Коллаж: freepik, freepng, Igors Jefimovs/Wikimedia Commons
АСТАНА. KAZINFORM – Адам денсаулығына ең үлкен қауіп төндіретін экологиялық қатерлердің бірі – атмосфералық ауаның ластануы. Орталық Азия елдерінде ауадағы PM2.5 концентрациясы шекті деңгейден әлдеқайда асып кетіп отыр. Өңірде бұл проблема қалай шешімін таппақ? Kazinform меншікті тілшісінің материалынан оқи аласыздар.
Декарбонизация және Қазақстан қалаларын көгалдандыру
Қазақстанда 2023 жылы ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2,5 млн тоннаны құрады. Өнеркәсіп салалары бөлінісінде электр энергетикасына 37%, тау-кен металлургия секторына – 30%, мұнай өндіруге – 20%, басқа салаларға – 13% келеді.
Республика қалаларында атмосфералық ауаның ластануының негізгі себептері ЖЭО, қазандықтар секілді жылу көздері, өнеркәсіп, ескірген кәріз-тазарту құрылғылары, автокөлік және жеке сектор.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі өндірістік объектілерден қоршаған ортаға шығарындыларды азайту мақсатында ең ірі 50 өнеркәсіптік кәсіпорын үшін шығарындыларды 20%-ға төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
2021 жылғы қаңтарда елде жаңа Экологиялық кодекс қабылданған болатын. Оның негізгі қағидасы – «кім ластаса, сол өтемақы төлейді әрі қалпына келтіреді».
Өзгерістер бірінші санаттағы ірі нысандарға кешенді экологиялық рұқсаттарды қолдануды және осы жылдан бастап үздік қолжетімді технологиялар механизмін енгізуді көздейді. Үздік қолжетімді технологияларды енгізген компаниялар эмиссия төлемінен босатылады. Ал қалған компаниялар үшін 2028 жылдан бастап әр үш жыл сайын шығарындылар үшін төлем 2, 4, 8 есе кезең-кезеңмен өсіп отырады.

Фото: Pixabay
ҚР Экологиялық кодексінің 186-бабына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі өндірістік кәсіпорындар өлшеу құрылғыларын орнатуға міндеттеледі. Ол құрылғылар ауаға бөлінген шығарындыларға уақтылы мониторинг жасап, қоршаған орта және табиғи ресурстар жөніндегі Ұлттық мәліметтер банкіне деректерді жеткізуге мүмкіндік береді. 2024 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша, кәсіпорындардың 60% жуығы осындай құрылғыларды орнатып, ластайтын заттар концентрациясы жөнінде мағлұматтарды әр 20 минут сайын жіберіп отырады. Кәсіпорындардың тағы 20% ол жүйеге қазір қосылып жатыр.
2023 жылғы ақпанда Қазақстан Президенті 2060 жылға дейінгі ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің стратегиясын бекітті. Оның мақсаты – 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15 %-ға қысқарту және экономиканы көміртексіздендіруге халықаралық қолдау алған жағдайда қысқартуды 25 %-ға жеткізу.
Қазақстан атмосфераны ластайтын заттарды азайту мақсатында жаңғыртылатын энергия көздерін дамытып жатыр. Елде 148 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты – 2903,7 МВт.
Сонымен қатар қалаларды көгалдандыру және өнеркәсіп аймақтарының айналасында «жасыл белдеу» қалыптастыру да ауаны тазартуға септігін тигізуде. 2024 жылғы сәуірде елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ол Қазақстандағы экологиялық ахуалды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау мәселесіне азаматтарды тартуға бағытталған. Акция аясында бір жыл ішінде 1,6 млн ағаш отырғызылып, 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналды, жалпы 6,2 млн қазақстандық бұқаралық акцияға қатысты.
Қырғызстанды газдандыру және экологиялық көлік
ЮНИСЕФ зерттеуіне сәйкес, Қырғызстанда халыққа жыл сайын PM2.5 қатты бөліктерінің әсері адам денсаулығына зиян тигізбейтін шектен шамамен 3,6 есе көп. 2021-2022 жылдары осының салдарынан 112 өлім тіркелген, ал экономикаға келген залал 2 млрд сом немесе $24,9 млн деп бағаланып отыр.
Экологиялық ахуалды жақсарту үшін мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Бұл жерде негізгі бағыттардың бірі – энергетика секторын жаңғырту. Дүниежүзілік банк жеңілдік беріп, осы саладағы жобаны қаржыландырды.
Елде табиғи газ секілді экологиялық таза отын түрлеріне көшу, жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу бағытында жұмыстар қолға алынуда. Ауа сапасын жақсарту үшін көмір жағатын үйлер газдандырылып жатыр. «Газпром Қырғызстан» компаниясының мәліметінше, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында елдегі газдандыру деңгейі 40%-ға жетті. Газ желілеріне қосылу үшін жеңілдетілген несие беріледі. Бұл бағытқа үкімет жыл сайын 1 млрд сом бөліп отырмақ (шамамен $11,5 млн).

Фото: Pexels
Бішкектегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2024 жылы газ-мотор отынымен жүретін 1000-нан астам автобус сатып алынды. Олардың әрқайсысы 4 дизельдік шағын автобустың орнын басады. Осылайша дизель отынын жағу тәулігіне 200 тоннадан аспайтын болады.
2024 жылғы сәуірде ел тұрғындарын электромобиль айдауға ынталандыратын заң қабылданды.
Өзбекстанда ауа ластану рейтингісі енгізіліп, мазутқа тыйым салынды. Өзбекстанның ірі қалалары мен Ташкенттегі ауаның ластануын электр және жылу энергиясы көздері, сондай-ақ сапасы төмен жанармаймен жүретін автокөліктер, бас жоспарсыз құрылыс жұмыстары мен заңсыз ағаш кесу ушықтырып отыр. Өзбекстан астанасындағы орташа жылдық PM2.5 концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы белгілеген (5 мкг/м3) деңгейден алты есе жоғары.
Бұл проблеманы шешу үшін құрылыс материалдарын шығаратын, энергетика және металлургия кәсіпорындарының айналасында «жасыл белдеу» құру көзделген. Онда 10 млн ағаш егу жоспарланған, ауданы 5 гектар болады. 2025-2030 жылдары Ташкентте және соған іргелес аудандарда 3 мың гектар «жасыл белдеу» мен 200 гектар саябақ салынады.
2024 жылға 1 сәуірден бастап елде өңірлердегі ауа, су және қоршаған ортаның ластануын есептейтін рейтинг енгізілді. Көліктен зиянды шығарындыларды азайту мақсатында 2025 жылғы 1 наурыздан бастап кезең-кезеңмен 2030 жылға дейін «Экологиялық көлік» жүйесі енгізіледі. Оның аясында ауаға шығаратын зиянды заттардың көлеміне байланысты авто және мотокөліктерге жасыл, сары және қызыл түсті экологиялық стикерлер жапсырылады.
2024-2030 жылдарға арналған Шаңды дауылдар және оның салдарымен күрес жөніндегі ұлттық бағдарламаға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ташкентте орнатылған арнайы монитор мен таблоларда ауаның ластану деңгейі мен гидрометеорологиялық мәліметтер жарияланып отырады.

Фото: Марат Наджибаев / UzNews.uz
Ал 2028 жылдан бастап Өзбекстанда «Еуро – 4» стандартынан төмен мотор жанармайына(«АИ-80» бензин маркасы) біртіндептыйым салынады. 2030 жылдан бастап Ташкенг пен оның іргесіндегі аумақтарда жылу және электр энергиясын өндіретін кәсіпорындарда мазутты пайдалануға тыйым енгізілмек. Бұдан бөлек, көмір жағатын жылыжайларға шаңды ұстап қалатын және газ тазартатын құрылғыларды орнату үшін субсидиялар беріледі.
Ташкенттегі қоғамдық көлік электр энергиясына және газға ауыстыру, сондай-ақ метродағы вагон санын арттыру шаралары бекітілді.
2023 жылы Ташкентке Қытайдан 300 электробус пен сұйытылған газбен жүретін 700 автобус сатып алынды, Самарқанд қаласына тағы 350 электробус алу жоспарланған. Кейінгі екі жылда 3148,2 км теміржолға электр энергиясы тартылды. 2022 жылғы қаңтардан бастап «Еуро-4» экологиялық талаптарына сай келмейтін бензинмен және дизельмен жүретін автокөліктерді импорттауға тыйым салынған. Сонымен қатар халықты электромобильдерге отырғызуды ынталандыратын бағдарламалар бар. Яғни, электрокар алатындар кедендік баждан, акциз салығынан және көліктік төлемдерден босатылады. Көліктің жалпы кедендік құнынан 12 пайызды құрайтын ҚҚС төлесе жеткілікті.
Өзбекстанда жалпы өндірілетін электр энергиясы көлеміндегі ЖЭК үлесін 40%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды. Бұл жыл сайын 25 млрд текше метр табиғи газды үнемдеуге және атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемін 34 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. 2023 жылы Өзбекстанның алты өңірінде бес күн және бір жел электр стансасы іске қосылды. Күн панельдерін орнатқан жеке тұлғалар жер және мүлік салығын үш жыл төлемейді, ал кәсіпкерлер бұл салықтан 10 жылға босатылады.
Тәжікстандағы ормандарды қалпына келтіру және ЖЭК дамыту
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Тәжікстан халқына шаққандағы орташа жылдық PM2.5 концентрациясы 35,93 мкг/м3 құрады, бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл ДДСҰ мақсатты көрсеткішінен (5 мкг/м3) де, тіпті ЕО елдері арасындағы ең жоғары мәннен (25 мкг/м3) де әлдеқайда көп.
Елде атмосфераның ластануы 4800 өлімге себеп болған. Негізінен бұл жүрек ауруы (51%) мен инсульттың (27%) әсерінен болып отыр. Денсаулыққа кері әсер ететін тағы бір себеп – озон қабаты, оның үлесіне 60-тан 230 өлім-жітімге дейін тиеді. Осының салдарынан елдің денсаулық сақтау саласына жұмсайтын шығындары ЖІӨ-нің 4%-н құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарынан айырылу және мұздықтардың еруін де ауа сапасы нашарлауының салдары ретінде атауға болады.
Ауа ластануы проблемасын шешу жолы ретінде жергілікті билік энергетика мен көлік секторында таза отын түрлеріне көшу шараларын қарастырып жатыр. Осылайша елге кіргізілетін электромобильдер кедендік баждан босатылады, сондай-ақ 2013 жылға дейін шығарылған көліктерді пайдалануға тыйым салынған.
Тәжікстанда 2016-2030 жылдарға арналған орман шаруашылығын дамыту стратегиясы әзірленген, орман алқаптары қалпына келтіріліп жатыр.

Фото: Максат Шағырбаев/ Kazinform
Тәжікстанның оңтүстігінде Корея Республикасының қолдауымен шаңды тоқтату үшін 300 гектардан астам аумаққа сексеуіл егілді. Өйткені сексеуіл топырақты желден қорғайды, құмды сақтап қалады, жел эрозиясының алдын алады.
Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия елдері өз аумағында ғана ауаның ластануы проблемасын шеше алмайды, себебі бұл мемлекеттік шекараға қарамайтыны түсінікті. Бір елде ауаға шығарылған зиянды заттар басқа елде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан елдер арасындағы байланыс пен ортақ күнтәртібін қалыптастыру маңызды.
Мамандардың пікірінше, Орталық Азия елдеріндегі ауа сапасын басқару — мүдделі тараптар мен халықаралық әріптестерді тарта отырып, жергілікті, ұлттық және өңірлік деңгейлерде бірлесіп әрекет етуді талап ететін күрделі проблема.
2019 жылы жарияланған Жаһандық аурулар зерттеуіне сәйкес, ауаның ластануы салдарынан адам денсаулығына келетін дүниежүзілік деңгейдегі шығын $8,1 трлн жетеді, бұл дегеніміз әлемдік ЖІӨ-нің 6,1%-н құрайды.
Дереккөз: https://kaz.inform.kz/news/ortalik-aziyada-auanin-lastanui-problemasi-kalay-sheshled-633cd0/