.S: Сонымен күзде аудан әкімдерін түгендейміз…

Толығырақ «Ақмешіт Ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған