ЕСЖАНОВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ НЕГЕ ОРЫНДАЛМАЙДЫ?

Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Осы күнге дейін екі мәрте халықпен кездесу нәтижесінде ауыл әкімдеріне ауылдық округтерді абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, ауылдық округтен шыққан кәсіпкерлермен, шаруашылық басшыларымен бірлесе отырып, инвестиция тарту жұмыстарын жүргізу тапсырылған болатын. Аталған тапсырмалар талапқа сай толыққанды орындалмағандықтан, атқарылған жұмыстарға шолу жүргізіліп, ауыл әкімдерінен жұмыс жасалмауының себеп-салдарлары сұралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер аясында кент, ауылдық округтер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысына аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірбек Құрақбаев хабарлама жасады.

Кент, ауылдық округі әкімдері, экономикалық жағдайы жақсарған, дамыған мемлекет қатарынан орын алудың бірден бір жолы кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздық көрсеткішін азайту керектігін айтты. Және осы бағытта мемлекет саясатының негізгі ұстанымы жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі екендігін алға тартты.

Атап айтқанда, әкімдіктерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау туралы міндеттер жүктеді.

Ағымдағы жылы аудан бойынша 2420 жұмыс (оның ішінде тұрақтысы 1342, уақытша 1078) орындарын ашу жоспарланып, бүгінгі күнге 1129 жаңа жұмыс орындары ашылып, жоспар тек 56,6 пайызға орындалған. Аппарат басшысы мемлекет басшысының әкімдердің қызметі тиісті аймақта ашылған жұмыс орындарымен бағаланатынын атап өткендігін алға тартты.

Осыған дейін де аудан әкімі жергілікті жердегі шаруашылық басшыларымен бірлесіп, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларын атқарып, белгіленген меже бойынша жұмыс орындарын ашуды қатаң тапсырған.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бекітілген қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.

Бұл ретте жоғарыда атап өткендей кент, ауылдық округі әкімдерінің азаматтармен кері байланысы төңірегінде бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтылды.

Қаржының игерілуі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Бұған бей-жай қарауға болмайды.

Бұл жөнінде ағымдағы жылдың шілде айында аппараттық мәжілісте қаралып, тиісті тапсырмалар берілген болатын. Дегенмен, қазіргі таңда Республикалық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаржылардың 49,6 млн. теңгесінің игерілмеу қаупі бар. Бөлінген қаржының Еңбек ауылының ішкі көшелерін жөндеуге 37,9 млн. теңгесі және Шәменов ауылының ішкі көшелерін жөндеуге 11,7 млн. теңгесі осы айда игерілу қажеттілігі айтылды.

Салық түсімдері. Ағымдағы жылдың шілде айында бұл мәселе аппараттық мәжілісте қаралып, тиісті тапсырмалар берілген болатын. Алайда, аудан әкімі Асқарбек Есжанов бүгінгі күнге дейін бұл жұмыстарға оң баға бере алмайтындығын айтты.

– 2022 жылдың 1 тамызына көлік құралдарына салынатын салық берешектер 12,5 млн. теңге болса, бүгінгі күнге берешектер 11,0 млн. теңгені құрап отыр. Кент, ауылдық округі әкімдері мен барлық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасау керектігін айтып келемін. Дегенмен, тапсырма мүлдем орындалып отырған жоқ.

Оның ішінде Жалағаш кенті 192 мың теңге, Мәдениет ауылдық округінде 72 мың теңге, Бұқарбай батыр ауылдық округінде 60 мың теңге, Аққұм ауылдық округінде 52 мың теңге, Еңбек ауылдық округінде 42 мың теңге. Аталған кент және ауылдық округ әкімдерін мүліктік салық түсімдеріндегі мәселемен жұмыс жасауға 2 күн уақыт беремін, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Тұрмыстық қалдықтарды тастау орындары бойынша барлық елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды жою нысандарын салуға 2015 жылы жер учаскелері табысталып, тиісті экологиялық, санэпидемиологиялық қорытындыларыалынып, сәйкестендіру құжаттары әзірленген.

Негізгі нормаларға сәйкес, қоқыс тасталатын орындар жеңіл қоршалып, тереңдігі 2 метрден асатын кептіру траншея немесе биіктігі 2 метрден аспайтын топырақ үйінділері орнатылуы тиіс.

Дегенмен, бүгінгі күнге Жалағаш кенті және Аққыр, Жаңадария, Мырзабай ахун елді мекендеріндегі тұрмыстық қатты қалдықтар тастауға белгіленген орындар қоршалса, қалған ауылдар бойынша бұл бағытта ешқандай жұмыстар жүргізілмеген.

Сондай ақ, Аққұм, Ақсу, Аламесек, Бұқарбай батыр, Еңбек, Жаңаталап, Қаракеткен, Мақпалкөл, Мәдениет, Таң, Шаменов ауылдық округтерінде белгіленбеген орындарға қоқыстар тасталып, азаматтардың денсаулығына және қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отыр.

Пада ұйымдастыру. Батыс Қытай-Батыс Еуропа автодәлізі бойында орналасқан Аққұм, Еңбек, Бұқарбай батыр, Таң елді мекендерінің тұсында мал өткелдерінің болмауынан жол көлік оқиғалары жиі орын алуда.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте де мал ұрлығының алдын алу, болдырмау бағытында да тиісті тапсырмалар берілді.

2022 жылғы 1 тамыз күні өткен мәжілісте кент, ауылдық округ әкімдеріне елді мекенде 1 ай мерзімде пада ұйымдастыру мәселесін шешу тапсырылған.

Бұл тапсырма ауылдық округі әкімдері тарапынан мүлдем орындалмаған.

Бүгінгі күнге тек Жалағаш кентінде жайылымға шығатын малға 1 бағытта пада ұйымдастырылған болса, ауылдық округтерде бір де бір пада жоқ.

Аудан әкімі А.Есжанов күн тәртібінде қаралған мәселені және жіберілген кемшіліктерді сараптай келе, Бұқарбай батыр, Аққұм, Еңбек, Мәдениет, Аламесек, Жаңаталап ауылдық округі әкімдеріне өз жұмысын тиісті деңгейде жүзеге асыра алмағаны үшін және берілген тапсырмаларды мерзімінде орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолдануға тапсырма берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған