ӘН-ЖЫРҒА АРҚАУ БОЛҒАН ҚЫЗЫЛОРДА…

Өткен аптаның соңғы күндері Қызылорда қаласының туған күні қарсаңында біршама шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде қалалықтар бұрын-соңды болмаған кештердің куәсі болды.

ӨЗІҢ ДЕ ОҚЫ, БАСҚАМЕН ДЕ БӨЛІС

Сондай шараның бірі Өнер арбаты бойындағы «кітап fest» жәрмеңкесі еді. Қаладағы жоғарғы және орта білім беру орындары өз кітапханаларындағы үздік шығармаларды, жергілікті қаламгерлердің еңбегін көрмеге әкеліп, оқуға ниет білдіргендерге арзан бағада сатты. Жәрмеңкенің жаңалығы Букроссинг сөресі болды. Аталған кітап сөресі шет мемлекеттерде танымал. Орталықта қойылған сөре ішіндегі кітаптарды кез-келген оқырман алып, орнына өзі оқыған кітапты салып кетеді. Бұл кітаптарға екінші өмір берумен тең. Қала әкімі Асылбек Шәменов те кітап жәрмеңкесіне қатысып, Өнер арбатын бойлай орналасқан “Өткені сырлы, келешегі нұрлы – Қызылорда” атты кітап көрмесін аралап шықты.

– Бұл шара мән мағынасымен ерекшеленеді. Себебі кітап рухани қазына, сарқылмас байлық, тарих шежіресі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан кітапханалардың қатарын арттырып, жаңартып отыруды тапсырған болатын. Жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға арналған бастамаларымызды тоқтатпауымыз керек. Бүгінгі фестиваль еліміздің тарихымен танысуға дәріптейтін үлкен мүмкіндік бергелі отыр. Бұл жерлестірімізге жасалған үлкен мүмкіндік, бағалы сый,-деді қала әкімі.

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов Өнер арбаты бойындағы кітап көрмесінде

Шара барысында өнер майталманы Хұсейн Әмір-Темір, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев болды.

– Кітаптардың ішіндегі алып шығармаларды шындыққа айналдырып, сахналайтын Н.Бекежанов театры жақын жерде орналасқан. Кітапты оқып, артынша сахнасына да қатысуға болады. Кітап сөрелерін аралап келе жатып өзім жазған «Сен және мен» деген кітабымды байқадым. Кітапханашылардың айтуынша бұл кітапты лезде алып кеткен екен, мен өте қуаныштымын,-дейді Х.Әмір-Темір.

Сонымен қатар шара барысында «Кітап АЛ» орталығының белсенді оқырмандарына сыйлықтар табысталды.

СУРЕТ САЛЫП САЙЫСТЫ

Ал 23-ші қыркүйек күні сағат тілі оннан өте Б.Шөкенов атындағы саябаққа елуге жуық оқушы балалар жиналды. Жанында жетектеп жүрген ұстаздары да бар еді. Жекесі бар, мемлекеттік мектеп оқушылары бар… барлығы жиналған. Бұл қала күні мерекесі аясында өткізілмек жас суретшілер сайысы болатын. Ата-аналары да балаларының қалам мен сия толы сөмкелерін арқалап келіп, сурет сайысының басталуын тосты. Балалар қатар-қатар тізіле жайғасып, сурет салуға кірісті.

Арасында құйтырқылыққа барып, үйінен сурет дайындап әкелгендері де болды. Олардың суреті жарамсыз деп танылды. Енді бірі ұялы телефонын сығалай қарап, сондағы суретін қағазға түсіруде. Суреттің қыр-сырын білетін елге еңбегі сіңген қазылар балада қиял болмаса әдемі суреттен жанды сурет шықпайды деп жатты. Бірнеше уақытта сайыс та мәреге жетті. Бір қызығы суретші оқушылардың көпшілігі Қорқыт Ата монументін салудан шаршамайды екен. Біздің қалада бұдан басқа нысан жоқ секілді көрінеді. Сондықтан жергілікті туризмді дамыту бағытында мектеп бағдарламасына қаланың көрікті жерлерін аралау жоспарын енгізсе жақсы болар еді деген ой келді.

Содан не керек, шара да мәресіне жетіп жеңімпаздар қала әкімі орынбасарының «Алғысымен» марапатталды.

ӘКІМ АҚЫНДАРҒА БАРДЫ

Осы күні кешқұрым Ескі базар маңындағы Амфитеатрда Сырдың жазба ақындары бас қосып, «Неге маған жырламасқа Сырда туған елімді» атты өлең оқу сайысы ұйымдастырылды.

– Әлімсақтан «Сыр елі – жыр елі» деген айдар тағып, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті мекеніне айналған Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен жазылып келеді, жазыла да бермек. Бұл ретте «көшесінде жүріп сағынатын» ғажап қаланың жылнамасын жырмен жазып жүрген Сіздердің орындарыңыз бір төбе екені даусыз,- деген қала әкімі бас ақындар мен жас ақындарға Алғыс хат және естелік кәдесыйлар табыс етті.

Қала әкімі Асылбек Шәменов және елге мәлім ақын, журналист Толқын Қабылша

Көпке белгілі ақындар Оңталап Нұрмаханов, Серік Ыдырысов, Қаршыға Есімсейітова, Қазына Өзденбаева, Елубай Әуезов, Мамыр Байдәулетовтер бастаған жыр көшін Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Ғабит Кәдірбаев, Ұлықбек Бекұзақұлы, Биболат Сәтжанов т.б талантты жас ақындар шоғыры жалғастырып, Ақмешіт аспаны ән-жырға бөленді. Поэзия кешін Сыр елінің талантты жас ақыны Ақжол Түменбай жүргізіп, өлең сүйер көрерменге өзгеше жаңа леп сезіндірді. Шараға қонақ болған қала әкімі барша ақындарға, өлеңге ынталы жастарға алғысын білдірді.

– Қала күніне орай амфитеатрда ұйымдастырылған поэзия кеші көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Алғашқы астананың бірі, жүрегімізден орын алған туған жеріміз — Қызылорда жырымызға, әсем ән мен әдемі әңгімеге де арқау бола бермек. Қала күнін тойлау десе, ресми форматтағы шаралар ойға келеді. Ал бұл кештің орны бөлек. Әсіресе, жастарды сөйлетіп, тыңдап жатқаны қуантады,-дейді жас ақын Дина Бөкебай.

ҚЫЗЫЛОРДА – ДОСТЫҚ МЕКЕНІ

Ертесіне Қызылорда облысы және қала әкімдіктерінің мұрындық болуымен Қазақстан халқы ассамблеясының өңірлік филиалы ұйымдастырған «Қызылорда – Достық мекені» атты түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің концерті өтті. Достық үйінің ішінен бір мезетте түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен өнері, ұлттық киімдерінің үйлесімі байқалды.

Қазірде өңірімізде өмір сүріп жатқан 35 ұлт өкілдері бір кездері Сыр еліне елеусіз үлес қосқан. Мәселен Сырдың ақмаржан күрішінің бүгінде жайқалып өсуіне корей ұлты тікелей себепші болғанын көпшілік біле бермес. Жер аударылған жылдары киім-кешегінің ішіне күріш тұқымдарын жасырын алып келген корейлер Қызылорданың кең даласында күріш өсіруді қолға алады. Сол күріштің өнімі бүгінге дейін еліміз бен қатар көршілес мемлекеттердің дастархан төрінен табылып келеді. Әуезді кеш барысында қаладағы түрлі диаспоралардың төрағалары, белсенділері қала әкімінің «Алғысымен» марапатталды.

Неміс ұлтының өкілдері қазақша ән шырқаса, орыстың ұлттық киімін киген жанұялар еліміз жайлы патриоттық әуеннен шашу шашты. Туған жері Қызылорданы әнге бөлеген жерлестеріміз де табылды.

СӘУЛЕТТЕ ҮЗДІК АУЛА БАР

Бұл шарамен қосарласа қаланың Сәулет шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үй ауласында «Үздік аула – 2022» сайысының қорытындысы өтті. Бұрынғы жылдары қаланың орталығында аулалар арасынан үздігін анықтайтын әкімдік ендігі кезекті шет аймақтың тұрғындарына арнапты. Қала әкімдігі жыл сайын Қызылорда қаласының мерекесі қарсаңында «Үздік аула» сайысын өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы жылы сайыс әлдеқайда қызығырақ өтті. Себебі, былтырғы жылы үздік болған аулалардан да асып түсіп, ауласын аула емес, жасыл баққа айналдырған тұрғындар саны жыл сайын өсіп келеді. Бұның жарқын көрінісін Сырдария мөлтекауданынан көруге болады. Өткен жылдары бірнеше жасыл аула болса, биылғы жылы шағын ауданның жартысына жуығы көкке оранған. Бұған дейін үздік аула жеңімпаздарына ақшалай сыйлық пен шаруаға керекті арба, күрек, айыр, тырма мен сыпыртқы секілді тазалық құралдары сыйланып келсе, биылғы жылы қаржылай сыйақы көлемі еселеп артқан.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова және сыйақы иеленген үздік тазалықшылар

Сайыс қортындысына қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова үздік аула иелерін ғана емес, күні-түні тер төгіп, қаланың тазалығын қамтамасыз ететін үздік тазалық қызметкерлеріне де ақшалай сыйлықтар табыстады.

– Қызылорда шаһарының көркеюі мен таза болуы Сіздердей жандардың тынымсыз еңбектерінің арқасы. Қызылорда қаласын жасыл-желекке айналдыру бағытында туған қалаға қызмет ететін Өздеріңіздей жанашыр және белсенді азаматтар қатары арта берсін, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Биыл бесінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға 17 аула өтінім білдірген. Байқау үздіктерінің ішінен мүмкіндігі шектеулі жан екеніне қарамастан көгалдандыру ісін қолға алған «Сәулет» мөлтек ауданы №12 үйдің тұрғыны Нина Константиновнаның ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынды атасының бағбандық ісін жалғастырған Жаппасбай батыр көшесі 4 үй тұрғыны Сабина Сәбитқызы иемденсе, ІІІ орын көршілердің ауызбіршілігі үзілмеген «Ақмешіт» мөлтек ауданы №7 үй тұрғыны Мереке Серікболқызына, ІV орын зейнеттегі бос уақытын жұбайымен бірге көгалдандыру ісіне арнаған «Титов» шағын ауданы №30 үй тұрғыны Бисенбек Дүйсенбекұлына бұйырды.

Ал жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2022» тақтайшасы ілінді.

БОЯУДАН ШАШУ ШАШЫЛДЫ

Түс ауа қаланың орталық алаңында бояу шашу ойыны ұйымдастырылды. Сайыстың басы қасында қалалық мәслихат депутаты, қоғам белсендісі Ерлан Мұсаев жүрді.

Шараның мәнісі мынадай, кез-келген қатысушы 4000 теңге пұлын төлеп, ақ футболка мен пәлен грамм түрлі түсті бояу алады. Орталықтан бастап Өнер арбатының бойында жүгіріп, бір-біріне бояу шашып, көңіл көтереді. Артынша орталықта кішігірім дискотека өткізілді. Сол күні сайысқа шамамен 400-500-ге жуық бала қатысты.

БИЛЕМЕГЕНДЕР БОЛМАДЫ

Кешқұрым сағат беске таяу Тұңғыш Президент саябағында халық жинала бастады. Кәуәп сатқыштар да орындық үстелдерін әке[1]ліп, шоқтарын бықсытып, кәуәп пісіруді бастады. Саябақтың төрінде жанды дауыста музыкалық аспаптар орналасып, тарсыл-гүрсіл дайындық жұмыстарын бастады. Бұл шара қалалықтарға тағы да бір тарту ретро концерт еді. Президент саябағы барынша Кеңестік заманның әсерін келтіріп, тіпті көрермен секілді келген әртістер де барынша сол заманның киім үлгісі мен сөйлеу мен билеу мәнерін қонақтарға сезіндіре білді. Бір қызығы, саябақтағы газондардың үстін басқандарға 5 рубль айыппұл салынады деген тақтайшаларға дейін ойластырылған.

Тұңғыш Президент саябағындағы «Ретро фестивальге» жиналған халық

Фотозона орнатылып, келушілер естелікке қолын қойып, тақтайшаға туған қаласына жылы тілектерін жазып кетуға мүмкіндік алды.

– «Қала күні» бір айлық жоспармен өтуде. Осы кезде үшінші аптаны қорытындылап жатырмыз. Бүгінгі шарада тарихта аты қалған ВИА топтардың сүйемелдеуімен жанды әндер орындалып жатыр. Негізі, қала күні аясында бұндай концертті ұйымдастыру алдағы уақытта дәстүрге айналмақ. Шараға қонақ ретінде облыстық филармония, қалалық мәдениет үйі және 5 ауданнан ВИА топтары келіп өнер көрсетті,-дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыппар Тәжмахан.

Шараға қонақ болып қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова келді. Сондай-ақ, барша кент пен ауыл әкімдері, бөлім басшылары да ретро фестиваль төрінен табылды. Фестиваль барысында Земляне, Ю.Антонов, Хай-Фай секілді танымал әншілер мен топтардың ескі әндері орындалды. Қазақтың бұл-бұл әншілерінің де әуендері жанды дауыста шырқалды. Ескі әуендерден жастық шағы көз алдына келген ауыл әкімдері мен бөлім басшыларының өзі ақыр соңы қала тұрғындарымен бірге билеп, бір серпіліп алды.

Қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымованың марапаттау сәті

Шара барысында қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова тұрғындарға тілек білдіріп, қала күнімен құттықтады. Сондай-ақ, мықты ВИА топтарының жетекшілеріне қала әкімінің «Алғысын» табыстады.

Талай жыл бойы қаланың тыныс тіршілігін жазып жүрген қаламгер журналистер атынан Айткүл Шалғынбаева сөз сөйлеп: Қаланың әр әкімі кезінде түрлі өзгешеліктер болды. Мәселен Досмамбетовтің кезінде қаржы болмаса да орталыққа фонтандар салынды. Баймахановтың кезінде талдар отырғызылып, құрылыс жүре бастады. Жолдар кеңейді. Айта берсек көп… Қазіргі қала әкімі Асылбек Шәменов те қаламызға өзіндік жаңалығын алып келеді деген ойдамыз,- деді ардагер журналист.

ЕШКІМ ШЕТ ҚАЛМАДЫ

Бұндай шаралардан бөлек, қала халқының ғана емес, тұрмысы төмен отбасы балалары, Атамекен балалар ауылының тәрбиеленушілеріне де көңіл бөлініп, демеушілер есебінен кинотеатрға сапарлап қайтты. Қала күні мерекесі қарсаңында облыстық білім басқармасы мен қала әкімдігі бірлесе отыра демеушілер есебінен балаларға комедиялық фильм көрсетілді.

Демеушілер есебінен фильм тамашалаған жасөспірімдер

Демеушілер арасынан «Номат лайф» сақтандыру компаниясының облыстық филиалының директоры Қарғабай Ғани Болатұлы, «Биали ЛТД» ЖШС директоры Асхат Шаукенбаев және «Бастау.S.» компаниясының директоры Нұрлан Тұрғанбаев қолдау көрсетті.

– Біз балаларға қуаныш сыйлаудан ешқашан тартынып қалған емеспіз. Бүгін балалардың жүзіндегі қуанышты көріп, өзіміз де керемет әсер алдық. Әр бала бақытты болуға лайықты. Балаларға бүгінгі кинокомедия ұнаған секілді. Алдағы уақытта да осындай жақсы шараларды ұйымдастыруға дайынбыз. Жалпы кинотуындылардың балаларға беретін тәрбиелік, танымдық мәні зор, – деді «Номат лайф» сақтандыру компаниясының облыстық филиалының директоры Ғани Қарғабай.

Айта кетейік, қала күні мерекесі 9-шы қыркүйек пен 15- қазан аралығында тойланбақ. Биылғы қала күні мерекесінің аяқталуы «Алтын дән» жәрмеңкесімен қатар келмек.

Дамир АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған