Нәлібаев әкімдерге қандай тапсырма берді?

Нәлібаев әкімдерге қандай тапсырма берді?

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан әкімдері облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыға түсті. Үлкені де, жасы да, озаты да, ел соңында қалғаны да. Жалпы әр тоқсан сайын макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша, жалпақ тілмен айтқанда экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны бойынша аудан әкімдерінің рейтингі бұрыннан да жасалып келеді. Алайда, көбіне ашық айтыла бермейтін, билік қабырғасынан сыртқа шықпайтын. Бұл жолы қай әкімнің деңгейі қандай екені, жарты жылда өзіне сеніп тапсырған аумақта Президент, Үкімет, облыс әкімінің тапсырмасын қалай орындап жатқаны ашық айтылды.

Ашық айтылып қана қоймай, арнайы жиында аудандарда әлгі айтқан көрсеткіштер деңгейі, жоғарыдан жеткен тапсырмаларды орындау міндеттілігі, кадр әлеуеттілігі, қоғамдық саяси ахуал туралы кеңінен талқыланды. Жалпы бұл талқылау аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың ел басқарудағы жаңа бір өзіндік қадамы болды десек қателеспейміз. Айта кету керек аудан әкімдерінің жауаптылығын арттыру бағытындағы бұл жиындардың төрағасы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың өзі болды. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің іскерлігі, қабілеттілігі сынға түскен осы жиында аймақ басшысы олардың жетістігіне орай қорғаған қорғаушы да, осал тұсына орай айыптаған айыптаушы да, алдағы уақытта міндетіне салғырт қарағандарға тәртіптік шара көріледі деп үкім шығарған сот та болды.

Жаңақорған: Инвестиция қарқыны төмен

Әкім сөзі

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: -Ауданда 66 өндірістік цех жұмыс жасайды. Әлеуеті жоғары ауданға бұл өте аз. Себебі халық саны 1,5 есе төмен Қармақшы ауданында 126 цех бар. Ал, халық саны шамалас Қазалы және Шиелі аудандарында 286 және 336 өндірістік цехжұмысжасауда.

Өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі облыстың 34%- ын құрайды. Бұл көрсеткіш уран саласындағы 2 кәсіпорын есебінен құралады. Өңдеу саласында шағын кәсіпорындар мүлдем жоқ десек болады.

Ауданда 87 мыңға жуық халық болса, оның кәсіпкерлікке тек 7%-ы тіркелген. Ал, көршілес жатқан Түркістан облысының 80 мың халқы бар Шардара ауданында кәсіпкерлер үлесі 11%. Шардара облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан бола тұра, кәсіпкерлік әлеуеті жоғары Жаңақорған ауданынан артық дамыған.

Томат пастасын шығару жобасы 5 жылдан бері іске аспай, созбалаңға салынып, зауыт құрылысы әр түрлі себептермен басталмай отыр. Бұл ретте аудан әкімі инвесторлармен жұмысты күшейтуі қажет.

Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеумбетов

Облыс әкімінің тапсырмасы:

– Ауданда инвестиция қарқыны тым төмен. Биыл жоспарланған 48 млрд.теңге инвестицияның тек 11,3 млрд.теңгесі орындалған. Жаңақорған табиғи ресурстарға бай аудан бола тұра өнімділік бағытында ізденіс жоқ.

Қаратау бөктерінде мырыш пен қорғасынды айтпағанда алтын, мыс, магний, әктас, керамзит және тағы басқа минералдық ресурстар бар. Бірақ толығымен зерттелмеген.

Әктас аясында бір ғана мысал келтірейін. Қазір білесіздер, қағаз тапшылығы байқалуда. Бірқатар ірі кәсіпорындар сапасы төмен өңделген қағазды пайдалануға көшуде. Көршілес Өзбекстан 2019 жылдан бастап әктастан кеңсе қағазын шығаруды қолға алса, қазіргі таңда Ресей осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Елімізге жылына 51 мың тонна кеңсе қағазы импортталады. Неліктен көрші Өзбекстанға барып, тәжірибесін зерттемейсіздер? Қажет болса, тәжірибені енгізейік. Аудан әкімі жаңа инвесторларды тарту керек. Ауданда жоспарланған 3 118 жаңа жұмыс орнының бар болғаны 1013-і ашылған. Сонымен қатар Ұлттық жоба шеңберінде жоспарланған 16 жоба бойынша құрылуы тиіс 168 жұмыс орнының бүгінгі күнге тек 14-і ашылған.

Жаңақорған ауданы табиғи орналасу ерекшелігіне байланысты аймақтағы бақшакөкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуші негізгі аудан болуы тиіс.

Жалағаш: ШОБ саны 6,6 % артқанменен, өнімі 8,5 % азайған

Жалағаш ауданының әкімі А.Есжанов

Әкім сөзі

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: – «Үнемі шағын және орта бизнесті дамыту арқылы салықтық түсімдерді арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында шараларды қабылдау қажеттігін айтып келемін.

Жалағаш ауданында 2571 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 92,5 пайызы нақты жұмыс жасайды. 6 ай қорытындысымен жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,6 пайызға артып, 2379 бірлікке жеткен. Бұл әрине жаман көрсеткіш емес. Ілгерілеу бар. Дегенмен қолда бар резервтерді барынша пайдалану қажет. Кәсіпкерлік саласында өндірілген өнім көлемі 8,5 пайызға азайған. Сонымен бірге Индустрияландыру бағдарламасының үш бесжылдығы аясында аудан бойынша жоспарланған 5 жобаның 2-і ғана іске қосылып, Жалағаш жобалар аз қамтылған аудандар қатарынан көрінді.

Жалағаш ауданының облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша және фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Дегенмен қазіргі жағдайда бағаны тұрақтандыру жұмыстары мардымсыз жүргізілген. Сондай-ақ аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күнге дейін бірде-бір мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілмеген.

Облыс әкімінің тапсырмасы:

– Аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың уақытында орындалуын қадағалап, көгілдір отынмен қамту, тұрғындарды тұрақты жұмыс орнына орналастыруға мән беріп, егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатынын кеңінен ақпараттандырып, келесі егін маусымына дайындықты қазірден бастау аудандағы тұрғын үй қорын дамыту бойынша нақты жоспар арқылы жұмыс істеу керек. Мия тамырын өңдеу зауытының жұмысын жандандыру қажет. Жалпы ауданда іске қосылған жобалардың саны тым аз екенін ескертіп, орта жолдан тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта қосып, жұмысты жеделдету қажет.

Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың Жаңақорған, Жалағаш ауданы әкімдеріне берген тапсырмасынан

Арнайы жиын барысында облыс әкімі Н.Нәлібаев аудан әкімдерінің осал-мықты тұстарын зерделеп, оларға ашық сын айтып, мінін көрсетіп, осы кемшіліктерін күзге дейін жөндеуді міндеттеді. Әйтпесе 9 ай қорытындысы бойынша даму көрсеткіштері жөнге келмеген, бүгінгі сыннан қорытынды шығарып, мінін түземегендер күзде қызметімен қош айтысуы мүмкін. Әкім ескертеді, халық қолдайды…

P.S: Сонымен күзде аудан әкімдерін түгендейміз…

Толығырақ «Ақмешіт Ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Жаңалықтар