Жылдың жаз мезгілі жақындағанда суға шомылу маусымы басталып, су жағалауына баратын адамдар саны жиілейді. Осы ретте су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күнделікті рейд жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте құтқарушылар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырғанымен, қайғылы оқиғалардың болуы өзекті мәселеге айналып отыр.

Күздің келуімен және суық мезгілдің басталуымен көптеген аймақтар шомылу маусымын қорытындылай бастайды, ол әдетте жағажайлар мен бассейндердің жабылуымен аяқталады. Бұл процесс қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және келесі маусымға дайындалуға бағытталған әртүрлі шаралармен бірге жүреді. Осы орайда Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау майоры Бабаев Ғабит Әбдінәбиұлымен суға түсу маусымының аяқталуы туралы сұхбаттастық.

– Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы статистика қандай?

– Қала аумағындағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде жасөспірімдердің әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауының алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар басқармасымен тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 1 жағдай тіркеліп, 2 жаөспірім суға түсу маусымы кезінде қаза болды. Сонымен қатар өткен 2023 жылы қала аумағындағы су айдындарында 2 жағдай тіркеліп, 2 адам қаза болды, оның 1-і бала.

– Су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз…

– Суға түсу маусымы басталғаннан бері Басқарма қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында 270 рейд өткізіп, 5350 азаматқа судағы қауіпсіздікті түсіндіріп үнпарақтар таратты. Қала аумағында адам көп шоғырланған орындарда (Арай сити молл ойын-сауық орталығы, Жаңа базар, Ескі базарларға және темір жол автовокзалдарға) дауыстық зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Үстіміздегі жылы қала аумағында су айдындарында қауіпсіздік ережелері бойынша республикалық, облыстық телеарналарда, радиода су айдындарындағы қауіпсіздік және балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша сөз сөйленді, сондай-ақ баспа басылымдарында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 5 мақала жарияланып, басқарманың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында 52 бейнеролик пен 61 мақала жария етілді. Биылғы жылғы суға шомылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу барысында Қызылорда қаласында орналасқан қауіпті аймақ зерделенді. Нәтижесінде 18 қауіпті аймақта «Суға түсуге тыйым салынады» деп ескерткен 30 ескертпе тақтайшалар жаңартылып, қала аумағында барлығы 78 тақтайша орнатылды. Сонымен қатар Қызылорда қаласында орналасқан «Kinoplexx» және «Жібек жолы» ойын-сауық сауда үйінде орналасқан кинотеатрда әр сеанс басталар алдында 50 секундтық «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.

– Су айдындарында ересектер мен балалардың қаза болуының басты себептері…

– Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу болып табылады, атап айтсақ: өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі; масаң күйде суға түсу; қайыққа жабысу және қайық бортынан секіру; ересектердің бақылауынсыз балалардың су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда. Су айдындарында жасөспірімдердің қайғылы жағдайларға ұшырауын болдырмау мақсатында Басқарма қызметкерлері суға шомылуға тыйым салатын 18 қауіпті аймақта шомылу фактілерін анықтау бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізді.

– Қала аумағында орналасқан қанша қауіпті учаскілер бар және түсуге рұқсат етілген орындар бар ма?

– Қала аумағында 18 қауіпті учаскі орналасқан. Сонымен қатар суға түсуге арналған екі аймақ белгіленген, яғни «Сыр самалы» және «Сыр толқыны» болып табылады. Яғни бұл аталған аймақтар «Сыр самалы» Арай мөлтек ауданында орналасқан ақылы демалыс аймағы болып табылады. «Сыр толқыны» орналасқан жері Көксу демалыс аймағы болып табылады.

– Суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен жағдайда қандай шара қарастырылған?

– Басқарма қызметкерлері және Қызылорда қаласы әкімдігінің қызметкерлері, Полиция басқармасы қызметкерлері, Ұлттық ұлан қызметкерлерімен күнделікті сағат 13:00 мен 20:00 аралығында рейдтік жұмыстар жүргізілуде, осыған байланысты қала аумағында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 412 бабынына сәйкес бекітілмеген су айдындарында суға түскені үшін 10 жеке тұлғаға хаттама толтырылып, айыппұл шарасы көрілді. Қалалық полиция басқармасымен бірлесіп суға шомылу маусымы кезеңінде ҚР ӘҚБтК 364 – бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 81 адамға ескерту шарасы көрілді.

– Балалардың қауіпсіздігі бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?

– Бүгінгі күнге дейін қала аумағында орналасқан 17 колледждің 1870 студентіне, 56 мектептің 8650 оқушысына, сондай-ақ 560 ата-анаға «Су айдындарындағы қауіпсіздік» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қала көлемінде «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша 48 интерактивтік сабақ өткізіліп, 56 мектептің басшылары мен мұғалімдеріне судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде сабақ өткізілді. Білім беру саласындағы бағдарламалық қамтамасыз ету республикалық «Kundelik.kz» платформасында Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ескертетін ақпараттық жадынамалар орналастырылды (барлық мектеп оқушылары және олардың ата-аналарымен күнделікті пайдаланылатын қолданыстағы платформа). Сонымен қатар Евразия спорт кешенімен меморандум келісім шарты жасалды. Бұл бастама арқылы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларын суға жүзуге тегін үйрету жұмыстары жүргізілуде.

– Атқарылып жатқан іс-шаралар қай уақытқа дейін өз жалғасын табады?

– Қала аумағында суға түсу маусымы басталған ерте көктемде біршама жұмыстар жасалды. Осы орайда рейдтік іс –шаралар қыркүйек айының 20-на дейін жалғасын табады. Осымен қатар қала қонақтары мен тұрғындарына тек белгіленген орындарда суға түсуге кеңес беремін және балаларыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймын.

Сұхбаттасқан: Мұхаммедшах КАЮП

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған