ЕГІН ОРАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Қазалы ауданында егін орағы қызу жүріп жатыр. Қамбаны қазірден бастап қызылға толтыруға кіріскен шаруалар комбайндарын тізгіндеп, егістіктің басында таң атқаннан кеш батқанға дейін еңбек етуде.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаевпен бірге «РЗА – Агро» ЖШС-ның күріштік алқаптарына арнайы барып, егін орағының барысын көрді.

Алға ауылдық округіндегі «Қостам» учаскесінде серіктестік 606 гектар күріш еккен. Қазіргі таңда күрішті орып, бастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жалпы биыл «Рза – Агро» ЖШС 1922 гектар жерге күріш дақылын ексе, оның 100 гектарын орып, 40 гектарын бастырып үлгерген. Әзірге орташа өнім көлемі гектарына 40 центнерден айналуда.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай бүгінгі күні барлық шаруашылықтың жұмысшылары егін орағын ерте аяқтау үшін аянбай еңбек етіп жатқанын жеткізді. Аудан бойынша 1385 гектар күріш орылып, 712 гектар бастырылғанын тілге тиек етті.

Мұхтар Әуесұлы мұнан соң «Сыр маржаны» ЖШС-ның Ақтан батыр ауылындағы қырманына арнайы барды.

Қырман басында қызу жұмыс жүріп жатыр. Еңбеккерлер егістік алқабындағы өнімді жауын-шашынға ұрындырмай, шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісіп кеткен. Бір сәтке дамыл таппауда. Жедел әрекетке көшпесе, ала жаздайғы еңбектің зая болатыны анық.

Биыл аудан бойынша 17402 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде күріш дәні 6361 гектар жерге себілген.

Күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.

ОРАЗБАЕВ ФУТБОЛ ОЙНА ДЕЙДІ

Қазіргі таңда Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде Қызылорда облысының футболдан IX чемпионатының кезекті III тур ойындары өтуде. Кезекті тур ойындарына Қызылорда қаласы мен 7 ауданның құрамалары қатысып, бақ сынауда.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Жалаңтөс батыр атындағы орталық стадионда Қазалы мен Сырдария аудандарының құрамасы арасындағы ойын алдында футболшылармен кездесіп, сәттілік тіледі.

– Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда, денсаулықты нығайтуда спорттың алатын орны ерекше. Соның ішінде футбол – кең таралған, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген спорт түрі.

Футбол ойыны – жер жүзіне кең тараған әлемдегі №1 спорт түрі болып саналады. Ала доптың сиқыры соншалықты, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін құмар. Футбол, әсіресе жас жеткіншектерді бұқаралық сипатта спортқа баулудың бірден-бір құралы. Өйткені футбол тек қызықты спорт түрі ғана емес, жастардың жан-жақты физиологиялық дамуына, салауаттылыққа тартылуына жеткізер спорт.

Өздеріңіз білесіздер, Қызылорда облысында жыл сайын футболдан дәстүрлі чемпионат ұйымдастырылады. Дүбірлі додада қазалылық аяқдопшылар нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп келеді. Біздің жерлестеріміз облыс чемпионатында 4 рет жеңімпаз атанған. Соңғы рет өткен жылы топ жарды.Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған чемпионаттың кезекті тур ойындары Қазалыда өтіп жатыр.Дәл қазір Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионда Сырдария ауданының командасымен жасыл алаңға шығатын біздің жерлестерімізге тек қана сәттілік тілеймін, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған