Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов “ҚоғамTV”-ның өткен айдағы «Әкім сағаты» бағдарламасына берген сұхбатында қалаға аяқсуды көктемде ертерек береміз деген болатын. Осы ретте қазір қалаға аяқсудың қалай беріліп жатқандығын көзбен көру үшін қаланы аралады.

Қаладағы Жібек жолы мен Сарқырама, Табиғат және басқа да каналдар өткен айда толық тазаланды. Қазір қалаішілік арық жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қалаға Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 жерден насос қондырғысымен аяқсу беру жоспарланып, жүзеге асуда. Атап айтқанда насос қондырғыларының 3-уі дизельдік отынмен, 16-сы электр жүйесімен жұмыс істейді.

Бүгінде Жібек жолы каналы бойындағы және Сыр ана монументі жанында орналасқан су сорғыш қондырғылары арқылы қалаға аяқсу берілуде. Қала әкімі барған бірінші нысан Жібек жолы каналы болды. Оның бойында орналасқан су сорғыш қондырғысы арқылы Назарбаев, Астана даңғылы және Сырдария шағын ауданы, шамамен 6 шақырым болатындай каналдар мен арық жүйелері аяқсумен қамтылуда.

– Жыл басында «сәуір айында қалаға аяқсу беріледі» деп халыққа уәде берген едік. Міне, сәуір айынан бастап аяқсу беріле бастады. Негізі қалада 7 канал бар. Атап айтсақ, Жібек жолы, Сарқырама, арғы бетте Қызылжарма тағы да басқа каналдар бар. Бүгінде барлық арық жүйесі тазарды. Аяқсу беріле бастады. Осы кезде ағаштар да көктеп тұр. Соның бәрі аяқсумен қамтамасыз етілгеннің нәтижесі, – дейді қала әкімі.

Сонымен қатар шаһар басшысы Сыр ана монументі жанындағы су сорғыш қондырғысының жұмыс барысымен танысты. Бұл қондырғы арқылы С.Бейбарыс көшесі және Береке саяжайы, шамамен 1,5 шақырымды құрайтын каналдар мен арық жүйелері аяқсумен қамтылады. Қазіргі күні Тұңғыш Президент атындағы саябақ және Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан су сорғыш қондырғыларын орнатып, аяқсумен қамтуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

2022-2023 жылдар аралығында 27 бұрғылау жұмысы жүргізілген ұңғымалармен қатар бұрыннан аяқсу беріліп келе жатқан ұңғымаларды да аяқсумен қамту мақсатында оларды электр жүйелеріне қосу қолға алынған. Оған қоса 10 ұңғыма аяқсу беруге толық дайын.

С.Бейбарыс көшесінің бойында былтыр егілген ағаштар бар. Ол ағаштарға аяқсу қалай барады десеңіз, арыққа арнайы құбыр қазылып, әр ағаштың тұсынан аяқсу жіберіліп отыр. Бұл да тиімді әдіс.

– Әр арықтың ішінен осындай құбырдан шүмек қалдырсақ, барлық ағашқа бірдей аяқсу барады. Алдағы уақытта біз қаланың әр көшесінің бойына түрлі ағаш егіп, осы жүйені пайдаланғымыз келіп отыр. Мәселен, бір көшенің бойына жиде, екінші көшеге өрік секілді біздің аймаққа жерсінетін ағаштарды отырғызуды қолға алсақ, Қызылорда жасыл қалаға айналары сөзсіз, – дейді қала әкімі.

Шаһар басшысының айтуынша, бұған дейін айналасын көгалдандырғысы келген тұрғын талға суды ауыз су жүйесінен шелекпен құятын. Енді аяқсудан аса қатты мәселе туындамайды.

Жыл басында қалада «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды. Бұл мекеменің міндетіне каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жерасты ұңғыма және насостар арқылы аяқсу беру, сквер, аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, көгалдарды күтіп ұстау, қураған ағаштарды кесіп, балақтау кіреді. Осы аталған жұмыстар басталып та кетті. Қала әкімі арнайы тұқымбаққа барды.

– Енді қаланың өз тұқымбағы болады. 3 гектар жерді алып тұрған тұқымбақтың 1,4 гектарына арық қазылып, аяқсу жіберіле бастаған. Айналасы қоршалған. Себебі мал кірмеуі керек. Әзірге бұл жаққа Сыр талы мен терек отырғызылуда. Кейін жидені де қосу керектігін тапсырдым. Ал келер жылы бұл көшеттер дайын болады. Сол кезде осы жерден алып, қаланың керек жеріне еге береміз. Нәтижесінде бұрынғыдай басқа жақтан сатып алып жүрмейміз. Біріншіден, ақшаға тиімді. Екіншіден, өзіміздің тұқымбақтан шыққан көшеттер бірден жерсініп, көктеп кетеді-деді.

Бұдан бөлек, қала аумағына биыл көктем айларында 8000 ағаш егу жоспарланып отыр. Оның ішінде ауа райына қолайлы, құрғақ, ыстық, шөлге төзімді Сыр талы, терек, қарағаш және сәндік ағаш көшеттері отырғызылмақ. Сәндік ағаштарды С.Бейбарыс көшесіндегі облыс әкімшілігі мен Жақаев көшесіндегі қала әкімдігі ғимараттары мен Өнер орталығы, Арзан базар аумақтарына, Мұратбаев көшесіндегі Орталық стадион жанына, Сағынбаев және Қорқыт ата көшелеріне егу жоспарланып, қазіргі таңда жұмыстың 60 пайызы орындалды, яғни 4800 көшет отырғызылды.

Биыл қалада біршама көше жөндеуден өтеді. Қала әкімі аралау барысында “Сыр самалы” көшесін салу жұмысымен танысты. Бұл жұмысты «Қыран» ЖШС атқаруда.

– Қазір қалада 35 көшеге орташа жөндеу, 15 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар арасында төрт жолақты етіп, қайта жөндеуден өтетін көшелер де бар. Оған қоса бір көше жаңадан салынуда. Бұл – Сыр самалы деп аталады. Көше салынып біткен соң оның айналасын реттеу жұмысы да жүргізіледі. Себебі көше жиегі күл-қоқысқа толы және қамыс өскен. Жарық бағаналары да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ каналға жақын болғандықтан мал қора салып, мал өсіріп отырғандар да бар. Бірақ алдағы уақытта заңға сәйкес оның бәрі реттеледі, – дейді, қала әкімі С.Қожаниязов. алынады.

Шаһар басшысы “Ақмешіт” шағын ауданындағы айналма көпір маңындағы аяқсу мәселесіне зер салды. Бұл жақтағы мәселе тұрғындарға аяқсу толығымен бармайды. Өйткені аяқсу жүретін жол бітеліп қалған. Тек бергі жағын ғана қамтып отырған жайы бар. Алайда қала әкімінің айтуынша, бұл мәселе де назардан тыс қалмайды, бітелген жол қайта ашылады.

– Қаланы жасыл аймаққа айналдыру үшін ең алдымен аяқсу мәселесін шешіп алу керек. Егер қаланың барлық аумағы аяқсумен толық қамтылса, көгалдандыруымыз қажет. Бұл – бәрімізге ортақ игі іс, – деп қала әкімі қала аралауын қорытындылады.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған