Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті.
Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталамын.
Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз.
Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық.
Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.
Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ.
Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді.
Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор.
Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті.
Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек.
Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет.
* * *
Интернет қоғамдық санада тұтыну мен көңіл көтерудің ғана емес, жасампаздық пен еңбектің виртуалды аумағына айналуы керек.
Смартфондар азаматтарымыз үшін уақытты зая өткізетін қымбат ойыншық емес, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құралға айналуға тиіс.
Үкімет жыл соңына дейін цифрлық форматта жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады.
Халықтық цифрлық экономика құру үшін адамдардың мүмкіндіктері тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы өте маңызды.
Азаматтарымыз ауылда немесе қалада тұрса да, смартфон арқылы заңды табыс табуды үйренуге тиіс.
* * *
Пайдасыз пікірталасқа уақытымыз жоқ. Елді дамудың даңғыл жолына салатын шешімдер қажет. Салық кодексі қатып қалған қағида не қасиетті кітап сөзі емес. Заң өмірдің шындығынан алшақ кетпеуге тиіс.
Сондықтан қайшылықтарды жойып, екіұшты түсіндірілген нормалардан арылу керек. Кәсіпкерлерге салмақ түсіретін артық жүктемені азайтып, сыңаржақ тұстарын алып тастаған жөн.
Салық жүйесі бизнестің дамуға деген ынтасына бөгет болмауы керек. Сондай-ақ инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмегені дұрыс.
Сондықтан Үкіметке бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асып, салық заңнамасына енгізілетін нақты өзгерістер легін әзірлеуді тапсырамын.
Кәсіпкерлердің жұмыс істеу қағидаларын өзгерте бермеу үшін бұл істі барынша байыппен жүргізу керек.
* * *
Салық кодексі қатып қалған қағида не қасиетті кітап сөзі емес. Заң өмірдің шындығынан алшақ кетпеуге тиіс.
Сондықтан қайшылықтарды жойып, екіұшты түсіндірілген нормалардан арылу керек. Кәсіпкерлерге салмақ түсіретін артық жүктемені азайтып, сыңаржақ тұстарын алып тастаған жөн.
Салық жүйесі бизнестің дамуға деген ынтасына бөгет болмауы керек. Сондай-ақ инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмегені дұрыс.
Сондықтан Үкіметке бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асып, салық заңнамасына енгізілетін нақты өзгерістер легін әзірлеуді тапсырамын.
Кәсіпкерлердің жұмыс істеу қағидаларын өзгерте бермеу үшін бұл істі барынша байыппен жүргізу керек.
* * *
Салық салудағы әділеттілік мәселесіне арнайы тоқталғым келеді.
Бай-бағландарға арналған жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылайтын кез келді деп санаймын.
Тағы да атап өтемін. Ешкім заңды түрде тапқан активке қандай да бір жолмен шектеу қойғалы жатқан жоқ. Бұл Конституция талаптарына қайшы болар еді.
Әңгіме әділеттілік туралы, яғни әр азаматтың ел дамуына лайықты, адал үлес қосуы жөнінде болып отыр.
Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстарын беруі қажет.
* * *
Ең алдымен, суды тиімді және үнемдеп пайдалану қағидаттарының жаппай сақталуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі заманда бұл ресурстың мән-маңызы айрықша.
Үкімет пен әкімдіктер суды пайдалануға бақылауды күшейту керек. Түрлі желідегі, сондай-ақ, көлік жуу орындарындағы су шығынын азайтып, ауыз судың жөнсіз пайдаланылуына жол бермеу қажет. Ауыз суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар.
Менің тапсырмаммен Үкімет су пайдалану саласында ауқымды тарифтік реформаны қолға алды. Оны соңына дейін жеткізу керек.
Суды үнемдеп пайдалану бәріне ортақ міндетті қағида болуға тиіс.
*
Өткен онжылдықтарда әлеуметтік көмекті шамадан тыс көбейту есебінен мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жасырып-жабу, яғни азаматтардың көңілін табу қалыпты дүниеге айналды.
Мемлекет ресурсы желге ұшты, тіпті жағдайы жақсы отбасылар да жәрдемақы алды. Осы кезде мектептер мен ауруханалар тапшылығы ұдайы ұлғайып отырды.
Бұл қоғамда патернализм мен масылдық көңіл-күйдің күшеюіне түрткі болды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде ашықтан ашық тонау және сыбайлас жемқорлық белең алды.
Негізсіз жеңілдіктер мен жәрдемақылардың тым көптігі – институционалдық шалағайлықтың, керек десеңіз, мемлекеттік аппараттың әлсіздігінің белгісі. Бұл – елдің жарқын келешегін қамтамасыз ету ісінде көрегенділік жетіспейді деген сөз. Мұны түсінген абзал.
Адамдарға бюджет қаражаты есебінен қамқорсынған сыңай таныту – барып тұрған популизм. Осының салдарынан халық мүддесіне қарсы, елдің орнықты дамуына тұсау болатын түрлі алаяқтық істер бүркемеленіп келді.
Бүгінін ғана ойлайтын адамдардың түсінігі осындай болады. Олар стратегиялық және мемлекеттік көзқарас тұрғысынан пайымдай алмайды.
Сондықтан әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарап, уақытша түйткілдерді реттеуден гөрі стратегиялық мақсаттарға жетуге баса мән беру қажет.
Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы.
Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде.
Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда.
Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды.
Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс.
Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек.
Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз.
Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.
* * *
Негізі, мемлекеттік бақылау барынша еркін, еш қысымсыз жүргізіледі. Алайда, бұл жүйе айыппұлдар, жоспардан тыс тексерістер және шотты бұғаттайтын камералық бақылаулар арқылы кәсіпорындардың жұмысына ықпал етіп отыр.
Мұны жағымды үрдіс деп айту қиын.
Бір қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер жасаған заң бұзушылықтар саны 34 пайыз қысқарған. Дегенмен, айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға ұлғайған, ал жоспардан тыс тексерістер ондаған есе көбейген.
Бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек екенін іскерлік белсенділікке қатысты жүргізілген талдау анық көрсетіп отыр.
Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.
Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.
Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек».
Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.
* * *
Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.
Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз.
Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет.
Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.
Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет».
***
«Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар.
Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақытылы қолдау көрсетуі керек.
* * *
Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек.
Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру.
Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады.
Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.
Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек.
Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет.
Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ.
Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.
* * *
Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.
Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.
Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алады.
Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет.
* * *
Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік. Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістер мен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек.
Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.
Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз. Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ.
***
Біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз.
Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды.
Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.
***
Біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.
* * *
Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет. Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр.
Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет.
«Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.
* * *
Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап.
Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін озық технологиясы бар, қажетті сараптамалық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігі зор әлемнің жетекші компанияларын, солардың ішінде отандық компанияларды да тартқан жөн.
Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс.
Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет. Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ.
Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді. Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек.
Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек.
Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген.
Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен «Бәйтерек» холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар. Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастырады.
* * *
«Енді шағын және орта бизнес туралы пікірімді айтқым келеді.
Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр.
Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады. Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып жүрміз. Сонымен қатар Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.
Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар.
Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек. Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз. Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз.
Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады.
* * *
Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді. Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау. Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын.
Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет.
Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді.
* * *
Біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары.
Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс. Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай орнықты деңгейде. Оған дәлел: еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асты.
Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге жетті.
Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көрсетеді. Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға пайдалану.
Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан
28 қараша, 2026.