Қызылорда облысының 85, Арал ауданының 95 жылдығы аясында Қамыстыбас ауылдық округінде 130 орындық балабақша ашылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысып, жерлестерін қос мерекемен құттықтады.

«Президент өз сөзінде: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалығы, бұл – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Аралда балабақша салуда кәсіпкерлер аса белсенді. Өткен жылы кәсіпкерлердің бастамасымен 4 жеке балабақша пайдалануға берілсе, биыл да бұл жұмыс жалғасын табуда. Бүгін – кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналар үшін қуанышты күн. Осы ауылдың тұрғыны, жеке кәсіпкер Азат Балмырзаева жеке қаржысына 130 орындық заманауи жабдықталған балабақша салды. Туған жерді түлетуге үлес қосқан кәсіпкерге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бұл орталықтан талантты, дарынды, елдің ертеңі болатын жас ұрпақтың тәрбиеленіп шығатынына сенемін», – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада ауыл ардагері Аманкелді Есенбаев жиналғандарға ақ батасын берді.

Нұрлыбек Машбекұлы балабақшаны аралап көрген соң ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аймақта қолға алынған, атқарылған жұмыстар туралы, Арал ауданындағы игі бастамалар жайлы айтты.

Еске салсақ, өткен жылы Арал ауданының Тоқабай, Жақсықылыш, Бөген елді мекендері мен Арал қаласында жаңа балабақшалар салынды. Ал, бүгін бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан тәрбие ұясы – осы елді мекендегі алғашқы балабақша. Мекемеде 41 адам жұмыспен қамтылады.

Биыл облыстағы 4 мектептің 1850 орындық қосымша ғимараттары және 5 мектеп пайдалануға берілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 21 мектептің 10-ының құрылысы басталуда, қалғаны 11 білім ошағы алдағы жылға жоспарланған. Сонымен қатар, облыс орталығында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат пен Оқушылар үйі салынуда.

Мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысатын 680 ұйымға 54 мыңнан астам бала барады. Өңірде 2-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 89 пайызды құрайды.

Биыл 1 қыркүйектен бері мемлекеттік және жеке балабақшаларда қызмет ететін 6395 тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға артты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған