Қызылорда қаласындағы СПМК-70 шағын ауданында 1500 орындық «Келешек мектебінің» ашылу рәсімі өтті. Оған елдің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.

Оқу-Ағарту министрі Ж.Сүлейменова:

Бүгінгі таңда Қызылорда облысы білім саласында да өте жақсы көрсеткіштерге ие. Мұғалім шебер, мұғалім зерттеуші, мұғалім эксперт санаттарын дәлелдеу тұрғысынан да Қызылорда оқ бойы озық тұр. Бұдан бөлек республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалардың жетістіктері бойынша да Қызылорда облысы көш басында. Бұның барлығы нені көрсетеді? Мұның барлығы Қызылорда облысында сапалы білімге көңіл бөлінетіндігін, ата-аналар мен ұстаздардың осы бағыттағы үлкен еңбегін көрсетеді.

Аймақ басшысы қала тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін айтты.

– «Президентіміз «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы», деген болатын. Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.

Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асуда. Аймағымыздың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге бөлінді. Өткен жылы 31 млрд. 800 млн. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.

Баршаңызды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Жаңа мектеп әрбір оқушының асыл арманын оятатын, биік мақсатқа жетелейтін ізгі орын болсын! Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыздың қатары көбейсін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қызылорда облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд. 391 млн. теңгеге 10 жаңа мек­теп салынды. 2023 жылдан бері 5 млрд. 700 млн. теңгеге 9 мектептің жаны­нан қосымша ғимарат бой көтерді. Бұл арқылы өңірдегі үш ауысымдық мектеп­тер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

​Салтанатты шарада білім беру сала­сының дамуына елеулі үлес қос­қан ұстаз қауымы мен «Келешек мектебін» сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Абдуламитұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті Азаматы Мұрат Бақтиярұлы рәсімге қатысушыларды құттықтап, ізгі тілек білдірді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған