1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық мәдени және демалыс паркінде ғажайыпқа толы мерекелік шара өтті. Тақырыпқа сәйкес безендірілген парк аумағы тұтастай мерекелік көңіл-күйді білдіріп тұрды. Шараға арнайы қатысқан шаһар басшысы Серік Қожаниязов кіреберіс қақпадан бастап жолдың екі бетіне жағалай орналасқан жас суретшілер мен қолөнер бұйымдары көрмесімен, робототехниктердің жобаларымен, балалар кітаптарымен әдіптелген кітап көрмесімен танысты. Сондай-ақ, түрлі спорт түрлерінен өтіп жатқан сайыстарды тамашалады.

Негізгі сахнадағы шара А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сыр сандуғаштары» вокалды тобының мерекелік әнімен басталып, 100-ден астам бүлдіршін көңілді әнді бимен көркемдеді. Сөз алған қала әкімі Серік Салауатұлы балаларды жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген шуақты мерекемен құттықтады.

– Қазіргі таңдағы баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет – ұрпаққа сапалы, әрі заман талабына сай білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Сондықтан да қаламызда балалардың жан-жақты білім алып, шығармашылықтарын шыңдауға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Шаһарымызда бой көтеріп жатқан Оқушылар сарайы, Шығармашылық академиясы, физика-математика мектеп-интернаты, Музыкалық колледж, ішінде бокс, күрес, ауыр атлетика, футбол, йога, жаттығу залдары бар 10 мың орындық жаңа стадион, үстел теннисі орталығы және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстары балаларымыз үшін ерекше сый болмақ,- деген шаһар басшысы Серік Қожаниязов балаларға жарқын болашақ тілейтінін жеткізді.

Мерекелік шара ары қарай жыл көлемінде түрлі бағыт бойынша үздік атанып жүрген өнерлі, спортшы, білімді оқушыларды марапаттау рәсіміне жалғасты. Айта кетейік, қаламыздың балғын балалары үшін жасалып жатқан игілікті істердің ауқымы кең. Бүгінде ел Президентінің тікелей қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүргізілуде. Биыл жоба аясында 5, келер жылы тағы 3 мектеп пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, қала мектептері жанынан балалардың жазғы демалыстарын тиімді өткізуіне арналған жазғы тынығу лагерлері жұмыс жасауда. Олардың ішінде этно-лагерь, археологиялық лагерь, спорттық лагерьлер бар. Мұнан бөлек, балалар Түркістан облысындағы «Қуаныш», Жаңақорған ауданындағы «Талды су» тынығу лагеріне демалысқа жіберілуде.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған