Шекарамыз шегенделіп, тәуелсіз ел атанамын дегенше талай бұралаң жолдар мен өткелі қиын, өкпегі көп кезеңдерден өткеніміз тарлан тарихтан белгілі. Миллиондаған халқы болса да мемлекетсіз, табан тірер туған топырақсыз жүрген ұлттар қаншама. Қанға біткен қайсар мінез бен ұлттық рухты асқақтатқан ержүрек батыр бабалар мен бүгінгі қуатты армиямыз егемен елдің еңсесін биіктетіп келеді.

Бүгін еліміз үшін ең айбынды мереке — Отан қорғаушылар күні. Атаулы дата аясында «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігі мен Үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне» орай мерекелік құттықтау шарасы өтті.

Айбынды мерекеге орай ұйымдастырылған шараға аймақтың бірқатар азаматтық сектор өкілдері, мемлекеттік орган қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастар қатысты. Жиында аймақтың азаматтық саласында жастар бойында патриоттық тәрбие қалыптастыру бағытында еңбек етіп жүрген ардагерлерге арнайы қоғамдық даму басқармасы басшысының құттықтауы табысталды. Сонымен қатар «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің атынан алғыс пен сый-сияпат ұсынылды.

Сонымен қатар, шараға «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының жанындағы шығармашылық үйірме өнерпаздары қатысып, домбырамен күй шертіп, өз өнерлерін ортаға салды. Жиын соңында ардагерлер ел азаматтарын мерекемен құттықтап, шара ұйымдастырушыларына ерекше алғыс айтты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған