«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан ұлағатты сөзі. Ел Президентінің тапсырмасымен 23-ші сәуір Ұлттық кітап күні болып ресми түрде белгіленді. Бұл – еліміздің күнтізбесіне енген атаулы күндер қатарын толықтырған тағы бір мағыналы мереке.
Осыған орай 16–23 сәуір аралығында республика көлемінде Кітап апталығы өткізілуде. Бұл апта бойы кітаптың қадірін арттырып, оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.
Кітап – ұлттың рухани байлығы, ұрпақ санасына сәуле шашатын тәрбиенің, білім мен мәдениеттің бастау бұлағы. Ұлттық кітап күні – кітапты қадірлейтін, білім мен руханияттың маңызын терең түсінетін барша жұртшылық үшін ерекше күн. Себебі әрбір жазылған кітап – келешекке қалдырылған құнды мұра, ал оны оқыған жан – саналы қоғамның айнасы.
Мерекелік күн аясында Қызылордада Қазақстанның мәдениет қайраткері Тілеген Бекарыстановтың «Аян мен ақиқат» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап кейіпкері – Мыңжасар қажы Жалғасбайұлы, ал кітаптың жарыққа шығуына бастамашы болған – Жеткерген Сүлейменов. Бұл шығарма – ұлттық болмыс, шындық пен адамдық қадір-қасиет туралы терең толғам.
Қаладағы С.Майханова атындағы Мәдениет үйінде өткен салтанатты шара шын мәніндегі рухани тойға айналып, қабырғаға ілінген кітап мұқабалары мен әсем безендірілген плакаттар арасында қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Алқалы залда домбыра мен фортепиано үнімен ашылған концерттік бағдарлама кітап оқудың мәнін әнмен, өлең жолдарымен жеткізді.
№1 кітапхана мен С. Майханова атындағы мәдениет үйі бірлесіп ұйымдастырған салтанатты шара концерттік бағдарламамен ашылып, одан әрі қалалық кітапханалар жүйесінің кітапханашыларына арналған тәжірибе алмасу семинарымен жалғасты.
Шара барысында қалалық кітапхана бөлімінің басшысы Рахметова Гүлмира құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана маңыздылығына тоқталды.
Кітап – адамзаттың ең ұлы жетістіктерінің бірі. Кітапханалар – сол рухани байлықты жинақтап, сақтап, халыққа жеткізетін алтын көпір. Бүгінгі ұрпақ кітаппен достасса ертеңгі елдің еңсесі биік болмақ. Біз, кітапханашылар – тек кітап беруші ғана емес, рухани тәрбиеші, білім мен мәдениеттің жолбасшысымыз. Кітап оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз. Ұлттық кітап күні – әрбір оқырман үшін ерекше шабыт сыйлайтын, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыратын мереке – деді ол.
Осы жылы лебіздер мен пікір алмасу аясында кітапхана мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, болашақ жобаларға арналған идеялар ұсынды. Кітап мерекесі! Бұл күн әрбір азаматты кітап оқуға, білімге ұмтылуға, рухани биіктікке талпынуға үндейді. Оқырман жүрегіне жол тапқан әрбір кітаптың ғұмыры ұзақ болғай!
Қ.КҮЛМИШЕВА