Келесі жылдан бастап жәрдемақы тағайындау кезінде адамның әлеуметтік санатына ғана емес, мемлекеттік көмекке қаншалықты мұқтаж екеніне де басымдық беріледі.
Үкімет басшысы О.Бектеновтің айтуынша: бүгінде көпбалалы отбасы кедей болсын, бай болсын, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздіңше, бұлай болғаны әділетсіз. Бай, ауқатты және өзін-өзі асырай алатын адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек. Олар өз күшіне сенуі қажет. Ал мемлекет тек өзін-өзі асырай алмайтын адамдарды қолдауы керек және қолдай береді.
Сондай-ақ, мемлекеттік көмекті өмір бойы берілуге тиіс төлем ретінде қарастыру дұрыс емес. Бұл – адамның жағдайын жақсартуына берілетін мүмкіндік. Сондықтан азамат жұмыс тауып, уақыт өте келе әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар қатарынан шығуға ұмтылуы керек.
Бүгінде әрбір отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы отбасының цифрлық картасы негізінде анықталады.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік деректер базаларынан мәлімет жинап, отбасының жағдайын бірнеше бағыт бойынша бағалайды. Шамамен 51 белгі бар. Соның ішінде жұмыспен қамту, табыс, жылжитын және жылжымайтын мүлік, кредитердің бар-жоғы, білім деңгейі және тағы басқа мәліметтер бар. Осылайша, жүйе бәрін талдап, адамның және отбасының әлеуметтік санатын анықтайды, – дейді министр Ертаев.
Бұдан былай отбасының немесе адамның әлеуметтік санаты емес, мұқтаждық тобы болады.
А тобы – жоғары деңгей;
В тобы – ауқатты деңгей;
С тобы – қанағаттанарлық деңгей;
D тобы – экономикалық осал деңгей;
Е тобы – экономикалық және әлеуметтік осал деңгей.
«А» және «В» тобына кіргендерге жәрдемақы берілмейді. Әрбір отбасының әлеуметтік-экономикалық тобы ай сайын тексеріледі. «В» тобына кіретіндер белгілі бір себептермен «С»-ға түсіп кетсе, автоматты түрде жәрдемақы тағайындалады.
Заң бойынша 2027 жылы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер жәрдемақы алушы және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттер бойынша ақпаратты да ұсынады. Соның аясында отбасының табысы мен кірісі ескеріледі екен.