Жалағаш ауданы әкімі Ерлан Төрәлиев аудандық емхананың жұмысымен танысып, ғимараттың жылу беру жүйесін аралап көрді. Медициналық мекеменің қысқы маусымға дайындығын тексеріп, жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне назар аударды.
Аудан әкімі денсаулық сақтау нысандарының қалыпты жұмыс істеуі, әсіресе қыс мезгілінде емделушілер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалуы маңызды екенін атап өтті. Емхананың жұмысымен танысқан аудан басшысы ем алушыларға қолайлы жағдай жасауды, медициналық қызметтің сапасын арттыруды және жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жауапты мамандарға тапсырды.
Сондай-ақ аудан әкімі Ерлан Төрәлиев Жалағаш аудандық полиция бөлімінің және бөлімдегі жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты. Орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуын көрген аудан басшысы бейнебақылау жүйесінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Қазіргі таңда жедел басқару орталығы арқылы аудан аумағындағы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі бақыланады. Орталыққа 102 бейнебақылау камерасы қосылған, оның 32-сі айналмалы камера. Бұл жүйе құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі құқық қорғау саласының жұмысын жетілдіру, бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар ұсынысын білдіріп, жедел басқару орталығының маңыздылығына тоқталды.