БЕРЕКЕСІЗДІК-БАРЛЫҚ КЕСАПАТТАРДЫҢ БАСТАУЫ

Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай: БЕРЕКЕСІЗДІК-БАРЛЫҚ КЕСАПАТТАРДЫҢ БАСТАУЫ

Бүгінгі міндет – демократиялық құндылықтарға негізделген қоғам қалыптастырып, заман талабына сай саяси жүйемізді жетілдіру. Саяси реформалар саяси тартыстармен қатар жүретіні белгілі. Саяси құрылымдардың тиімділігі қоғам мүшелерінің саяси мәдениетімен тығыз байланысты. Әрбір тұрғын өз деңгейінде мемлекеттің, қоғамның өміріне араласады. Саясат деген ауқымды құбылыс болғандықтан көптеген адамдар ол туралы пікір айтады, қолдайды, сынайды, жоққа шығарады. Бірақ та саясат туралы түсінігі толық, айқын болмағандықтан, көбіне эмоциялық деңгейде, нақты тұжырымдарсыз да айтылып жатады. Сондықтан да саяси сананы күшейту арқылы саяси мәдениетке қол жеткізу маңызды. Ол біздің еліміздегі тұрақтылықтың және қоғам тұтастығының бірден-бір шарты.

Әлемдік турбулентті геосаяси жағдайда демократиядан гөрі өзін-өзі сақтау инстинкті алдыңғы қатарға шығады. Қазақ елі де осы ұстанымға сүйеніп, береке-бірлігімізге абай болуымыз қажет.

Ассамблея дегенде көз алдымызға этносаралық қарымқатынастар келетіні белгілі жайт. Біздің жағдайымызда мемлекет құраушы ұлттың мәртебесі және мүддесі, Ассамблеяның орны үнемі көтеріледі.

Экономикалық-саяси дамуы, адами, табиғи ресурстарының мүмкіндіктері, әлеуметтік-мәдени ерекшелігі әркелкі болғанымен, әлемнің әр түкпіріндегі адами қауымдар өздерін «ұлт» дәрежесінде көрсетуге ұмтылады. Яғни, ұлт болуға ұмтылу дегеннің өзі халықаралық теңдікке талпыну деген сөз.

Зерттеушілер арасында-ұлт пен ұлтшылдық жұрттың бәріне тән модерндік өзгеріс өнімі ме? Әлде табиғи құбылыс па деген сұраққа нақты жауап болмай жатыр. Дегенмен, ұлтты қалыпты құбылыс деп санап, сыртқы қарым-қатынас пен өзінөзі сақтаудың басты күші ұлттық мүдде деп түсінеміз. Ұлттық мүддені қорғаудың озық үлгісін Президентіміз Ұлытаудағы Құрылтай мен Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда ашық көрсетті.

Азаматтардың үнемі көтеріп жүрген тіл мәселесі өте сауатты саясатты талап етеді. Өркениеттер қақтығысы кезінде тілдік тұрғыдан бөлінушілік қоғамдағы жанжалдың себебі болуы ықтимал. Сондықтан әрқайсымыз қазақ тілінің мәртебесіне даңғаза жасамай, сабырлы да, ұстамды да, табанды үлес қоса беруге тиіспіз деп санаймын. 2016 жылғы жер мәселесі мен биылғы жыл басындағы қаңтар оқиғасы көрсеткендей, Қазақстанның ішінде көрінбейтін меже сызығы байқалды. Саяси сараптау саңлақтарының Евразия туралы теориялары бізді ойландыруы тиіс. Ал ассамблея еліміздегі этностарды бір өркениетке тоғыстыру үшін құрылғандықтан оның орнын жоққа шығаруға болмайды.

Келесі мәселе ашық қоғам деп, көптеген азаматтар өз деңгейіндегі шындықты қоғамға бағыштауда. Ұлы Дала демократиясында халықтың билікке араласуы онымен жағаласу емес, жәрдемдесу дегенді білдіреді. Алайда тарих көрсеткендей адамдар осыны танып-білуден, түсінуден гөрі оны бақылап, басқаруға күш жұмсайды екенбіз.

Билікпен халық арасында келіспеушіліктер туғанда билікке қызмет етеміз бе, әлде өз шындығымызға қызмет етеміз бе деген заңды сұрақ әркез алдымызды орайды. Қай заманда да ойшылдар құрған ең ықпалды қоғамдық институттар елдің бүтіндігін, халық бірлігін, ауызбіршілікті бәрінен жоғары қойған. Сонымен қатар шындықтан гөрі билікке деген сенімге басымдық беріледі. Сайып келгенде биліктің мәні бүкпесіз шындықты көре біліп, оны дұрыс бағытқа пайдаға асыруда.

«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде»,- деген мәтелдің түпкі мақсатының бірі осында деп түсінемін.

Біз басалқы ойға тоқтаған, бәтуалы сөзге жүгінген жұртпыз. Қазақта «Бетеге кетсе бел қалар, бектері кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар», – деген өмір тағылымынан өткен пәлсапалық тұжырым бар. Берекесіздік- барлық кесапаттардың бастауы.

Сондықтан да, мемлекет басындағы әлемдік, ал облыстағы өңірлік тәжірибесі мол басшылардың игі бастамаларына халықтық қолдау мен бақылау берекесіздікке жол бермейді деп сенеміз. Әйтпесе соңы бардың қадірін түсінбеудің, қызғаныш дейтін қызыл иттің, көреалмаушылық деген көктырнақтың зардабын тартамыз.

Әрине, қоғам болған соң әртүрлі деңгейдегі пікірлер орны маңызды. Сонымен қатар халық үніне құлақ асатын мемлекеттің жауапкершілігі тек биліктің емес, бүкіл қоғам мүшелерінің мойнында. Ендеше бір-бірімізге кінә артып, алаөкпе болғанша, бір-бірімізге қолдау көрсетейік. Расында да, облыстағы қордаланған мәселені бізге сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Не істесек те, шын ниетімізбен, ақ адал көңілімізбен жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға басады.

Бізге өте қажетті жағдайдың бірі – өзара қарым-қатынас мәдениетін оң бағытқа өзгерту. Этностық, немесе адамдық бөлінуге апаратын меже сызықтардың басым көзін осы қарымқатынастар айқындайды. Этникалық саясаттың ерекшеліктерін терең түсінбестен таратылған даңғаза, шала сауатты пікірлер кейбір адамдардың эгоистік сана-сезімін күшейтуге бастайды. Қазір қай этностың өкілісің дегеннен қандай адамсың деген сұрақ маңызды. Адамдар арасында кикілжіңді тудыратынына қарамастан жаңалықтардан көре, біреуден ести, желіден оқи сала оны зерделеп, ақиқатына көз жеткізуге ұмтылмай, біреудің заңмен қорғалатын ар-ожданына, намысына шабуыл жасаудан рахаттануға ұмтылатындарды байқап жүрміз. Өзіміз қолдан дәрежелеп жүрген «қоғам белсенділерінің» көбі жалпы кездесулерге келмей жеке қабылдауға ұмтылатыны несі? Шын қоғам жанашыры болса, көппен бірге келіп ойын ортаға салмайды ма? Іздейтін тырнақ астындағы кір адамның өз ішінде жатқанын түсінуіміз керек. Біздің қоғамға проблемаларды тұжырымдап, шешу жолдарын сараптаған сыни көмек керек. Ал, тек қана сынау үшін мін іздеу ұлтымызға жат дүние болуы тиіс деп түсінемін.

Сыныққа сылтау іздеп жүрген адамдардың күні кіжінумен өтіп, көргенді мен көргенсіздің ара сызығын ажырата алмайтын, түбінде Президентіміз құрылтайда айтқандай, жауапкершіліктен жұрдай адам атана бастайды. Қоғамдық мүдде үшін олардың айтқандарынан гөрі олардың нені бүлдіріп жүргенін өздері түсінбесе де біздің түсінгеніміз маңыздырақ.

Зерттеушілердің айтуынша, әлеуметтік уақыт аясындағы зерігу мен бүлік шығару синдромдары бір-біріне өте жақын жүретін құбылыстар. Оның емі – қажырлы еңбек, адал ниет.

Қорыта айтқанда, демократия тек еркіндік емес, ол алдымен мүмкіндік. Адам еркін, бірақ еркіндік аясында әлеуметтік жіктелу, бір-бірімізден бөліну, өштесу тәрізді идеологиялар жыландай жасырын жылжып, өмірімізге араласа бастайтынын да ұмытпайық.

Ал, өз өмірін жетістікке бастайтын мүмкіндігін қалай пайдаланады ол адамның өз өресіне байланысты шығар деп ойлаймын.

Әрбіріміздің сана-сезіміміз, құндылықтарымыз, ойымыз жаңғыруға бастағанда ғана ұлттың жаңа санасы қалыптасады. Оны көзі ашық көкірегі ояу зиялы адамдар ғана жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Әр Қазақстан азаматы бір-біріне құрметпен қараса ел аман, жұрт тыныш болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған